Қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бостандықты аңсап, тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл күнге дейін жеткен ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт-азаттық көтерілістердің тарихымызда өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталатыны рас.
Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға хан-сұлтандар, батырлар, қарапайым халықтың өзі де жандарын пида еткен. Тәуелсіздік деген ұлы жеңіске қол жеткізуде әлі де жаңғырып тұрған кешегі Желтоқсанның да септігі аз болған жоқ. Студент жастардың көшеге шығып үндеу жасауы және егемендік үшін зардап шегуге дайын екендігін көрсете білуі барша халыққа сенім мен жігер берген болатын.
Егемендікті алған 90-жылдары еліміз үшін оңай болмады. Жер-жерлерде азық-түлік, киім-кешек тапшылығы жиі кездесіп әлеуметтік жағдайымыздың әлсіз тұстары бар едi. Тіпті, біздің жетіліп азаттығымызды сақтап қалуымызға шекесінен қарап, сенімсіздік танытқандар да болды. Сол кездегі қиыншылық атаулының баршасын артқа тастап, бүгінде әлеуметтік жағдайымыз әлдеқайда жақсарды дей аламыз. Қазір шалғай жатқан ауылдарымыздың өзінде соңғы үлгідегі мектеп, балабақша, ауруханалар өз жұмыстарын жасап, келешек ұрпақтың білімді, дені сау болып жетілуіне баса назар аударылып, тәрбиелеп келеді. Қазақ елінің егемендігін мәңгілік ету үшін болашақ ұрпақ жан-жақты болуы керек. Ол – бүгінгі күннің талабы. Өйткені, қазір найза ұстап жауға көзсіз ұмтылудың емес, білім мен саяси сауаттылықтың заманы. Бабалардан аманат болып қалған осынау ұлан-ғайыр жерді тек, білімді, ұлтын сүйгіш азаматтарды тәрбиелеу арқылы аман алып қаларымыз анық.
Қазақстан тәуелсіздік жылдар ішінде еліміз өзін әлемге жақсы қырынан таныта білді. Сындарлы саясаттың арқасында Қазақстан әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен санасатындай жағдайға жетті. Әрине, 32 жыл дегеніңіз тарихқа салғанда анау айтқандай уақыт мөлшері емес. Бірақ, бізден әлдеқашан егемендіктің таңы ерте атқан елдермен иық тіресе алатынымызды көрсетіп келеміз. Қай салада болсын ел мүддесіне келгенде тектіліктің үлгісін сақтаған халқымыз, өздерін алдыңғы қатардан көрсетіп келеді. Спорт, мәдениет, ғылым, экономика және әлеуметтік жағдайларымызбен өзге мемлекеттер еріксіз санасатын жағдайға жеттік. Шетелдердегі күрделі мәселе болып тұрған шекара дауын осы уақыт ішінде шешіп, өз шекарамызды белгілеп алдық. Бұл да болса, елдігіміздің көрсеткіші екені сөзсіз. Өйткені, елдікті сақтау жерімізге ие болудан басталады. Сонымен қатар, кез келген сыртқы жауға қарсы тұратын, Қазақстан әскерін қалыптастырдық. Бұның бәрі айтқанға оңай болғанымен іс жүзінде кәдімгі өжеттілік пен ыждағаттылықты талап ететін, азаматтарымыздың Отан алдындағы борыштарын адал атқарғандықтарының белгісі. Тәуелсіздіктің мәңгі болуы мақсатында елімізде түрлі шаралар мен ұлттық рухты көтеріп, келешек жастарды патриоттыққа тәрбиелейтін ән, жыр-шумақтары жазылып, батырларымызға арнап монументтер қойылып келеді. Соның бір айғағы ретінде еліміз бойынша аталып өткен «Қазақ хандығының – 550 жылдығы» мерейтойын айтсақ болады. Бұл ісімізбен өзгелерге, Қазақ елінің өз тарихы бар екенін, тәуелсіздігімізге кеш қолымыз жеткенімен оның алдында да мемлекет болғанымызды көрсеттік.
Осы жерде басшысына бағынып, елдегі ынтымақтың ұйытқысы болып отырған отандастарымызға алғыс айтуымыз керек секілді. Қазір әлемнің қай бұрышында болсын бүлікшілер белең алып, тыныш елдің құтын қашырып жатқандар жетерлік. Сол қырғын-соғыс пен бейбіт елдің берекесін кетіргендерден сабақ алып отырған халқымыз елдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтауы еліміздің әрі қарай дамуына бірден-бір себеп болып отыр. Жаратқан ел еңсесін тік етіп, Отан тыныштығын ойран қылушылардан сақтасын.
Сұлушаш МАДИЯРОВА