Қазақстандық профессор әлемдегі ең беделді ғалымдардың бірі атанды. Бұл туралы Aikyn.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-техникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Сәрсенбек Монтаев «Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2%-ы» (World’s Top 2% Scientists) рейтингіне енген.
Elsevier ғылыми баспасының соңғы мәліметтеріне сәйкес, әлемнің ең үздік ғалымдарын Стэнфорд университетінің сарапшылары құрастырды. Рейтинг негізіне бүкіл библиометриялық мәліметтері: ғалымдардың мансабындағы барлық және өткен жылдағы дәйексөздері алынады.
Сәрсенбек Монтаев қазір университеттің Индустриалды-технологиялық институтын басқарады. Құрылыс материалдарын өндіруде жаңа технологияларды әзірлеуші, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің топырағының құрылымдық-механикалық қасиеттерін жақсарту жөніндегі жобаның басшысы.
Профессор «Болашақ» бағдарламасымен Жапонияда нанотехнология мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өткен.