Дәстүрге сай биыл еліміздің бас қаласы өзінің 24 жылдығын тойлайды. Қала күніне орай мәдениет, спорт мекемелері мерекелік іс-шаралар әзірлеу үстінде.
Целиноград – ел астанасының көне атауы. Бір жылдары Ақмола болып та өзгертілді. Ал қазір – Нұр-Сұлтан қаласы. Целиноград көпұлтты қала болған. Онда неміс, орыс, татар секілді ондаған ұлт өкілдері тұрды. Ресми деректерге көз жүгіртер болсақ, алғашында қазақ ұлтының салмағы тым аз болған деседі. Целиноград – машина жасау, түсті металдарды өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, астық өндірісінің орталығына айналған. Мұнда жұмыссыз адамдарды кезіктірмейсіз. Бір сөзбен айтқанда, қала қарапайым да бұйығы өмір сүрді.
Ресей империясының 1862 жылғы 7 мамырдағы шешімімен Ақмола станицасына ресми түрде қала мәртебесі берілді. Бұған дейін де бұл өлкеде бекініс болған. Кенесары бастаған қол Ресей бекінісіне бірнеше мәрте шабуыл жасағаны тарихтан мәлім. 1939 жылдың қазан айында кеңес өкіметі Ақмоланы облыс орталығы етіп бекітті. Сол жылдары қалада 32,5 мың тұрғын өмір сүрді. Ақмоланың тарихи кезеңдерінің қатарына тың игеру жылдарын қосуға болады. Бұл жылдары Ақмола облысы елдің ең маңызды астықты аймағына, ауыршаруашылығы, машина құрылысының орталығына айналды.
«Дала ньюс» жариялаған мәліметті назарларыңызға ұсынар болсақ, 1960 жылғы 26 желтоқсанда тың өлкесін құру туралы Жарлық шыққан екен. 1961 жылы қаланың аты Целиноград болып өзгертіліп, 1962 жылы ресми түрде Целиноград атауы бекітілді. Осы жылдары Қазақстанда тың өлкесін құрып, оның астанасын Целиноград қаласы жасау идеясы белең алды. Бірақ ол бастаманы жергілікті ұлт, қазақ халқы қолдамады. Алайда жоба жасалып, сол жылдары қалада тың игерушілер сарайы тұрғызылды. 355 адамға жоспарланған бұл ғимарат салыстырмалы түрде алғанда Кремльдегі Съездер сарайынан кейінгі екінші орында тұратын.
ҚР Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1992 жылғы 6 шілдедегі «Орал, Целиноград, Шымкент облыстары мен Целиноград қаласының тарихи атауларын қалпына келтіру туралы» Қаулысына сәйкесті қаланың тарихи атауы қайта қалпына келтірілді. Сөйтіп, 1992 жылы Целиноград қайтадан Ақмола болып өзгерді.
Целиноград туралы айтқанда, 1979 жылғы халық толқуын еске алмай кету мүмкін емес. Осыдан тура 43 жыл бұрын Кремль Қазақстанда неміс автономиясын құруға талпынып, арнайы шешім шығарды. Бұған ең алдымен Целиноград тұрғындары қарсы шықты. Олар Қазақстан жерін бөлшектеуге, автономия құруға мүлдем болмайтынын ескертіп, арнайы шеру ұйымдастырды. Бұл халық наразылығын кімнің ұйымдастырғаны әлі күнге дейін белгісіз.
Кезінде Қазақстан астанасын Алматыдан көшіру туралы шешім таңданыс тудырғаны рас. Бәлки, Ақмола қаласында бүгінгідей әсем шаһар салынатынына сенбестік танытқаннан болар.
Бұл мәселеге Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» еңбегінде кеңінен тоқталған. Онда: «Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі астананы ауыстыру туралы шешімді 1994 жылдың 6 шілдесінде қабылдаған болатын. Осыдан кейін дайындық жұмыстары жүргізіле бастады. Құрылыс қарқынын арттыру әрі инфрақұрылымын дамыту мақсатында 1997 жылы Ақмола қаласында (қазіргі Астана) Ақмола арнайы экономикалық аймағы құрылды. Ол белгілі бір деңгейде жаңа елорданың дамуына өз септігін тигізді» делінген.
ҚР Тұңғыш Президентінің астананы көшіру туралы Жарлығы жарыққа шыққаннан кейін мемлекеттік органдарды Алматыдан Ақмолаға қоныстандыру жұмыстары басталды. 1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысы бойынша Ақмола атауы Астана болып өзгерді.
Аталған еңбекте Елорда туралы құнды деректер жазылған. Мысалы, «1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі әрі қуатты өсуге, тұрақты этникааралық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі. Бразилияда өткізілген бұл конкурста Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әр түрлі елдерінің он екі қаласын басып озды. 1998 жылы Астана еркін экономикалық аймақтың WEPSA халықаралық қауымдастығына кірді. Әлемнің 15 қаласы Қазақстан елордасының бауырлас қалалары болып табылады, олардың арасында Мәскеу, Берлин, Варшава, Минск, Киев, Анкара, Бангкок және басқалары бар. Бүгінде Астана түрлі халықаралық деңгейдегі шараларды өткізетін орталыққа айналып үлгерді».
Сондай шаралардың қатарынан ЕҚЫҰ саммиті, 7-ші қысқы Азиада ойындары, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмені ерекше атап өтуге толықтай негіз бар. Осылардың барлығы еліміздің абыройын әлемге әйгілеп, дәрежемізді көтерді. Астананы келіп көруге құмартып, ғаламның түкпір-түкпірінен адамдар ағылды. Сондықтан келбеті келіскен қалада тұрып жатқан әрбір адам бақытты бүгінде.
2019 жылы Елорда тарихында тағы бір өзгеріс орын алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды.
Қазақстанның мақтанышы, тәуелсіздіктің жемісі Нұр-Сұлтан қаласының бағындырар белесі әлі алда. Күн сайын түрленіп, келбеті артып жатқан Елорданың әрбір жетістігі ел дамуына соны серпін береді.