Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев көрнекті ағартушының тарихи-мәдени мұрасын сақтау мақсатында тиісті шешім қабылдады.
Жұмыс сапары барысында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев А. Байтұрсыновтың мұражай-үйіне барды. Қала әкімі мұражай-үйді қоғамдық қордан коммуналдық меншікке беру туралы шешім қабылданғанын айтты.
Келер жылы көрнекті ағартушы А. Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толады. Мерейтойға дайындық барысында қоғам қайраткері тұрған мұражай–үйді қала меншігіне қайтардық. Оның мұрасы мәңгілік сақталады, деп жазды Б.Сағынтаев өзінің Twitter-дегі аккаунтында.
ХХ ғасырдың басында салынған мұражай ғимараты республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ғимараттың жалпы ауданы – 160 ш. м. Музей аумағы абаттандырылып, нысан күрделі жөндеуден өтпек.
Ұлықбек Есдәулет – ҚР Жазушылар одағының төрағасы:
“Қазақ елінің, Алаштың тарихындағы айтулы күн деп есептеуімізге болады. Алматы қаласындағы музей-үйі ашылғалы бері қарай, мемлекеттік қамқорлыққа зәру болып келген еді. Алаштанушылардың, қазақ жазушыларының, ғалымдардың 28 жылдан бергі тілегі бүгін іске асты”.
Қаладағы мұражай кешенінің ашылғанына биыл 23 жыл болады. Онда ғалымның өмірі мен шығармашылығына қатысты 500-ге жуық жәдіргер сақталған. Айта кетейік, алдағы жылы ұлт ұстазының туғанына 150 жыл толады.