Туған жеріңді сұраған жанға Қызылордадан екеніңді айтсаң, бірден «ол жақ ыстық қой, жасыл желек атымен жоқ, ағаштар, талдар өспейді ғой» деп әзіл аралас шындықты айтып жатады. Иә, Сыр жерінде ми қайнатар ыстықтың болатынын жоққа шығара алмаймыз. Алайда жасыл желек жоқ дегенге қарсымыз. Мәселен, Арал ауданы құмның құрсауындағы елді мекен болғанымен, табаныңды күйдірер ыстық топырақтың дертке пайдасы бір бөлек. Құмның беті ыстық болғанымен, білекке дейін қазып, аяғыңды салсаң сап-салқын. Қайран құмның тылсымы үстінде емес, астында жасырылғандай. Сонымен сексеуіл, жантақ, шырыш, шеңгел, жусан, адыраспан осы аталғандар құмда қозы баққан баланың көзіне ілінер қылпық екені анық.
Қарапайым адыраспанның қаншалықты қасиетті өсімдік екенін білеміз бе? Біле білсеңіз, қазақ үшін киелі болғандықтан босағаға байлап, түтінін түтететін адыраспан 60 процент микробты жояды екен. Адыраспанның адамға пайдасын халқымыз ықылым заманнан білген. Бесікті түтінімен аластап, ауадағы түрлі микробтарды жою үшін пайдаланған киелі өсімдік бұл. Ал емдік қасиеті туралы тарихты ақтарар болсақ, Амангелді Иманов бастаған көтеріліс кезінде жараланған батырды емдеп жазу үшін халық емшесі ауыл азаматтарына сарышұнақты атуды тапсырады. Сонда жараланған сарышұнақтың жанына екінші бір сарышұнақ емдеп жазуға келеді екен. Сол кеміргіштің аузына қыстырып алып келген шөбін іздеп, табуды тапсырады. Ауыл халқы тапсырманы орындап, сарышұнақтың тістеген шөбін алып келсе, ол осы қарапайым адыраспан екен.
Елімізде 6000-ға жуық өсімдіктің түрін кездестіруге болады. Оның ішінде бес жүздейінен дәрілік зат алынады екен. Соның бірі әрі бірегейі – адыраспан. «Ассалаумағалейкүм, адыраспан, Мен сізге жіберген Омар, Оспан» деген дуадай сөз қастерлі шөптің серті екенін кейін білдік. Иә, баяғы көз көргендер қырдағы қылтиған қылпықтың бәрін қасиетті деп таныды. Жусан да, сексеуіл де, тіпті шалбар балағын жыртар шеңгелді де қастерлей білді. Қара шөпті кісідей көрді. Сертін орындамай селеуге де тимеген. Ара-тұра тобылғы кезіксе, әулие кезіккендей арбалды. Бажайлап қарасаңыз, мұның астарында тәрбие жатыр.
Тер шығару мен несеп айдауда адыраспанның пайдасы мол. Оның қабынуға қарсы қабілетін пайдаланып, ертеде бала көтермеген әйелдерді де емдеген. Тұнбасымен малярия, мерез ауруларын жазған, ірі қара малдарын қотырдан құтқарған. Көзі нашар көретін кісілерді адыраспанды бал мен шарапқа араластыратын амал дәстүрлі ем-шараларда әлі күнге дейін қолданылады. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянында» Сырда өсетін өсімдіктер қасиеті ерекше аталады. Олардың қатарында адыраспан да бар. Тарихта Тарбағатай өңірінде ғұмыр кешкен Ырғызбай Досқанұлы емші бұл дәрілік өсімдік көмегімен Абайдың әкесі Құнанбайды ауыр дерттен жазып шығарған деген сөз бар.
Қала берді Қап тауы жұрты адыраспанды ұйықтататын дәрі ретінде пайдаланған деседі. Ирак халқы оны «Уарау Аспанд» деп атайды екен. Бұл «барлық ауруға ем» деген ұғымға саяды.
Қазіргі медицинада пайдаланатын дәрі-дәрмектердің 40 проценті өсімдіктерден жасалады. Құрамында адыраспан қоспасы бар дәрілер қабыну, бас ауру, зәр айдауды жақсарту, іш ауруын алғашқы кезеңінде, тер шығару, ішек құрттарын өлтіру, орталық жүйке жүйесі жұмысын реттеп, жазуға жаратылады. Дәрігерлер эниефалит, эпилепсия, қалтырау салдарына ұсынады. Аталмыш шөптің емдік қасиеттері бұдан да көп.
Ескертіп айта кететін дүние: адыраспан улы болғандықтан, пайдалану мөлшерін сақтап, абайлап қолданған жөн. Әдетте емшілер дәрілік шикізат ретінде шілде айында гүлдеген кезінде жинап алады. Ол кезде оның тамырдан жоғары жағынан ұқыпты кесіп, енді пісіп-жетілген бұтақшаларын, жапырағы мен гүлін бір қиқымын жерге түсірмей, көлдей орамалға түйеді. Кептірер кезде темір шатыр астындағы көлеңкелі, ауа өтіп тұратын жерге қойылады. Осылайша ол екі жыл сақталады. Ал тұқымын өскіннің қауашағы ашыла бастаған кезде теріп алады. Оны да төбесі жабық болғанымен, ауа өтіп тұратын бастырма астында кептіреді. Мата төсеп, тұқымын шөбі мен қауызынан ажыратады.
Иә, адыраспанның қадір-қасиеті жайлы әлі ақтарылмаған сыр көп сияқты. Анығы, кең байтақ ұлы даламыздың жұпар иісті жусаны адыраспансыз туған жерді елестете алмаймыз.