«Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөлімінде Ауған соғысының ардагері Полат Тұрлыбаевтың қатысуымен «Жаралы жылдар жаңғырығы» тақырыбындағы «ерлік сабағы» болып өтті.
Тәрбиелік маңызы бар шараны бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Дәулет Жұмабеков қысқаша сөз сөйлеп ашты. Одан соң батарея командирі аға лейтенант Мейірбек Әсембаев «Ерлердің ерен ерлігі» тақырыбында баяндама жасап, деректі фильм көрсетілді.
«Ерлік сабағының» құрметті қонағы қазақтандық жауынгерлердің соғыстағы ерліктері туралы әңгімелеп, жастарды Отанын сүюге, өз елінің патриоты болуға шақырды. Сарбаздардың қойған сұрақтарына жауап берді. Ол өз сөзін «Әр соғыстың тарихы бір-біріне ұқсас болғанымен, табиғаты бөлек.
– Ауған соғысы да тарихтың ащы беттері болып қала береді. Сол соғыста біздің жігіттер әскери міндеттерін адал орындап, соңына дейін нағыз сарбаз атағына лайық бола білді. Олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – деп түйіндеді.
Кездесу соңында подполковник Дәулет Жұмабеков Полат Тұрлыбаевқа ризашылығын білдіріп, алғыс хатпен қоса естелік фотосурет табыс етті.
Думан Құрманғалиев
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы