Жұма күні Шиелі ауданының әкімі Нариман Әскербекұлы облыс орталығында болып, БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Аудан басшысының айтуынша биыл Шиеліде түрлі салада серпіліс байқалған. Әсіресе, «Дипломмен ауылға» жобасының аясында Шиелі ауданында 97 маманға барлығы 424 млн 424 мың теңге қаржы бөлініп, тұрғын үй сатып алу үшін кредит түрінде берілген.
Нариман Мақұлбеков алдымен Мемлекет басшысының пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, адам құқығын қорғауға бағытталған бастамалары бойынша нақты шаралар іске асырылатынын айтып өтіп, 2021 жылдың 10 айында ауданда атқарылған істердің есебін берді.
Оның айтуынша, осы жылдың 10 айында Шиелі ауданында әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері бойынша оң өсім байқалған. Мәселен, жұмысқа қабілетті 36 мың 432 адамның, 34 мың 621-і жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 16 мыңнан астамы өзін-өзі жұмыспен қамтыса, 18 мыңнан астамы жалдамалы жұмыс орындарында қызмет етуде. Демек, 84 мыңнан астам халқы бар ауданда жұмыссыздық деңгейі төмен деген сөз.
Кент пен ауылдық округтердің кірістері артқан
IV деңгейлі жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті кент және 22 ауылдық округтердің бюджеттерінен түсетін кірістер 147 млн 603 мың теңгеге жоспарланса, 221 млн 503 мың теңге қаржы кіріс түсіп, бұл көрсеткіш бойынша жоспар 150,0 процентке орындалған. Демек «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 98-қадамы аясында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізуді көздейтін заң өзінің тиімділігін көрсетті. Осы арқылы ауылдық округтердің қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтуге және салықтарды тікелей өз бюджетіне алуы арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге ынталандырып отыр.
Әлеуметтік мәселелер оң шешімін табуда
Жоғарыда айтып кеткендей Шиелі ауданында жұмыссыздық деңгейі бар болғаны 5 процентті көрсетіп отыр. Бұл нәтижеге жетудің басты сыры халықты жұмыспен қамту орталығының жүйелі жұмысы деуге болады. Себебі, орталық арқылы жыл басынан бері 500-ден астам жұмыс іздеуші тікреліп соның 35 проценті бос жұмыс орындарына орналасқан.
Сондай-ақ, аз қамтамасыз етілген азаматтарға 1 млрд 126 млн теңгеден астам қаражат қаралып, 3560 отбасының 18 мыңнан астам мүшесіне 934 млн 245 мың теңге төленген.
Қайырымдылық жұмыстары да ұмыт қалдырылмай, «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай «Наурыз мейірімі –қайырымдылық керуені» қайырымдылық шарасы ұйымдастырылса, жыл басынан 1600-ден астам отбасыға 21 млн теңге көлемінді түрлі көмектер көрсетілген. Бұл істерден аудандағы өндіріс орындары мен мекемелер де қалыс қалмай, 250-ден астам отбасына еріктілердің тікелей атсалысуының арқасында азық-түлік себеттері үлестіріліпті. Сонымен бірге «Қазақстан халқының бірлігі күні», «Құрбан айт» мерекесі, «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы, «Алтын күз» мерекесі қарсаңында тұрмысы төмен 1400-ден астам отбасыға азық-түлік, тұрмыстық заттар, көмір, мектепке қажетті құралдар көмек ретінде таратылған.
Жылу беру жүйесінде іркіліс жоқ
Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі бұл жылу беру мәселесі десек, ауданда аталған сала бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жылу маусымы басталғалы аудандағы 147 нысанның 23-і сұйық отынмен, 100-і қатты отынмен, 24-і газбен жылытылуда. Қазіргі таңда әлеуметтік сала бойынша қажетті 8739 тонна қатты отын толықтай жеткізіліп, оның 550 тоннасы қоймаларда сақталуда. Сонымен бірге жеке тұрғындардың да әлеуметтік жағдайы ескеріліп, көмір бағасын тұрақтандыру мақсатында аудандағы көмір тасымалдаушы ірі мекемелер «ЖК Нұрмановпен» және ЖК «Жаңа таспен» көмір бағасын 15 мың теңгеден асырмау жөнінде меморандум жасалынған. «Аудандағы көмірге деген кезектің көптігіне қарамастан жетіспеушілік орын алып жатқан жоқ» деді аудан әкімі.
Сан салада серпін бар
Баяндаманың орта шеніне келгенде уақытты зая кетірмес үшін аудан әкімі Шиелінің өзге де салаларда жеткен жетістіктеріне қысқаша түрде тоқталып өтуді жөн көрді. Оның айтуынша ағымдағы жылы ауданның өнеркәсіп орындары арқылы 51 млрд 632 млн теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 165,2 пайызды құраған. Ал тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің саны 5363 субъектіні құрап, 102,8 процентке артса, оның ішінде жұмыс жасап тұрғаны 93,3 процентті көрсеткен.
«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 377 адам білім алып, оның 131-і мемлекеттік грантқа, 7 азамат несиеге ие болған.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласы да жоғары нәтижелер көрсетіп, аталған сала бойынша 32 млрд 404 млн теңгенің өнімі өндіріліген. Оның ішінде 23 млрд 782 млн теңге егін шаруашылығының, 8 млрд 622 млн теңге мал шаруашылығының үлесінде. 30 мың гектар жерге егілген егіннің 12 мың гектары күріш дақылына арналып, диқандардың өнімді еңбегінің арқасында Шиелі ауданы гектарына 55 центнерден 66 мың 214 тонна өнім жинаған. Тынымсыз еңбектің арқасында жыл қорытындысымен Шиелі ауданы егін шаруашылығы бойынша облыста «Озат аудан» атанған.
Құрылыс жұмыстарының қарқыны да жаман емес ауданда. Бұлай дейтін себебіміз биыл ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 4 млрд 418 млн теңгені құраған. Қазірдің өзінде Шиелі кенті «Береке» шағын ауданында 3 бөлмелі бір пәтерлі 25 тұрғын үй салу жұмыстарына 441 млн теңге қаржы қаралып, толық игеріліп, нысан пайдалануға берілген. Тағы бір айта кетерлігі әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға 20 үй сатып алу үшін республикалық бюджеттен 168 млн теңге және облыстық бюджеттен 16,8 млн теңге қаржы бөлініп, отбасылар желтоқсан айының соңына дейін қоныс тойын тойлайды деп күтілуде.
Тағы бір қуантарлығы бүгінде аудан тұрғындарының 97 проценті таза ауыз суға қосылса, биыл Шеген Қодаманов, Керделі ауылдық округі көгілдір отынға қосылса, жыл соңына дейін Ақмая мен Алғабас ауылдарына да газ кірмек. Келесі жылы Еңбекші, Жиделіарық, Досбол Датқа, Бестам, Алмалы, Тәжібаев ауылдық округтері де осы тізімге қосылмақ. Сондай-ақ, жақсы жаңалықтардың қатарына жақын күндері пайдалануға берілетін, Жастар сарайы ғимаратын қосуға болады. Себебі жастардың басын біріктірген бұл орталықтың болашақта берері көп болады деген сенім бар.
Аудан әкімі өзінің баяндамасын таныстырғаннан соң, БАҚ өкілдері өздерін толғандырған сұрақтардың жауабын білуге тырысты. Қойылған сұрақтардың арасында қыс мезгіліне жем-шөптің қорын жинақтау, алдағы жылдары су тапшылығы орын алу ықтималдығы, әлеуметтік дүкендер жұмысы төңірегінде сауалдар болды. Бұл сауалдарға аудан әкімі: «Бүігінгі таңда барлық шаруашылықтарда қажетті жем-шөп қоры жинақталған. Оның көлемі 137 мың тоннаға жуық. Ал су тапшылығына келер болсақ, оны болдырмау мақсатында биыл күріштің 2 мың гектарын қысқартып, басқа дақылдар ектік. Алдағы уақытта есептегіш құралдар арқылы судың деңгейін есептеп, келер жылға жоспар құратын боламыз. Енді әлеуметтік дүкендердің жайына келер болсам, аталған мәселе бірнеше жылдан бері өзекті болып келеді. Ол бойынша алдағы уақытта аудандағы ірі кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, әлеуметтік дүкенмен қоса, әлеуметтік дәріхана ашу да біздің жоспарымызда бар», – деді.
Р.ӘНӘПИЯ