8 қазанда Ауғанстанның Құндыз қаласындағы мешітте жойқын жарылыс болып, 120-дан астам адам мерт болған еді. Жараланғандар саны 300-ден асып кеткен. Кейін бұл терактінің жауапкершілігін ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) тобы өз мойнына алды. Сөйтіп, «Талибан» мен ДАИШ-тың текетіресі жаңа деңгейге көтерілді.
«Хорасан халифатын» армандағандарға қарсы тұрды
Қазақстанда экстремистік ұйымдар ретінде танылған осынау екі топтың арасындағы текетірес биыл тамыз айынан кейін қайтадан күшейді. Дегенмен олардың алғашқы қақтығысы 2015 жылдың қаңтарынан басталған болатын. Сол жылы Ирак пен Сирияда әбден күшейген ДАИШ Ауғанстаннан да бөлімшелерін ашып, бекініп алмаққа ұмтылған. Тіпті, «Ұлы Хорасан» дейтін атау да берген. Бірақ Кабулдың ресми билігінен гөрі «Талибан» қозғалысынан қатты қарсылық көрді. ВВС сол кезде «Талибан» жетекшілері дала командирлеріне ДАИШ-ке қарсы ұрыс салуға жасырын бұйрық бергенін жазады. Алайда британдық журналистер «Ұлы Хорасан уалаятын» құруды армандаған ДАИШ топтарының жетекшілері бұрын «Талибан» құрамында болғанын алға тартты. Яғни, Ауғанстанға ДАИШ топтары сырттан келмегенге ұқсайды. «Тәліптерден» көңілі қала бастаған кейбір экстремистер Ирак пен Сирияда жатқан ДАИШ көсемдерімен байланысқа шығып, ұйымның бөлімшесін ел ішіндегі адамдармен жасақтағаны айтылады. Радикалдардың қатарын Өзбекстаннан, Шыңжаннан, Пәкістаннан қашқан экстремистер толтырғаны да сөз болды. Сөйтіп, 2015 жылғы көктемнен бастап «тәліптер» мен даиштықтар арасында кескілескен ұрыс жүрді. Әсіресе, Нангархар, Гильменд, Фарах және Забуль провинцияларында қатты ұрыстар болды.
Жалпы, «тәліптерден» бөлініп, ДАИШ-ке қосылғандарды екі түрлі себеппен байланыстыруға болады. Біріншіден, 2014-2015 жылдары ДАИШ Сирия мен Иракта әбден күшейді. Қаржысы да мол еді. Ирактың Мосул тәрізді ірі қалаларын басып алуы олардың шынында да қуатты күш екенін байқатқан. Ал «тәліптер» ол кезде әлсірегендей көрінді. Міне, дәл сол кезде «романтик-джихадистер» ДАИШ-ке қосылуға тырысты.
Екіншіден, 2015 жылы ДАИШ өз қол астындағы әрбір содыр үшін айына 500 доллар жалақы төлейтінін мәлімдегені бар. Ал «Талибанда» ондай мүмкіндік болған жоқ. Сондықтан ақшаға қызыққандар да «Ислам мемлекетінің» Ауғанстандағы бөлімшесінің қатарын толықтыруға тырысты.
Қызығы, текетірес ДАИШ жетекшілерінің «Талибанды» айыптаған видео таратуынан кейін басталған. Алдымен ДАИШ жетекшілері «Талибанды» Пәкістанның ведомствоаралық барлау қызметінің мүддесіне жұмыс істейтінін айыптап, оларға қарсы ұстанымын байқатқан. Ал «тәліптер» Әбу Бәкір әл-Бағдадидің атына 2015 жылғы 16 маусымдағы хатында «джихадтың балама майданын ашу» қажет емес екенін, қажет болса «Талибан» өздері бақылап отырған аймақтарды барын сала қорғайтынын жеткізген. Жауап та кешікпеді. Даиштықтар Хорасан аймағында «халифатқа мойынсұнбағандарды аямауға» бұйрық берген еді. Содан бері екі топ қырқысып келеді. Дегенмен дәл Ауғанстан жағдайында «тәліптердің» бәсі жоғары.
Қос экстремистік топтың қандай айырмашылығы бар?
Жалпы, әлемнің көптеген мемлекеті «Талибанды» да, ДАИШ-ті де экстремистік ұйымдардың қатарына қосқан. Тіпті, БҰҰ деңгейінде де бірқатар шешім қабылданғаны бар. Алайда соңғы кездері «Талибан» қозғалысын бұрынғысынан бөлек дейтіндер де шықты. Яғни, 20 жыл ішінде «тәліптердің» саяси амалдары да, кейбір ұстанымдары да өзгерген-мыс. Әрине, тамыздан бері Ауғанстанды билеп отырған топтың әзірге бұра тартқан қылығы байқала қойған жоқ. Құрамындағы радикал топтарды да ауыздықтауға тырысып бағуда. Содан да болар, соңғы кездері «Талибанның» ДАИШ-пен күресін қолдау керек екенін айтатын саясаткерлер пайда болды. Мәселен, өткен айдың соңында Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Талибанның» ДАИШ-ке қарсы күресін қолдау керек екенін айтты. Ал соңғысы болса тек Құндыздағы терактімен шектелген емес. Нангархар провинциясында, Джалалабад қаласында екі күннің бірінде ДАИШ мүшелері теракт жасап жүр. Тамыздан бері олар әжептәуір белсеніп келеді. Дегенмен «тәліптер» тағайындаған Ауғанстанның мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Забиулла Муджахид елдің барлық аймақтарында ДАИШ-ке қарсы операциялар ұйымдастырылып жатқанын айтты. Ал екі топтың басты айырмашылығына келсек, мәселе идеологияда жатқаны айтылады.
Сарапшылар ДАИШ барлық ислам мемлекеттері мен мұсылман халықтарды біріктіретін аса ірі құрылым жасақтауды қалайтын панисламдық ұйым екенін айтады. Олардың «халифат құрамыз» дейтіні содан. Ал «Талибан» қозғалысы өз идеологиясын Ауғанстан жерінен сыртқа тасымайтынын айтады. Әрі өңірде этникалық, діни қақтығыстың пайда болуына жол бермеуге тырысады. Ислам дінінің шейттік бағытын ұстанатындарға да қысым жасамауға тырысады. ДАИШ болса уаһабистік-салафилік бағыт ұстанады да, өздерінен басқасын діннен шыққандар қатарына қосады. Яғни, екі радикалды топтың саяси да, діни де ұстанымында қайшылық бар. Дегенмен біздің пайымдауымызша, ДАИШ содырлары «Талибанның» Ауғанстан билігіне қол жеткізіп, көптеген елмен диалог орната бастағанына күйінетін сияқты. Әрі мейлінше бейбіт ұстаным танытқысы келетін «Талибанды» әлемдік қауымдастық алдында масқаралауды көздейтіндер бар ма, кім білсін? Әйтеуір, ДАИШ «тәліптердің» мазасын алып-ақ жатыр. Оның үстіне, ДАИШ содырлары кәнігі амалдарына көшіп, тек жарылыс жасаумен шектеліп келеді. Сонымен бірге Ауғанстанның солтүстік аймақтарында «тәліптерге» бағына қоймайтын топтар көбірек шоғырланғаны айтылып жүр. Орталық Азия үшін қауіптісі де солар.
Ардақ СҰЛТАН
Дереккөзі: aikyn.kz