Өткен жылдың соңында еліміз үшін аса маңызды оқиға – 20 қарашада Қазақстан Президенті лауазымына кезектен тыс сайлау өтті. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% дауыс жинап, жеңіске жетті. Бұл қазақстандықтардың Жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолында ел өмірінің барлық саласын жаһандық реформалауды жүзеге асыруға сенімі мен дайындығының айқын көрсеткіші болды.
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасы – бүгінде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаның, сондай-ақ қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының түйінді идеяларының дәйекті және қисынды жалғасы. Ол әрбір азаматқа жеке көңіл бөле отырып, республиканың ауқымды дамуының нақты қадамдарынан құрылған.
Бұл стратегиялық құжат мемлекеттік аппараттың алдағы жеті жылдағы жұмысын да, келешектегі бүкіл қоғам дамуының негізгі бағыттарын да айқындайды. Ол өзара байланысты үш қағидатқа негізделген жаңа мемлекеттік саясатқа көшуді жариялайды: «Әділетті мемлекет – Әділетті экономика – Әділетті қоғам». Көріп отырғаныңыздай, біздің өміріміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік секілді бүкіл құрамдас бөліктері қамтылған. Олардың қай-қайсысын да назардан тыс қалдыра отырып, ұзақмерзімді перспективада қоғамда терең өзгерістерге қол жеткізу мүмкін емес.
Барлығымыз түбегейлі өзгерістерден өтуіміз керек. Президент жариялаған жаңа жаңғырту жобасы еліміздің барша азаматтарына, әсіресе жастарға арналған. Ал өскелең ұрпақ туралы айтқанда, сапалы тәрбие мен білім беруге ерекше мән беріледі. Біздің қиын заманда «тұрақты әділ ертеңге» ең сенімді инвестиция тек осы ғана.
Бастапқыдан іргетасын қалау керегін ескерсек, Балаларға арналған ұлттық қорды құру туралы шешімнің қабылдануы қисынды әрі дер кезінде жасалған қадам. Онда әр баланың атына жинақ шоттары құрылып, жыл сайын Қазақстан Ұлттық қорының инвестициялық кірісінің 50 пайызы аударылатын болады. Кәмелетке толған кезде бала жиналған қаражатты тұрғын үй сатып алуға немесе қосымша білім алуға жұмсай алады.
Мемлекет басшысы мектепке дейінгі білім берудің ерекше маңыздылығын да атап өтті. Көптеген шетелдік және отандық зерттеулердің нәтижелеріне сүйене отырып, ерте білім беру мектеп жасына дейінгі балалардың менталды, физикалық және психологиялық қасиеттеріне жақсы әсер етеді, оларда қоршаған әлемді тануға, тәуелсіздікке құштарлықты қалыптастырып, қарым-қатынас дағдыларын дамытады деп сеніммен айтуға болады.
Алайда бүгінгі күннің үлкен олқылығы – менталды дамуы белсенді «алтын» жастағы балалардың (2 жастан 6 жасқа дейін) тек 57,7%-ы ғана мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Осылайша, қазақстандық балалардың жартысына жуығы үшін бұл маңызды уақыт жоғалады.
Үкіметтің хабарлауынша, 2025 жылға қарай балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды 100%-ға жеткізу жоспарлануда.
Білім беру қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесі мен еңбекақысын көтеру, осы сала мамандарына қойылатын нақты талаптар бекіту, жүктемені кезең-кезеңмен қысқарту секілді шаралардың барлығы негізгі міндетті орындауға бағытталған – жақсы дайындалған және білікті ұстаздардан тұратын мектепке дейінгі мекемелердің кадрлық әлеуетін қалыптастыру.
Бұл балаларымызды қабілетсіз тәрбиешілерден қорғауға мүмкіндік береді, олардың дәрменсіздігі кейде баланың психикасына орны толмас зиян келтіреді.
Егер орта білім туралы айтатын болсақ, мектептердің апатты жағдайына, олардың кептелістеріне, қалалар мен ауылдардағы білім инфрақұрылымы сапасының айырмашылығына қатысты әлі де шешімін таппаған мәселелер баршылық.
Соңғы мәліметтер бойынша, 2021 жылы мектеп оқу орнының тапшылығы 264,8 мың бірлікті құрады. Бұл ретте ең үлкен тапшылық Түркістан облысында – 27,4 мың орын, Алматыда – 25,9 мың орын және Алматы облысында 19,4 мың орын байқалады. Астана, Шымкент және Жамбыл облысында оқу орындарының тапшылығы 12 мыңнан асады.
Бұл тез арада шешуді талап ететін көрсеткіштер. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы осындай шешімге айналуы тиіс.
Бұл жобаның мақсаты – апатты жағдайды жою, үш ауысымда оқыту және орта білім беру ұйымдарындағы оқушылар орнының тапшылығын жою.
Оны жүзеге асырудың арқасында республикада заманауи талаптарға сай 800 мыңнан астам оқу орны ашылады.
Мәселен, 2023-2025 жылдар аралығында оқушыларға қолайлы жағдай жасалған 400-ге жуық мектеп салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл оқу орындары қалаларда да, ең шалғай ауылдарда да салынады.
Жаңа жайлы мектептердің концептуалды айырмашылығы – бірыңғай құрылыс стандартының сақталуы, қазақстандық өндірістің құрылыс материалдарының пайдаланылуы, балалардың қауіпсіздігін арттыру шаралары, пән кабинеттері мен зертханаларының толық жабдықталуы, кіші және жоғары сынып оқушылары үшін жеке оқу блоктары мен спортзалдарының болуы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қажетті жағдайлар және т.б.
Нысандарды салу кезеңінде құрылыс барысын бақылаудың ақпараттық жүйесі, пайдаланушылардың кең ауқымы үшін бейнетрансляция функциясы бар интерактивті карта және құрылыс нысандарының фоторепортаждары жұмыс істейді.
Осы шаралардың барлығы балаларды қажетті оқу орындармен қамтамасыз етуге, қала мен ауыл арасындағы қашықтықты қысқартуға, сондай-ақ 2025 жылға қарай білім беру нысандарын салу арқылы 100 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Мектептерде үштілділікті енгізу саясаты да жалғасын табады. Жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық цикл және ағылшын тілі пәндерін оқытуды, қазақ және орыс тілдерін сапалы оқытуды күшейту жоспарлануда, бұл жақын арада қазақстандық жастардың отандық және әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Жоғары білім саласы да назардан тыс қалмады, оның қолжетімділігі секілді маңызды мәселелері қозғалды. Жасыратыны жоқ, қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алу құны тұрақты өсіп келеді, сондықтан мемлекеттік білім гранттарын бөлу жоспарлануда, олар ҰБТ нәтижелеріне және басқа да көрсеткіштерге байланысты мөлшері бойынша – 30-дан 100%-ға дейін сараланатын болады.
Осылайша, бір жағынан, мемлекеттік бюджетке түсетін ауыртпалық ішінара алынып тасталса, екінші жағынан, сараланған тәсіл, ең жақсының ең жақсысы ғана өтетін «елеуіш» түрі жүзеге асырылуда. Бұл шаралар жоғары білімді қолжетімді етіп, қоғамдағы серіктестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын күшейтеді.
Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бүгінде Қазақстанда 624 мың студент болса, оның 115 мыңы ғана жатақханада тұрады, жалпы 120 ЖОО-ның 28-інде ғана студенттер жатақханамен 100% қамтамасыз етілген.
Сондықтан студенттерді орналастыру мәселелері бойынша ЖОО және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін кеңейту қосымша ұсынылады. Университеттерге студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету талаптары нормативтік түрде бекітіледі, әлеуметтік осал санаттағы резидент емес студенттердің өмір сүру құнын субсидиялау мүмкіндігі пысықталуда. Бұл, әсіресе ауылдан қалаға кәсіптік білім алуға келетін жастар үшін маңызды.
Жоғары білім беру деңгейінің мазмұндық жағында студенттердің білімін практикалық дамыту арқылы бекіту көзделген.
Мәселен, медициналық университеттер жанынан көпсалалы ауруханалар салынады. Осылайша, біз студенттер оқу үдерісі кезінде тәжірибеден өту арқылы «дуалды оқытудың» нәтижесін аламыз. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұл тәсіл сәтті сынақтан өтті және аса тиімді.
Көріп отырғаныңыздай, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында өскелең ұрпақтың тәрбиесіне үлкен мән берілгенімен, мемлекет тек көмектесуге, жағдай жасауға дайын, қалғаны жастардың өз жауапкершілігінде.
Олар белсенді және мақсатты болуы керек. Өйткені қазіргі заманда сыни ойлауы мен ізденімпаз ойы бар білімді адам ғана өзінің әлеуетін толық ашып, қоғамға пайдасын тигізе алады.
Жаңа Әділетті Қазақстанды құрудағы басты қозғаушы күш – осы жастар!
Әсет Нүркенов