Маңғыстаулық шаруалар әкімдікке қол созып, ал әкімдік жем-шөп әкеліп озып отыр. Десе де көп шаруаның айтуынша, мал азығының бағасы қалтаға салмақ салады. Сондықтан да жергілікті шаруа қожалығының иелері жем-шөп бағасын төмендетуді сұрайды. Ал аудандарды аралап, қораларды жағалап жүрген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов болса, бағаның бірқалыпты екенін әрі өзгермейтінін айтты.
Жақында Ғалымжан Ниязовпен бірге Маңғыстау ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазбек Тәшімов, Маңғыстау облыстық ветеринария басқармасының басшысы Бердібек Марқабаев және Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Асқар Аққұлов шаруа қожалық иелерімен кездесті. Олар қорадағы төрт-түлікті түгендеп, шаруа иесімен тілдесіп, шешілмеген мәселеге құлақ түріп қайтты.
Аш болса да ақ шөпті ауызға алмайды
Алдымен «Сағындық» шаруа қожалығына жол түсті. Қазір ол 100-ден аса жылқы мен 74 түйені, одан басқа ұсақ малды бағып отыр. Жылқылары тіркеуде болған, соған сәйкес мал басына берілген бір реттік көмекті де алып үлгерген. Ал түйесін жақында ғана тіркеген.
«2008 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысамын. Бұған дейін 2014 жылы малдан айырылған едік, бірақ дәл мұндай қуаңшылық болмады. Қазір жердің жағдайына байланысты малды қолдан жемдейміз. Әкімдіктің көмектесуімен Батыс Қазақстан, Ақтөбеден жем-шөп алдырдық. Дизель отынымен де көмектесті. Қанша көмек болғанымен, жер жаман. Бір ғана айтарым, жемнің бағасы түссе деген ұсынысым бар. Себебі халықтың да қалтасы жұқаруға айналды», – дейді «Сағындық» шаруа қожалығының иесі Өсербек Сағындық.
Қуаңшылық салдарынан оның 22 жылқысы қата ауруынан өлді, 2 сиыры шығын болды. Айтуынша, қата ауруына ветдәрігердің берген дәрісі әсер етпеген. Ал түйе мен қой, ешкіден шығын болмапты.
«Сағындық» шаруа қожалығы қысқа дайын. Бірақ ауа-райының қолайсыздығы дайындыққа дес бермейтінін іштей сезіп отыр. Одан бөлек жем-шөп жеткілікті болғанымен, ақ шөптің жұғымдылығына сенімді емес. Себебі жылқы аш болса да ақ шөпті ауызға алмайды екен.
«Шөп бар, бірақ мал мына ақ шөпті жемейді. Мұның жұғымдылығы біздің малға шамалы. Ал даладан шауып әкелген шөптің дымын қалдырмай жеп қояды. Енді Сенекке шөпке тапсырыс беріп қойдым»,- дейді шаруа иесі.
Тезекке тез айналған – 31 000 теңге
Бір күндік мал азығының құны – 31 000 теңге. Біз барған «Айболды» шаруа қожалығының иесі Берекет малды жемдеуге күн сайын 31 000 теңге жұмсайды. Қазіргі таңда Берекет Айболатұлының шаруа қожалығында 80 бас жылқы бар. Оның 40 мал басы қорада тұр. Қалған 2 үйірі жайылымда.
«Осыған дейін 3 камазбен 120 рулон шөп түсірдім, тағы 10 рулон шөп сатып алдым. Мал күніне 1 рулон шөп жейді. 130 рулоннан қазір сегіз рулоны ғана қалды», – дейді Берекет.
Бұған дейін ол 8 байтал, 4 айғыр, 8 биеcінен айырылған.
«Бір адамның шаруасында 15-20 жылқы өліп жатыр. Оны ешкім көріп жатқан жоқ. Ең арзан деген шөп – 15 000 мен 18 000 теңге. Ал есептеп қарасақ, күнде 8 қап жем саламын, ал 1 жем – 2 200 теңге. 16 000 теңге – жемге, 15 000 теңге – шөпке кетеді. Табыс табатын – жалғыз ағам, басқа ешкім жұмыс істемейді. 20 шақты түйем бар, оның жағдайы да мәз емес. Қарапайым келіп тұрған суға да ақша төлейміз», – дейді Берекет Айболатұлы.
Берекеттің бар назын естіген Ғалымжан Ниязов тегін ештеңе жоқ екенін баса айтып, басқа шешілмеген мәселесін сұрады.
Содан соң шаруа иесі бір реттік көмекке әлі қолы жетпегенін айтты. Ал Жыңғылдының әкімі керісінше, тіркелген қой мен түйесіне қаржы төленгенін тілге тиек етті.
«Жақында «Айболды» шаруа қожалығы «Жасыл дәліз» арқылы 74 қой мен түйесіне берілген 289 мың теңгені алды. Содан соң «Жасыл дәліз 2» ашылғаннан бастап қалған жылқы малын тіркеді. Қазір қағаздары жинақталып, тиісті орынға тапсырылды. Жыңғылды ауылы бойынша «Жасыл дәлізге» 130-дай өтініш түсті. Соның 117-і – жеке үй шаруашылығы, 5-і шаруа қожалықтан келді», – деді Жыңғылды ауылының әкімі Сағыныш Жұбанов.
Сонымен қатар кездесу барысында Ғалымжан Ниязов облыстың ауыл шаруашылығы басқармасына жаңадан тағайындалған басшы Қазбек Тәшімовке шаруа қожалықтарының құжаттарын реттестіруге, субсидияның уақытылы әрі тиянақты берілуін қадағалауды, ұсыныс-пікірді тыңдап, түсіндірме жүргізуді тапсырды.
Малды тегін таңбалау керек
Ес білгеннен бері мал соңында жүрген Әділбек Сағындықов мұндай қуаңшылықтың болатынын болжамаған. Өткен қыста 10 шақты мал өлтіріп алған. Дегенмен сәуірде көк түспеген соң үш үйір жылқысын сәтті сатып үлгерген. Ал қазір оның 50 шақты жылқы мен 10 түйесі бар. Ешқайсы есепте жоқ. Сондықтан да субсидиядан қағылып отыр.
««Жасыл дәліз» арқылы малымды тіркейін десем, чип – 680 теңге. 50 жылқыға 680 теңгеден чип сатып алуға жағдайым жетпейді. Осы уақытқа дейін түйелерге тегін сырға тағылды. Ал «Жасыл дәліз» басталғанда «сырға таусылып қалды» деді. Басқа өңірде малға табра басады, ал мен неге ақша беріп, чип сатып алуым керек», – дейді Әділбек Сағындықов.
Оның айтуынша, көмек ретінде «Қызыл ай» 175 мың теңге, жергілікті әкімдік дизель отынын берген. Ал қазір ол бар тапқанын мал азығына жұмсап отыр. Есептеуінше, қыс қаһарынан аман шығу үшін 150 рулон шөп пен 350-400 қаптай жем керек.
«Қазір қорада 400 тук шөп, 5 қап жем қалды. Шөп шамамен 40 күнге жетеді. Менің ұсынысым – басқа өңірде табра басады, ол – тегін. Соны біздің өңірге де енгізуге болады. Сосын жем-шөптің бағасын арзандатуы керек. Егер мемлекеттен көмек болмаса, қуаңшылық одан әрі күшейсе, ешқандай мал бағудың қажеті жоқ», – дейді Әділбек Сағындық.
Ниязов не дейді?
Қазіргі таңда Маңғыстау ауданында 1 800 тонна шамасында шөп бар. Ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Орынғали Сырымұлының айтуынша, Шетпенің «Береке 2020» базар қоймасында 1 000 тонна шөп жинаулы тұр.
«Жыл соңына дейін ауданға бекітілген 7 оператор 5 567 тонна шөпті жинайды. Жем бойынша 3 оператор белгіленді, тасымалдау жұмыстары басталды. Жем-шөп нарықтық бағадан 20 пайыз арзанға сатылып жатыр», – деді Орынғали Сырымұлы.
Шөп көп болғанымен, шаруа қалтасы үшін қонымды емес. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязовтың айтуынша, мал азығы онсыз да төмен бағада сатылып жатыр.
«Біз де бағаны 15 000 мен 18 000 теңгеден түсіргіміз келді. Бірақ одан төмен қалай түсіруге болады? Бәріміз де мемлекеттік қызметкер болғаннан кейін заңның аясында жұмыс істейміз. Заңға сәйкес затты істей аламыз, ал заңнан тыс затты істей алмаймыз», – деді Ғалымжан Ниязов.
Сонымен қатар ол Маңғыстауда жылқы бағу тиімсіз екенін айтты.
«Түйе өліп жатқан жоқ. Қой, ешкі қолда бағып отырған соң төзімді. Сиыр шығыны аз. Ал біз жылқыны көбейттік, ал ол өліп жатыр. Жұт болса, барлық төрт-түлік қырылып жатуы керек еді. Ел ішінде «малдың 70-80 пайызы қырылып жатыр» деген әңгіме айтылып жатыр. Өңірде тіркеліп тұрған 675 000-нан мал болса, оның 70 пайызы қырылса, онда 500 000 мал далада өліп жатуы керек», – деді Ғалымжан Ниязов.
Осылайша ол малы тіркелген шаруаларға ақшалай көмектің міндетті түрде берілетінін алға тартты. Ал қалған уақытта «өз қотырыңды өзін қасы» деп отыр.