2022 жылдың 9 қараша күні Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының «Медиация институтын дәріптеу және дауларды шешу бойынша іс-шаралар кешенін өткізуге бағытталған» жобасы аясында «Social project management» орталығының ұйымдастыруымен орталықтандырылған №4 ші кітапхана – бөлімшесінде “Дау-дамайдың медиативтік құзіреттілігі” тақырыбында тренинг өтті.
Бұл тренингте түрлі сала өкілдері бас қосты. Шараға мектеп мұғалімдері, балабақша тәрбиелеушілері, құқық қорғау органдары мен медицина саласының қызметкерлері қатысты.
Кездесуді «Social project management» орталығының директоры, шараның модераторы Бейбіт Нәлібай кіріспе сөзбен ашып, келген қонақтарға тренинг туралы қысқаша ақпарат берді.
Тренинг тренері, «Халықаралық адам құқығы орталығы» ҚБ президенті, Қазақстан медиаторлар қауымдастығының бас директоры, әлемдік деңгейдегі медиатор-тренер Жандилда Жақыпов медиация туралы және дау-дамайды медиативті келісім жолмен шешудің маңызын түсіндірді.
Дау-дамайды медиациялық шешу – мәселені сотқа жеткізбей, екі жақты еркін келісім арқылы ортақ шешімге келу. Тараптарды табыстырушы тұлға медиатордың да өзіне тән қасиеттері болуы шарт екенін айтты. Медиатор – ақыл айтушы емес, ол-тыңдаушы және екі жақтың мәселесін тең құқықты шешетін маман.
Тренинг интерактивті форматта өтті, тренер қатысушылармен тығыз байланыс орнатып, сұрақ қойған адамдардың жауабын талдап, түсіндіріп берді. Тренер өзінің білікті әрі практик маман екенін танытты. Шараның белсенді қатысушылары медиация туралы тереңінен түсініп, әр маман өз қызмет саласында пайдалана алатындай білім алып қайтты. Кездесу соңында барлық қатысушыға сертификат табысталып, естелік суретке түсті.