«Уақыттың бос кеткені – өмірдің бос өткені» демей ме? Олай болса бүгінгі күні желіге желімдей жабысып, телефонмен таңын атырып, күнін батыратындардың қанша өмірі бос өткенін ойлаудың өзі қорқынышты. Өйткені, қазір баланың ойынын, оқушының кітабын, жастың санасын, қарияның батасын ұмыттырған интернеттің дәурені жүріп тұр. Сәбидің шырылынан бөлінетін түнгі ұйқыны қазір қалтафонның сылдыры ұрлайтын болған. Төсегінің төріне қуаттағыш пен ұялыны шығарып қойып күн қызарып шыққанша пайдаланатын жастар да жетерлік. «Әләуләйлім таусылса, хәләуләйлім тағы бар» деп секундтар мен сағаттардың қалай өтіп кеткенін білмей, ғаламның торына біртіндеп шырмалып жатыр. Әлемді өз ырқына көндіріп отырған әлемдік тордың пайда болғанына биыл 28 жыл. Дегенмен, отызға жетпесе де дүниені дүр сілкіндіріп, жаһанды жаулап барады.
Алғаш пайда болған сәтте «Сыныптастар» желісі баршаға белгілі болған. Бұл алыстағы дос-жаран, құрбы-құрдаспен хат алмасып, тіл табысудың тиімді тұсы еді. Ал, қазір осы сияқты желілердің санында шек жоқ. Дегенмен, барлығы бірдей қолданыста деп айту қате. Өйткені, жастардың көп кәдесіне жаратары «Инстаграм» мен «Вконтакте» желісі. Бүгінде аталмыш екі сайттың тіркелушілері бір-бірінен асып түседі. Әуелгісі миллионға жетіп жығылса, екіншісі миллионның үстінде тұр. Қазіргі қоғамның дамыған белгісі шығар бұл желілер тек хат алмасу қызметін атқармайды. Осылар арқылы видео мен фото жіберуге, әртүрлі кинолар мен жұлдыздар өмірінен хабар алуға болады.
ХХІ ғасырдың басты жаңалығы болған интернет желіні қазір қолданбайтын адам жоқтың қасы. Әркімнің пайдалану мақсаты да әрқалай. Бірі бизнес бастап, кәсібін өрге домалатып нәсібін тауып отырса, енді бірі бойындағы дарынын халықтың «лүпілі» арқылы айналаға паш етуде. Енді бірі ғаламторға танысу, табысу мақсатымен кірсе, кейбіреулер мақсатсыз экран сипап, уақытын өткізуді құп көреді. Дүниедегі 7,5 млдр адамның тең жартысы интернетті тұрақты түрде қолданады деген дерек бар. Ал, Қазақстанда 9 миллионнан аса қолданушы бар. Бұлардың арасында жасы да, жасамысы да жетерлік. Құмнан қала тұрғызып, балшықтан торт жасап, ағаштан ат мінетін балалардың көбісі клавиатураны серік еткен бұл күнде. Бұл кез келген адамға айқын болып тұрған ақиқат. Мектеп жасындағы әрбір оқушыда бір-бір смартфон және әрқайсысының жеке парақшасы бар. Осылардың арасында жасын өсіртіп, өзі жайлы жасырын ақпарат беріп қоятындар да кездеседі. Қаза берсең қызығы таусылмас әлеуметтік желі арқылы танысып, отбасын құрғандар да, осы желінің кесірінен шаңырағы шайқалып, берекесі қашқандар да бар. Тіпті қазір интернет арқылы кімнің қайда, кіммен жүргендігін білуге болады. Сансыз адамды сымсыз байланыстырып отырған әлеуметтік желінің әлеуетке тигізер пайдасы мен зияны бір-біріне пара-пар. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты дайын болған дүниенің де кесірі мен кесімді тұсы бар. Ғаламтор да дәл сондай. Талайдың санасын улап, ұйқысын ұрлап, денсаулығына зардап келтіретіндігін ойласақ пайдасынан зияны көп пе деп қаламыз?! Өйткені, психологтардың айтуы бойынша желі байланыстары дүниетаным дамуын, қоршаған ортаны сезінуді, айналадағы құбылыстарға мән беруді шектейді. Ал, ғалымдардың зерттеуі «Инстаграмды» депрессияға ұшыратады десе, «Тик-ток» суицидке итермелейді дегенді анықтаған. Бұлардың қатарына дәрігерлердің де сараптамасын қосып қойыңыз. Түрлі парақшалар ашып алаяқтықпен ақша тауып, талайды сан соқтырып кеткендер де жоқ емес. Бойжеткендер мен бозбалалар да бармақтарын тістеп қалатын кездер бар. Телефонсыз өмір сәнсіз, интернетсіз күнің мәнсіз деп түсінетіндер бұл зиянды білмейді дейсіз бе? Әрине, біледі. Тек өзіне шектеу қоя алмай жүргендер. Интернет алғашында қызықтырады, сосын тәуелділікке жетелейді. Шынжырсыз байланып қалғандықтан құрсауынан босау қиынға соғады. Шынайы өмірден қашып, виртуалды әлемді жөн санап, күніне басылатын «лаикқа» лайық боламын деп, жалған сөздер мен жасанды суреттерді салуға құмартып кетеді. Осылайша бірте-бірте шынайылық пен сезімталдықты ұмыта бастайды. Қолдану аясы кемерінен асқаннан кейін «у» болып өршіп, жан дүниеңді жансыз затқа айналдырып жібергендей болады. Отбасы, ошақ қасындағы ата-ана, аға-қарындастан парақшадағы пайдасыз «подписчиктері» артық көрінеді. «Ашынғаннан шығады ащы даусым» деп ғаламтордың зиянды тұстарын жіпке тізсек таусылмас. Тек одан қалай қорғанып, ұялыны қалай қолданудың дұрыс жолын жасауымыз қажет. Ол үшін қайтпек керек? Бұл орайда ойға түйіп ұстайтынымыз бесіктегі тәрбиеге байланысты. Өйткені, «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген халық емеспіз бе? Үйдегі баланың жұлынын желіге байламай, самайын күнге сүйгізіп, табанын құмға тигізіп, таза ауаға шығарып, тіршілікке араластырып өмір сүргізу қажет. Ал, мектеп оқушыларын әркез қадағалап, білім ордасына қалтафонсыз жіберуді дағдыға айналдыру керек. Сондай-ақ, үлкеннің ісі, кішіге өнеге дегенді ұмытпаған жөн. Шаңырақта телефонға телмірмей әке ақыл айтса, ана тәлім берсе, оны көрген ұл мен қыз оқ жонып, тон пішеді. Бүгінгі таңда ұялы телефонсыз заман ағымына ілесе алмаймын деп қорқудың қажеті жоқ. Тек шегі мен шекарасын дәл әрі нақты сызып алған жөн. Әйгілі Калифорния штатында Силикон алқабындағы ғылым ордасының оқу тәртібі осыған саяды. Бұл алқап әлемдегі ең үздік технологияларды дайындайтын ғалымдардың мекені. Ең қызығы аталған білім ордасында компьютер атауымен жоқ. Тек кітапқа толған сөрелер мен тақта және бор кездеседі. Керек десеңіз калькуляторды да пайдаланбайды. Күрделі есептерді тақтаға сызып, ойша шығару мектептің қатаң заңы.
Тағы бір ескеретін жайт, осындай тәртіп Силикон алқабындағы ата-ананың талабымен орын алып отыр екен. Ал, біз бәсекелестікке түсіп баламыздың болашағына балта шауып жатырмыз. Көштен қалмасын деген жалған намыс баланың өздігінен ізденуге, оқуға деген құлшынысын оятуға кері әсерін тигізеді. Сол себепті ұялысыз өмірді ұят санамай сапалы біліммен қалыптастыруға ат салысайық. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып әрбір ата-ана білім ордаларына телефонсыз кіруді талап етсе тіптен жақсы. Ал, үй жағдайында қолдарына қалтафонды ұстата салмай, белгілі бір шарттар қойып, соны орындаған сәтте ғана берсе жеткілікті. Оның өзінде бір сағаттан кем болмаса құба-құп. Бала әрине баста ренжіп, сізге өкпелеуі мүмкін. Бірақ, ол ешқашан ата-ана сөзін аттап өте алмайды.
Сол себептен үйге қатаң тәртіп пен қатал заң орната білу керек. Есесіне, телефонға телмірген түрден тынық әрі тыныш миды қалыптастырамыз.
С.МАДИЯРОВА