16 ғасырдың бас кезінде жер-жаһанға әйгілі Халима есімді бай патшаның бір сұлу қызы болған екен. Ол ауқатты жерден шыққандықтан, қыздың отбасына құда түсіп келетіндердің қатарында шек болмапты.
Халиманың сұлулығына тамсанып, ғашық болғандар сарайдың есігін сағаттап торып, сәт санап сол арудың жүзін көруге асық болған көрінеді. Күндердің бір күні Халима өзіне көңіл білдіріп, қолын сұраған серілердің барлығын хан сарайына жинап, «кімде кім мына дүниеде маған ерекше ұнайтын затты ертең бірінші болып сыйлайтын болса, сол жігітке ойланбастан тұрмысқа шығамын» деп өз талабын айтыпты. Содан сарайға жиналған жігіттердің барлығы тарқасып, сол күні Халимаға қатты ұнайтын затты іздеумен әлекке түседі. Бірі базардан ең қымбат орамал сатып алса, енді бірі ыдыс-аяқ, әдемі көйлек, қырда жайқалып өскен гүл шоқтарын сыйлауды ұйғарады. Тек хан сарайында аула тазалаушы болып жұмыс істейтін Омар атты жігіт Халимаға ұнайтын затты таба алмай ұзақ ойланады. Ол сол сәтте хан қызының көршілес елден алтыннан жасалған түрлі-әшекей бұйымдар сатып алып, оларды үнемі тағып жүретінін есіне түсіреді. Айдай сұлу аруға ұнайтын сыйлықты тапқан тапқыр жігіт ең мықты зергерлік бұйым сататын дүкенге барады. Сөйтіп, қалтасындағы соңғы тиынына, Халиманың есімін жаздырып, алтыннан алқа жасатады. Жылтыраған бұйымның көздің жауын алып, көрнекі көрінгені сонша, оны сыйлауға асыққан Омар хан сарайына қарай бет алады. Сарайға келсе, әлгі хан қызы Халиманың көңілі түсіп отыр екен. Себебі, ол ешкімнің әкелген сыйлығын ұнатпапты. Сол кезде оның қасына Омар жақындап: «Ханшайым, мен сізге ұнайтын ерекше сыйлықты тапқан секілдімін» деп оның қолына ағаштан жасалған қобдишаны ұстатты. Қобдишаның ішін ашып қарағаны сол-ақ еді, «Халима» деген жазуға бірден көзі түсіп, қатты қуанады. Сол кезде ол алтын алқаны алақанына ұстап тұрып, «мен саған тұрмысқа шығамын. Сен мен күткен адамсың» деп Омарға өз разылығын береді. Осылайша, екеуі бақытты да баянды ғұмыр кешіп, алтынның арқасында алты алашқа әйгілі болыпты.
Иә, жарқырап көздің жауын алатын алтынға арулардың барлығы құмар-ақ. Көктем келсе құлпыратын сұлуларға жалт-жұлт ететін мұндай әшекейлер бірден ұнары сөзсіз. Әсіресе, сәні мен сымбаты келіскен сылқымдар алтынның фоловеріне айналған. Сан ғасырлар өтсе де құнын жоймайтын бұл металды байлық пен дәулеттің бір белгісі деуге де болады. Оның медицинада алатын орны да ерекше. Әсіресе, саусаққа тағатын алтын сақиналар бүйрек, жүрек, тыныс алу жолдары, өкпе ауруларына таптырмас емші бола алады. Мұны ғалымдар дәлелдеген. Сондай-ақ алтынның асыл дінімізде де алар орны ерекше. Халқымыз адам баласының асыл қасиеттерін алтынға балаған. Қос жанарды еріксіз байлап, жан біткенді баурап алатын жылтыр бұйымның ерекше орын алатыны да содан. Қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірінен келетін алтынның сапасы да, бағасы да, тіпті дизайны да әр түрлі.
Біздің елге көршілес Өзбекстан, Ресей, Қырғыстан, одан әрі Корея, Жапония, Қытай, Украйн, Түркия елдерінен келетін мұндай алтындарды көптеген дүкен сөрелерінен оңай табуға болады. Сатушылардың айтуы бойынша өңірімізде осы бағалы металдың бір грамы он үш мыңнан 18 мың теңгеге дейін сатылуда. Ең арзан алтын бұйымдары түрік, украйн алтыны болса, қымбат бағаланатын Ресей, Италия, Беларусия елінің алтындары. Ал көп сұранысқа ие жалпы халыққа ыңғайлы түрік, украйн, қазақ алтындары. Ал, әсем тастармен көмкеріліп, бұйымға ерекше өң беретін алтындардың бағасы бүгінде шарықтап тұр. Мұндай алтындар көбінесе қымбат лауазымды адамдарға сыйлыққа беріледі. Брилиант тастары бар алтындар да бүгінде сұранысқа ие.
Алтынның ең жоғарғы сынамасы 999, ең төменгісі 375 болып саналады. Мамандардың айтуы бойынша, ең жоғарғы сынама тез иілгіш болғандықтан, әшекей құмар ханымдарға 750 немесе 595 сынамалы бұйымдарды тұтынған ынғайлы. Себебі олар қатты, ұзақ сақтауға ыңғайлы әрі құрамында алтын көп болғандықтан уақыт өтсе де құны жоғары болады. Жалпы, жаңа технологиялар дамыған сайын, алтынның да сапасы сын көтермей барады. Олай деп айтуға себеп жоқ емес. Қазіргі таңда алтынға ұқсас, сарғыш түсті бұйымдардың түрі көбейгендіктен, оны бір-бірінен ажыратып алу қиын. Әсіресесе, алтын жалатылған бұйымдарды сатып аларда аса абай болған абзал. Ал сіз нағыз алтынды қалай бірден тануға болатыннын білесіз бе?
Алтын сатып аларда шыныға, әйнекке алтын бұйыммен сызық түсіріп көріңіз. Егер бұйым таза алтын болса, ол із түсіре алмайды, себебі алтын шыныдан жұмсақ келеді. Ал алтынға йод тамызса, ол қарайған із қалдырады. Латунь, жез, мыстан із қалмайды. Нағыз таза бұйымды анықтап көру үшін де суын (уксус) қолдануыңызға болады. Бұйымды уксусқа жарты сағатқа батырып қойсаңыз, оның түсі өзгереді, Өзгермесе, бұйым таза емес. Ляпис қарындашын аздап ылғалданған бұйымға жақсаңыз, жұқпайды. Ал егер ол жез болса, қара нүкте қалдырады. Болмаса көзге шалынбайтын тұсын сызып көріңіз, алтын жалатылған қандай да бір металл болса, көрініп қалады. Осы секілді бірнеше әдіс-тәсілдерді пайдаланып, алтыныңыздың сапасын анықтауға болады. Бірақ ең дұрысы өзіңіз тұратын мекен-жайдағы ломбард дүкендеріне барып, бұйыңымыңызды тексерістен өткізіп алғаныңыз жөн. Мамандардың көмегіне жүгінсеңіз, арзан алтынды сатып алудан сақтанасыз.