Айналдырған алты айдың өзінде ғана елдегі Қорғаныс, Шекара қызметі мен Ұлттық ұлан сапындағы сарбаздардың әлеуметтік-психологиялық жағдайы жиі сөз болды. Әсіресе, әскердегі әлімжеттік пен сарбаздар арасындағы суицид оқиғалары да естіген жұрттың жағасын ұстатып, қоғамның теріс пікірін туғызғуға себеп болып отыр. Сол себепті әскердегі тәртіпті сырттай сөз ететін сарапшылардың емес, Отан алдында міндетін өтеп жатқан сарбаздармен тікелей жұмыс істеп жүрген салаға жауапты мамандарды дөңгелек үстел басына шақырып, ой-пікірімен бөлісуді жөн көрдік. Өйткені халық тарапынан айтылып жүрген талай сұрақтың жауабын әскерилердің өз аузынан естіп, мәселенің мәнісін білгіміз келді. Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық, идеологиялық жұмыс басқармасының мамандары, әлеуметтанушы мен психолог, жеке құраммен жұмыс істеген әскери қызметкермен бірге әскердегі тәртіп пен әлімжеттіктің түп-төркініне үңіліп көрген едік.
AIQYN:
– Дөңгелек үстелімізге қош келдіңіздер! Әңгімемізді әскерилердің әлеуметтік-материалдық және әлеуметтік-психологиялық ахуалынан бастасақ…
Мемлекет әр сарбаз үшін ақша төлеп отыр
Әлішер ӘБДІРӘСІЛ,
Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы
тәрбие және әлеуметтік-құқық-
тық жұмыстар басқармасының
қызмет бастығы:
– Қазір бір жылдық әскери міндетін орындауға келген әрбір сарбаз 3 300 теңге айлық алады. Үш мезгіл тамағы тегін. Тамақтың бір тәуліктегі нормасы – 2 250 теңге. Қарауылға түссе, қосымша тамақ беріледі. Мереке күндері де қосымша тәттілер бар. Екі түрлі формасы, қыстық және жаздық аяқкиімі, қарауылға түскенде киетін пимасы тегін. Соның ішінде далалық киім жылына екі рет беріледі. Қоғамдық қауіпсіздікті күзететін сарбаздар негізгі формадан басқа бір аяқкиім, келте тон да алады. Одан бөлек, аптасына бір рет сарбаздар моншаға барады. Барлық төсек-жабдығы уақытында ауыстырылады.
Өзіміз де кезінде рота командирі, бірнеше жыл бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары болдық. Бұрынғыдай емес, қазіргі сарбаздардың әлеуметтік қамсыздандырылуы өте жақсы. Неге олай деп отырмын, себебі сарбаздардың бірінші кезекте күнделікті тоя тамақ ішуін бағамдаймыз. Қазір асхана үстелінде көбінесе нан қалып кетеді. Бірінші және екінші астан кейін де тамақ артылып қалады. Сондықтан сарбаздың ас-ауқат жағынан хал-жағдайы төмен екен дегенге 100 пайыз келіспеймін. Сол секілді күнделікті жуынып-шайынуға арналған заттары да беріледі. Сонда сарбаз өзіне тек қана жеке гигиеналық қырыну құралдарын ғана сатып алады. Ол үшін біз әрбір сарбазға ай сайын 3 300 теңге айлық береміз.
Сарбаз әскер сапына алынғаннан кейін алғашында оқу пунктіне келеді. Сол жерде оларды өңір-өңірге бөліп, ата-аналарын тіркеп, What’App топ ашамыз. Мысалы, мен бірінші оқу взводының командирімін делік, взводымдағы бірнеше баланың әрқайсысы үшін топқа жауапты боламын. Біз ата-аналардан балаларға ақша жібермеуін, «егер ақша сұрайтын болса бізге хабарлаңыз» деген өтініш айтамыз. Өйткені мемлекет әр сарбаз үшін ақша төлеп отыр. Одан кейін сарбаздар негізгі роталарға түседі. Олар өзінің қызметі бойынша қарауылға, патрульдік күзет қызметіне түседі.
Иә, сарбаз бұрынғыдай хат жазбайды. Хаттың орнына демалыс және мереке күндері взвод немесе бөлімше командирлері, сержанттарының телефонын алып, ата-анасына, бауырларына хабарласа алады.
Он сарбаздың 8-інде кредит бар
Рүстем ИГІСІНОВ,
Қорғаныс министрлігі Тәрбие және
идеологиялық жұмыс департамен-
тінің аға офицері, майор:
– Полковник мырза негізгі қамтамасыз етілуді айтып кетті. Біздің жарғымыз бен ережелеріміз ортақ. Сарбаздарымыз да бір жерден, яғни Қорғаныс министрлігінің өңірлік департаменттері арқылы шақыртылады. Бізде де сарбаздардың ата-анасымен тілдесуге арналған командирлердің What’App топтары құрылады. Әрбір рота командирі ротасындағы сарбаздардың ата-аналарымен ұдайы байланыста болады. Себебі әр сарбаздың шыққан жері тәрбиесі, білім деңгейі, жасы әртүрлі. Сондықтан олардың әрқайсысына жеке көзқарас қажет. Қажет жағдайларда «Балаңызда мынандай қылықтар байқалады» деп ата-анасына ескерту жасай алады.
Сосын былтырдан бері Қорғаныс министрлігінің бастамасымен «Отбасымен бейнеқоңырау» жобасы басталды. Қазір барлық әскери бөлімшеде аптасына екі рет сарбаздар өздерінің кестесіне сәйкес, интернет арқылы бейнебайланысқа шығып тұрады. Бұл үшін арнайы дайындалған бөлмелер бар. Жігіт болған соң кейде сарбаздардың өздері «қайта-қайта сөйлесе бергіміз келмейді» деп ұялып, байланысқа шыққысы келмейді. Бірақ ата-ананың көңілі алаңдамау үшін балаларын мейлінше жиірек байланысқа шығарудың жолын қарастырамыз. Дегенмен біз ата-аналарға балаларымен тілдескен кезде отбасындағы мәселелерді, кейбір жағымсыз жаңалықтарды айтпауын өтінеміз. Өйткені саптағы сарбаздың көңілі әр нәрсеге алаңдамауы тиіс. Кейде үйдегі ұсақ-түйек мәселенің өзі үйден жырақта, әскери тәртіпте жүрген баланың басына әртүрлі ойларды тудыруы ғажап емес.
Сондай-ақ «Кредиттік демалыс» деген жобаны қолға алып жатырмыз. Оның мақсаты – мерзімді әскери қызметке алынған сарбаздың қаржы ұйымдарының алдындағы берешегін 12 ай бойы уақытша тоқтату. Қазірдің өзінде қаржы басқармалары және екінші деңгейлі банктермен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Себебі қазір келіп жатқан 10 сарбаздың 8-де кредит бар. Балаларының басындағы қарызды ата-аналардың жартысы біледі, жартысы хабарсыз. Сарбаздардың көбі банктерден бөлек, пайызы жоғары және кредит алуға тез арада рұқсат беретін «Жылдам ақша», «Ақшамат» секілді микроқаржы ұйымдарының қызметтерін пайдаланған. Біз де өз тарапымыздан сарбаздарға қарызды жасырмау керек екенін айтып түсіндіреміз. Есепшоттарын бұғатталған соң сарбаздар ай сайынғы төленетін айлықтарын ала алмай жатады.
Тағы бір жаңалық, Ғылым және жоғары білім министрлігімен меморандумға қол қойылды. Ол бойынша Қорғаныс, Шекара қызметі мен Ұлттық ұланда мерзімді әскери қызметін өтеген сарбаздар 41 ЖОО-на тегін оқуға мүмкіндік алады. Яғни, әрбір университеттің белгіленген квотасы болады. Әуелі комиссия отырысында әр сарбаздың жетістіктері ескеріледі. Ол тек ғана бакалавр ғана емес, ал жоғары білімі бар сарбаздың да осы жоба арқылы магистратураға түсуін де қарастырдық. Яғни, барынша сарбаздарды әлеуметтік-психологиялық жағынан қолдау бойынша жұмыс істелуде.
Әскер – қоғамның кішігірім моделі
Рамазан САТТАРҰЛЫ,
әлеуметтанушы:
– Қоғамдағы әскери өмірге деген жұрттың көрқарасына байланысты жүргізілген соңғы зерттеулерінің басым көпшілігі сіздер сипаттағандай әскери саланы әдемі етіп бейнелемейді. Бүгінгі әскердің сипаты жігіттері құлшынып баратындай деңгейде емес. Жастардың тең жартысы әскери борышын өтемеудің жолын қарастырғысы келіп тұрады. Бүгінгі билік те максималды түрде қоғамдық пікірдің жетегінде келе жатыр. Бұрынғы екі жылдықты мерзімді бір жылдыққа ауыстырдық, 24-25 жасқа толсаң, әскерге бармай 40 күннің ішінде тиісті соманы төлеп, заңды түрде әскерге мүлдем бармауға болады. Жастар арасында Отан алдындағы міндетін өтеуге деген құлшыныс жоқ. Анда-санда астыртын саяси технологтардың қақпанына түсіп қаламыз ба, ел арасында да әскердегі селт еткізер оқиғалар жиі жарияланып тұрады. Бұл қарапайым халықтың түсінігіндегі әскерді басқалай елестетуге сеп болып отыр.
Әскер – қоғамның қоғамның кішігірім моделі. Экономикамыз бен саясатымыз оңып тұр, әскеріміз ғана оңбай қалыпты деп тағы айта алмаймыз. Себебі әскерге баратын сіз бен біздің баламыз. Әскерге барған балаң әлжуаз болса, қоғам да әлжуаз деген сөз. Қазір әскердегі баласымен байланыса алмай қалса, үйдегі ата-ана күйзеліске түседі. Біздің кезде екі жыл бойы шешеммен телефонмен тілдеспедік. Айлап, жылдап хат-хабар алатынбыз. Әлі есімде, Семейдегі шалғай ауылдан Грузияға 5-6 рет телеграмма келген. Сөйлесу уақытын 4 сағат күтесің. Сөйтіп, бір рет те шешеммен телефонмен сөйлесіп көрмеген екем. Екі жылда күйзеліске түспей-ақ, түк болмай келдік. Сондықтан әскердегі ахуалдың бір ұшын қоғамның әлжуаздығынан іздеу керек. Қазіргі ата-ана психологиялық тұрғыда күйзеліске төтеп бере алмайды. Әскерге барған бала «Кез келген уақытта Отан үшін құрбандыққа дайынмын» деп барады. Біз осыны қаперден шығарып алдық. Біздің 30 жылдағы көп кемшіліктің бірі – әскердегі идеологияның дұрыс жүргізілмеуі. Кеңес әскерінің идеологиясы мықты жүрді. Одақ құрамындағы ұлттардың барлығын Кеңес Одағына аянбай қызмет еткізу басты идеология еді, соның басты құралы әскер болды. Ауылдан не қаладан, білімің бар ма, жоқ па, тіл білесің бе, білмейсің бе, 2 жылдан кейін орысша сайратып, кеңестің саясатын миына құйдырып, барлығын ағайын-туыс қылып жіберетін. Оған қоса, мамандығы бар. Осы модельді 30 жыл өтсе де біздің қазақ әскері қолдана алмай келеді. Біздің миымызға сол кездің саясатын құлаққа құйып, санамызға сіңіріп тастағаны сонша, 6 жылда 6 рет Ауғанға барамын деп өтініш бергем.
Осы қалпындағы қазақ әскері қажет пе?
AIQYN:
– Әскердегі әлімжеттікті алып қарасақ, кеңестік кезеңде сарбаздардың жас айырмашылығы, біржылдық тәжірибе де үлкен рөл ойнады. Ал қазіргі жағдайда барлығы бір жылда келеді. Жеке құраммен жұмыс істеген адам ретінде айтыңызшы, әскерде әлімжеттік бар ма?
Әмірхан ЕРКЕБҰЛАН,
запастағы старшина:
– Әскерге келген әр сарбаздың мінез-құлқы, тәрбиесі, танымы әртүрлі. Біреуі – атасының, біреуі – әжесінің, бірі – ата-анасының ерке баласы. Бізге келген күннен бастап олар ішкі тәртіпке үйренеді. Қазір казарманың өзінде дәретханаға дейін бейнекамера орнатылған. Кез келген уақытта тексеріс келеді. Әр сарбаздың өзінде қарапайым телефон бар. Демалыс күні ата-аналарымен хабар алмасуына болады. Оларға сөйлесу үшін бір сағат уақыт беріледі. Телефонды жинап алған соң әке-шешесімен сөйлескенін білу үшін телефонды тексереміз. Кейбіреуі белгіленген уақытта ата-анасына емес, қызына немесе досына хабарласады. Сосын ата-анасы хабарсыз кеткен баласы үшін алаңдап жатады. Оны ауылында байланыс жоқтығымен түсіндіреді. Сосын біз олардың уақытына ыңғайлап, ата-анасы хабарласатындай қосымша мүмкіндіктерді қарастырамыз. Ал қоғамда айтып жүргендей, әскердегі әлімжеттік, қол көтеру деген қорғаныс саласындағы әскери қызметкерлер арасында жоқ.
– Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев бір сұхбатында «Әскердегі әлімжеттіктің 90 пайызын келісімшартпен әскери қызметке алынғандар жасайды» деген. Бұл пікір қаншалықты рас?
– Ондай қызметте қазір механик-жүргізушілер ғана отыр. Олар әрқашан паркте техникамен жұмыс істейді. Ал сарбаздармен тек сержанттар мен офицерлер ғана жұмыс жүргізеді. Әрбір бөлімшенің жеке-жеке командирі бар. Әрбір сержант өз бөлімшесіндегі тәртіпті қадағалап отырады. Біреудің көңіл күйі болмай жатқанын байқаса да жеке шығарып сөйлесіп, не үшін жабырқап жүргенін, қандай мәселені шеше алмай жүргенін сұрап-білеміз. Қазір жуынатын бөлмеге дейін командирлер сарбаздарды сырттай бақылап тұрады.
Рамазан САТТАРҰЛЫ:
– Меніңше, әскерге шақырту келген күннен бастап баладан бұрын ата-ананың өзі өз-өзімен жұмыс жүргізу керек. Содан кейін барып баласына оның жауапты қызметке бара жатқанын, Отан алдындағы абыройлы міндетін атқарудың абыройлы қызмет екенін құлағына құйып жіберу қажет.
Кейде әскердегі әлімжеттікті улатып-шулатып, көрсете берудің өзі қаншалықты керек? Қылмыс болды делік, ақпарат бермес бұрын әуелі ашық зерттеңіз, талдаңыз, шын кінәлілерді табуға тырысыңыз, осындай оғаш оқиға қайталанбауы үшін басқа әскери бөлімшелерге таратыңыздар. Салдармен емес, себеппен күресуді үйренген жөн секілді. Бірақ «Ауруын жасырған өледі» деп тағы ойлайсың. Әскердегі әдеттен тыс оқиғалар кейде осы қалпындағы қазақ әскері қажет пе деген ойды тудырып жатыр.
Осы жерде әскерилердің психологиясымен жұмыс істеп жүрген маманды сөзге тартсақ. Әскери комиссияның алдынан жарамды болған жігіттердің жыл өтпей есінен танып, денсаулығы сыр беруінің себебі неде?
Айгүл ҚАРАМАНОВА,
психолог:
– Біріншіден, әскери бөлімшелердегі әскерлердің психологиясымен жұмыс істейтін мамандардың көптеген кемшілігі бар. Мысалы, психиатр мен психологтардың алдынан өткен сарбаздың суицидке баруы әскердегі әлімжеттіктен болды дегенге сене алмаймын. Себебі бұл – психологиялық ауытқулардың бір түрі. Бұл әскерге қабылдағанда дұрыс іріктеу жүргізбеген комиссияның шалағайлығы. Әскерге баратын баланы психиатр тұқымында психологиялық ауытқушылық бар ма, туған-туыстары, жақындарының арасында суицид жасаған жағдай болған-болмағанын зерттеу керек. Егер сарбаз медициналық тексеруден өтетін кезде әке-шешесі де психологиялық ауытқу бойынша есепте тұрса, оны алмау керек. Ол тұқым қуалайды. Екіншіден, қазір шизофрения барлық адамда бар. Күйзеліске түсіп кетсе, кез келген жағдайда өз-өзіне қол салуы мүмкін. Сондықтан мектептен бастап психология дамып келіп жатқан кезде «Патриоттық тәрбие» деген сабақты өткізу қажет. Әке-шешесі де «сен отан үшін жаралғансың» дегенді құлақтарына құйдырып өсірсе деймін. Үшіншіден, әскери психологтардың білімін жетілдіру керек.
Уақыт өткен сайын әдіс-тәсіл өзгереді
Рүстем ИГІСІНОВ:
– Қазір біздің әр бригада, әр полктің өз психологтары бар. Оның ішінде әрбір батальондарына дейін жеке әскери психологтар жұмыс істейді. Қорғаныс министрлігінің Құрлық әскерлері әскери институтының тәрбие және идеологиялық жұмыстар факультетінің ішінде «Психология» кафедрасын 4 жыл оқыған әскери психолог мамандарымыз тағы бар. Психологтарымыз Ресейдің әскери университеттерінде дайындалады. Азаматтық оқу орындарының әскери кафедраларында «психология педагогика» мамандығын бітірген мамандар әскерге шақырылады. Олардың өзінің министрлік бекіткен заңы бар. Соның ішінде өзінің белгілі бір тестілеулері бар. Олар әскерге шақырылған кезден бастап, әскерден кеткенге дейін ұдайы психологиялық зерделеуден өтіп отырады.
«Аңсұңқар» деген бағдарлама арқылы сарбаз әскерге шақыртылғанға дейін іріктеуден өтуі тиіс. Онымен қоса, моральдық-психологиялық бейімділігін тексереміз. Әр сарбаздың социометриясын, психологиялық портреттері жасалады. Психологиялық портретін жасау арқылы динамикалық бақылау топтарына кіргізіледі. Психологиялық тұрғыда тестілеуден төмен көрсеткіш жинаған, тәртіптік жағынан теріс қылықтарымен көрініп қалған әскери қызметшілер осы топқа түсіп, оларға деген бақылау басқалардан қарағанда жоғары болады. Өйткені олар ұдайы бақылауды қажет етеді.
AIQYN:
– Ол топты психолог шартты түрде құрып ала ма?
Рүстем ИГІСІНОВ:
– Иә, бірақ ол туралы ешкім білмейді. Психолог командирлеріне ескерту беріп қояды. Бірақ бұл бір орнында тұрып қалған дүние емес. Уақыт өткен сайын жаңа әдіс-тәсілдермен жұмыс істейді. Тағы бір тәжірибе, азаматтық психологтарды тарту. Яғни, сарбаз өзінің психологына үйреніп қалмау үшін әскери бөлімшеге сырттан маман шақырып, психологиялық тренингтер өткізеді. Бұл сарбаздың ашылуына және жаңа қырларын көрсетуіне көмектеседі.
Әлішер ӘБДІРӘСІЛ:
– Психологиялық жұмыс Қорғаныс министрлігі департаменттерінен басталады. Сол жерден сарбаздарды зерделейді, зерттейді. Алғашқы тексерістің өзінен әскерге өтпей қалатын балалар болады. Психологиялық тесттен, тексеруден өте алмай сүрінетін жігіттер бар. Одан кейін біздің оқу пунктінде балалармен тағы бір психологиялық жұмыс жүргізіледі. Бұл жерде де неше түрлі әдіс-тәсілдер бар. Мысалы, бізде күнделікті қарумен қызметке түсетін қызметтер бар. Олардың әрқайсысына жеке-жеке психологиялық тестілердің әдіс-тәсілдері бар. Жүргізушілердің тесті де бөлек жасалады. Қарауылға түсердің алдында тағы да психолог жұмыс істейді. Бізде де сарбаздың социометриясы жасалады. Ол жерде әрқайсысының ерекшеліктеріне қарай бөлінеді. Социометрия арқылы психолог өзіне қажетті дүниелерді зерттеп-зерделейді. Ол әскерде жылына екі рет жасалады. Одан кейін анонимді анкета алынып, ай сайын психологиялық диагностика жасатамыз. Айталық, қарумен қызмет жасайтын сарбазды 3 сағат бойы жалғыз өзін қалдыруға болмайтыны ескертіледі.
Психология әскерге кейіннен енді. Мысалы, бізге 2005 жылдан келе бастады. Оған дейін психиатр деген мамандар болатын. Олардың жұмысына көңіліміз толады. Дәл қазірдің өзінде жетістіктер бар. Біздің сарбаздың жан сырын білу үшін өз менталитетімізге келетін сауал керек. Бұл бағытта әскери психологтардың атқарып отырған жұмысы ауқымды. Алдағы уақытта осы саладағы ғылыми-зерттеу институттары біздің психологтармен бірлесіп жұмыс істесе екен деймін.
Рамазан САТТАРҰЛЫ:
– Әскерсіз мемлекет жоқ. Кеңестің әскері ақшамен қарық қылмаса да қолына күрек ұстатып, мамандық игеруге көмектесті. Кредит алып әскерге кету деген сұмдықты бірінші рет естіп тұрмын. Мүмкін біздің жігіттер әскерден келгенде кредитін өтей алатындай бір мамандықты қоса алып шықса деймін. Біз қазір көп мамандықты жоғары оқу орындарына аударып тастадық. Негізінде, қазір университетте оқытылып жатқан кейбір мамандық түрлері колледж деңгейінде тоқтау керек. Сарбаздан келген бала алғашқы кәсіби мамандықты колледжде де алуға болады.
Әскердің өзі кішігірім мектеп
Рүстем ИГІСІНОВ:
– Бұл бағдарламаны толықтырып кетейін. Бір жылда 37 мың сарбаз шақырылса, соның барлығы университетке түсіп кетеді деген сөз емес. Оның 20 пайызында онсыз да жоғары білім бар. Көбісі колледж бітіріп келеді. Алғашқы кезеңде 3000-4000 сарбаздың әрқайсысына мінездеме беріледі. Әскерде олардың оқу бағдарламасы бар. Әр сабақ бойынша білім деңгейі бағалану керек. Әскердің өзі кішігірім мектеп. Сондықтан бұл сарбаз ертеңгі күні Отанымызға жақсы жағынан пайдасын тигізе алатынына көз жеткізгенде ғана білімін жалғастыруға жолдама алады.
Әмірхан ЕРКЕБҰЛАН:
– Әскерге алғаш келгенде балалар қазақ әскерін шетел киносындағы әскермен салыстырады. Мысалы, арнайы жасақ жауынгерлері туралы әлеуметтік желі арқылы көріп алып, сондай болуға еліктейді. Бірақ іс жүзінде оларға алғаш келгенде әскерде сабақ оқиды. Сол кезде «9 жыл сабақ оқып келдім, тағы сабақ оқимын ба?» дейтіндері бар. Ондай балаларды өз мақсатынан айнып қалмау үшін көбірек спортқа баулимыз. Әскерге келгенін сезіну керек.
Рамазан САТТАРҰЛЫ:
– Әскери саладағы келеңсіздік – қоғамның бір ауруы. Өкінішке қарай, қазір ұлмен отырып айтатын ортақ әңгіме жоқ. Ақыл айтайын десең, өзіңнің білімің аз. Элитамыз қарапайым халықтың мұқтаждығын түсінбейді. Қоғамдағы әділетсіздіктің салдарынан адамдар бір-бірінен дараланып, тағы да сол жалпы қоғамның осындай келеңсіздіктері сарбазбен бірге әскерге де келеді. Әскердің мәселесін қоғамнан ажырата алмаймыз. Бұдан бөлек, әскер беделінің түсуіне БАҚ өкілдерінің хайп ақпарат қуып, әр нәрсенің байыбына бармай бас-көзге салмай кез келген дүниені дабырайтын жариялай беруінде.
Рүстем ИГІСІНОВ:
– Әскердегі құқықбұзушылықтың белгілі бір статистика жүріп отырады. Қазір бұрынғымен салыстырғанда қылмыстық істердің статистикасы төмендеп келе жатыр. Әкімшілік құқықбұзушылықтардың кейбір кездері өсу динамикасы кездеседі. Себебі қазір кез келген азамат жол-көлік ережесін біліп-білмей бұзып қояды. Оның барлығы сарапталып отырады. Тіпті, азаматтық емханаға барған әскери қызметкердің қандай өтінішпен келгеніне дейін біліп отырамыз. Барлығы зерделенеді.
AIQYN:
– Әскердегі әрбір келеңсіз оқиғаны БАҚ өкілдерінен бұрын күштік құрылымның өздері бірінші болып сараптап, жан-жақты талдап беру керек шығар. Өйткені ақпаратты кім бірінші берді, соның ықпалы күшті. Қоғам оның ақ-қарасын анықтап жатпайды. Қалай берілді, солай қорыта береді. Ендігі жерде осындай жағымсыз теріс ақпараттың алдын алуға бола ма?
Қаталдық пен қатыгездік екі бөлек нәрсе
Рүстем ИГІСІНОВ:
– Қорғаныс ісі жөніндегі департаменттер іріктеу жасаған кезде баланың физиологиялық ауруына қарап алады. Бірақ психологиялық ауытқуын 100 пайыз анықтау мүмкін емес. Өйткені кейбір адамда эндогендік типтегі психологиялық ауытқушылық тумысынан болады. Ол белгілі бір кезеңде сыртқа шығуы мүмкін. Ал саладағы заңдарды қатайту әскердегі құқықбұзушылықтың түбегейлі жойып жіберуге қауқары жетпейді. Өйткені әскер де қоғамның бір бөлшегі. Қоғамда болып жатқан келеңсіздіктер әскерде де кездеседі. Біз сондай жағдайлардың орын алмауына жұмыс істейміз.
Әлішер ӘБДІРӘСІЛ:
– Жастар қазір телефонда отырады. Бір үйдің еркесі. Не істеймін, не киемін демейді. Барлығын өзі біледі. Ал әскерге келгенде бір күнде осы еркінің барлығынан айырылып қалады. Әжетханаға да сұранып барады. Командирлерді де ақтамаймын. Бауыржан атамыз айтқандай, айқайламай болмайды, бірақ айқайдың өзін ақылмен есептеп жасаңыз. Сондықтан қаталдық пен қатыгездікті ажыратып алу керек. Қазір сарбаз таңдап келуге командирлер барғысы келмейді. Себебі балалардың ата-анасы алғашқы күннен «Сиком қалай, Биком не істеп жатыр? Не жеп жатыр?» деп телефондарына тыным бермейді. Әскерде ортақ тәртіпке бағындыра алмаса, командирдің үстемдігі болмаса, әскердің қажеті не? Ата-анасы ұлдарын әскерге моральдық, психологиялық, физикалық тұрғыда дайындап жіберсе, қазақ әскерінің қуаты мығым боларына сенімдімін. «Бір жыл Отанның адамысың, үйің – казарма, әке-шешең – командирлерің, бізге ұят келтірме» деп жібергенде ғана мықты сарбаз болады.