«Тәрбие – тал бесіктен». Бәріміз білетін, көпшіліктің сөздік қорында жүрген бір ауыз сөз. Бүгінгі таңдағы біз «проблема» деп атап, шешімін қиындатып жүретін қисынсыз мәселелердің басым бөлігі осы қып-қысқа сөздің байыбына бара бермеуімізде сияқты. Егер кез келген отбасы бала шыр етіп дүние есігін ашқан күннен бастап тек жақсы жағынан үлгі көрсете білсе, қоғам едәуір жақсарған болар еді. Қылмыс жасамау, экологияны қорғау, мәдениетті дамыту сияқты тақырыптардан бөлек, адамдардың Отанға, ұлтқа, тілге деген құрметін арттыру отбасынан басталатын ескеруіміз керек сияқты.
«БАЛА ТІЛІ – БАЛ», БІРАҚ ҚАЙ ЕЛДІҢ БАЛЫ?
Кез келген баланың туылғаннан бастап өзінің «идеалы» – ата-анасы болады. Бұл заңдылық. Дәл осы заңдылықты біз дұрыс жағынан пайдалана алып жатырмыз ба? Мәселе осында. Ана тіліміздің құрметін арттыруды, тілдік ерекшеліктеріміздің сақталуын қалайтын болсақ оны өз отбасымыздан бастағанымыз жөн. Қазіргі таңда қазақ тілінде дұрыс сөйлей алмайтын немесе мүлде білмейтін жас жеткіншектердің көбеюі тікелей ата-ананың кінәсі. Өзге тілді отбасыларды ескермегеннің өзінде, таза қазақша сөйлейтін отбасылардан қазақша екі сөздің басын қоса алмайтын балалардың шығып жататыны бәрімізге белгілі. Ол әртүрлі факторларға байланысты жүзеге асады. Мәселен, ата-ананың балаға жауапкершіліксіз қарауы. Енді дүниені тани бастаған балаға көңіл бөлмеу, ешнәрседен шектеу қоймау сияқты қателіктер баланың басқаша қалыптасуына ықпал етіп жатады. Мысал ретінде екі-үш жастағы баланың қадағалаусыз телефон, планшеттер арқылы бейнероликтерді көруін айтсақ болады. Әлі өзінің ана тіліне сусындап үлгермеген бала өзге тілдегі бейнероликтерді көру арқылы бойына басқа тілді сіңіре бастайды. Жақында ғана қырғыз елінің білім министірі, балалары балапан көретінін және тілдері қазақша шығып жатқанын айтып, ұлттық телеарналарының жұмысына шағым жасады. Бұл баланың қай тілді көп тыңдаса, сол тілде сөйлейтінінің дәлелі.
АНА ТІЛІМІЗ ОТБАСЫҢЫЗДА НЕШІНШІ ОРЫНДА ТҰРАДЫ?
Жыл өткен сайын тіліміз дамып жатыр деп жар саламыз. Бірақ бұл қаншалықты рас!? Көшеде жүргенде қазақ тіліміз құлдырап барады деп пікір білдіріп жүрген кісілердің өзі баласын орыс тілді балабақшалар мен мектептерге тапсырып жатыр. Құлақ түріп тыңдасаңыз «кезінде өзіміз орыс тілін білмей қиналдық, ең болмаса балам орысша сөйлесін», «қай жерге барсаңда орысша қажет болады» деп ана тілімізді екінші орынға түсіріп жатамыз. Осы айтылған бір-екі сөйлемнің өзі баланың ана тілімізге деген құрметін жоғалтып, өзге тілде сөйлеуді мақтан тұтуына әкелуі мүмкін. Бұл дегеніміз «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген бабалар сөзінің «өзге тілдің бәрін біл» деген тармағын ғана бала санасына сіңіру секілді. Ана тілімізді ұлттық деңгейде бірінші орынға шығару үшін, әр отбасында ана тілімізді бірінші орынаға қоюымыз қажет. Егер олай жасай алмасақ кейін болашақ ұрпақты тілімізді білмейді деп кінәлаудың қажеті жоқ деп білемін.
САЛТ-ДӘСТҮР НЕ ДЕЙДІ?
Бүгінде кез келген сәбидің қолынан сүт құйылған бөтелкені аңғаруға болады. Бұрынғыдай қойдың құйрық майын сорып, құрт ұстаған баланың кезіге қоюы екіталай. Бөтелке емген баланың кеш сөйлеуі де содан дейді мамандар. Өйткені, аузында бірнеше тісі бар сәби қою, құнарлы тағамды қосымша жеуі керек. Ал, қазіргі ата-ананың басым көпшілігі бұл жастағы балаларға ұсақталған, үгітілген дайын тағамдарды бергенді ұнатады.
Бұрындары үлкендер «тісің сынсын» деп өзінен қалған жілік пен сүйектің қалдығын бала-шағасына беретін еді. Олардың ондағы мақсаты – бала шайнап үйренсін, тісі қатайсын дегені ғой. Несін жасырамыз, қазір жілік мүжімек түгілі, ет шайнаудың өзін тәтті консервілер мен иогурттарға алмастырып алғандаймыз. Жалпы баланың тамақтану барысындағы тіл қозғалысының өзі гимнастикаға жатады. Ал бөтелкемен тамақтанғанда бүлдіршіннің тілі, бетіндегі бұлшық еті қимылдамайды. Себебі емізіктен аузына еш қиындықсыз сүт тамшылап барып тұрады.
Ендігі мәселе – емізік. Кейде телефонға телмірген жас ананың көгілдірдің көк бетін сипап отырып, жылаған сәбидің аузын емізік салып «жаба» салатыны бар. Бұл бала жұбатудың ең оңай түрі көрінгенімен, оның барлығы бала денсаулығына аса қауіпті. Логопед мамандар аузында үнемі емізік жүретін баланың тілі кеш шығады дейді. Өйткені, ол сәбидің аузын толтырып қана қоймай, миына да салмақ түсіретін көрінеді. Сондықтан, балаға емізікке қарағанда, құрт сорғызған пайдалы. Оған қоса, қасиетті Құран аяттарында айтылғандай, сәбиді екі жасқа дейін ана сүтімен қоректендіруінде береке бар.
Қорыта айтқанда, бала тілінің бал болмағы, сіздің үнемі онымен әңгімелесіп, тілдесіп, кез келген іс-әрекетіне толыққанды жауап беруіңізде. Сондықтан әрдайым бала денсаулығы үшін әрдайым логопед, дефектолог мамандардың көмегіне жүгінген абзал.