Масс-медиа туралы жаңа заң жобасының жұмыс тобындағы әріптесіміз Халима Бұқарқызынан журналист мәртебесі, баспасөз картасы және жаңа заңда қамтылмай қалған мәселелер жөнінде сұрап білдік.
– Масс-медиа туралы заң жобасын сөз еткен жердің бәрінде журналист мәртебесін көтеруге қатысты сұрақ жиі қойылады. Әріптестерімнің арасында журналист мәртебесі ұғымын әлеуметтік мәселенің шешілуіне теліп қою байқалады. Бұл – журналистің мәртебесін көтеру емес, журналистің әлеуметтік, тұрмыстық мәселесін шешу. Журналистің мәртебесін өзінен басқа ешкім көтере алмайды.
Егер журналист заңда көзделген құқын дұрыс пайдаланып, міндетін адал атқарса, мәртебесі өседі. Яғни білікті журналистің мәртебесі қашанда жоғары. Ондай журналисті жұмысқа шақырушы да көп, сәйкесінше жоғары жалақы төлеуге де даяр. Сондықтан дәл қазіргі кезде бізге Бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек ететін журналистер жалақысын көтеру маңызды. Әрине, жекеменшік ақпарат құралдарына қол астыңдағы журналистің жалақысын көтер деп талап қоя алмаймыз. Мемлекеттік БАҚ қызметкерлерінің жалақысын көтеру тетігін қарастырған абзал. Мысалы, мемлекеттік тапсырыс алғысы келетін БАҚ-тарға қызметкерінің жалақысы орташа жалақы мөлшерінен белгілі бір деңгейде жоғары болуы керектігі туралы талап қоюға болады. Сол кезде жекеменшік БАҚ-та бәсекеге қабілетті журналисті жұмысқа тартуы үшін жоғары жалақы қоюына тура келеді. Табысы жоғары журналист тұрмыстық мәселесін өзі шешіп алады.
Заң жобасы журналиске қандай мүмкіндік ашады деген сұраққа жауап беруге қиналып отырмын. Себебі мақтана қоярдай аргумент жоқтың қасы. Көңіліме қонған бір жаңалық: мерзімді басылымдарға субсидия беру қарастырылып отыр. Бүгіндері газет-журналдардың таралымы азайып кетті. Министрлік мерзімді басылымдардың қағаз шығынын жабуға мүмкіндік беретін субсидия беруді ұсынды. Әрине, қоғамда газет-журналды оқитындар аз, оның тиражын көбейтудің мәні бар ма деген пікір бар. Бірақ дәл осы газет-журналдар бүгінгі өміріміздің шежіресі. Ертеңгі күні сайттардан бір оқиға туралы материалды іздеп, таппай қалғанда, сол оқиға туралы жазған газеттерді іздеп архивке баратынымыз анық. Қанша дегенмен, тасқа жазылады ғой. Ал сол оқиғаны жан-жақты зерттеп, объективті етіп жазу – журналистің ар-ожданына, этикасына қатысты.
– Жаңа заң жобасында ұсынылған баспасөз картасы не үшін қажет?
– Баспасөз картасын министрлік өкілдері бұл журналистің (бұқаралық ақпарат құралының өкілі) ерекше мәртебесін растайтын және осы заңда көзделген құқықтарды беретін құжат деп мәлімдеді. Жобада да солай жазылған. Алайда оны кімдерге, қандай тәртіппен беретіні туралы оқыған адам ретінде баспасөз картасы журналистерді алалайтын құжат екенін айтар едім. Неге? Өйткені баспасөз картасын алу үшін журналистің «Журналистика» мамандығы бойынша жоғары білімі туралы дипломы және БАҚ саласында, кемінде, 3 жыл жұмыс тәжірибесі болуы керек. Ал егер «Журналистика» мамандығы немесе соған байланысты мамандық бойынша дипломы болмаса, БАҚ саласында, кемінде, 5 жыл жұмыс тәжірибесі болуы керек. Бұл карта бір жылға беріледі және министрліктің баспасөз картасын алған журналистер тізіліміне енгізіледі.
Ал енді сұрақ. Белгілі бір БАҚ-та жұмыс істемейтін журналистер, үшжылдық еңбек өтілі жоқ, жұмысқа енді орналасқан журналистердің құқы қайда қалады? Жыл сайын карта алу журналистерді бақылауда ұстап отырудың тетігіне айналмай ма?
Сосын әлгі баспасөз картасын алған журналист жұмыстан кетсе, 3 күн ішінде картаны беретін комиссияға ескертуі тиіс және 3 ай ішінде жұмысқа орналасуға міндетті екен. Журналист 3 ай мерзімінде жұмысқа орналаспаса, баспасөз картасынан айрылады екен.
Бұл картаның құдіреті неде деп заңды ары қарай оқысаңыз, 35-бапта «Баспасөз картасын алған журналистердің құқықтары мен міндеттері» жазылған. Бұл норманың бәрі журналист атаулыға тән ортақ құқық пен міндет болып шығады. Ендеше журналистерді алалайтын құжаттың қажеті жоқ. Іс-шараларға бару үшін алдын ала тіркелудің қалыптасқан тәртібі бар, сол тәртіпті сақтаса жетіп жатыр. Бұл менің субъективті пікірім.
Жұмыс тобындағы бірқатар әріптестерім де баспасөз картасының журналист құқын шектейтінін айтып, оны заң жобасынан алып тастауды ұсынды. Бұл ұсынысты мен де қолдаймын.
– Заңның жұмыс тобындағы кейбір әріптестеріңіз заң жобасын сынға алып жатыр. Бұл туралы не айтасыз?
– Кез келген заң жобасын талқылауда сынның айтылуы заңды. Өзім де бірқатар баптар бойынша келіспейтінімді білдірдім. Себебі Масс-медиа туралы заңның сөз еркіндігін қамтамасыз ететін заң болғанын қалаймыз.
– Сіздің ойыңызша, бұл заңда журналистердің құқығына қатысты қандай мәселелер қамтылмай қалды?
– Заң жобасын талқылау әлі де жалғасады, жұмыс тобы заң жобасының тарауларын ретімен талдап келе жатыр. Сондықтан бұл сұрақтың жауабын кейінге қалдырсам деймін.
Өз басым заңда журналист міндетті, уәкілетті орган бақылайды, қадағалайды деген тіркестердің азайып, журналист тәуелсіздігіне, сөз еркіндігіне кепілдік беріледі деген тіркестің көбірек болғанын қалар едім…