Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров кеңес ұйымдастырып, оған бұрынғы мемлекет басшылары – Асқар Ақаев, Құрманбек Бакиев, Роза Отунбаева, Алмазбек Атамбаев, Сооронбай Жээнбеков қатысты.
«Кездесу орны белгілі себептермен бейтарап аумақ болып белгіленді» деген ақпаратты АКИpress агенттігіне ел президентінің баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев растаған.
«Еуразия аумағында ұлы державалар құрған ежелгі қырғыздардың бүгінгі халі қандай? Бірліктің жоқтығынан, билік үшін күрестің кесірінен біз ежелгі империямыздан айрылып, Орталық Азияның бір бұрышында қалып бара жатқан сияқтымыз. Тәуелсiздiгiмiздi жарияласақ та, дамуымыз неге бәсеңдеп барады?
Осындай сұрақтар бірінен соң бірі туындайды. Бізде қазір солтүстік-оңтүстік, 7 облыс болып бөлініп, әрқайсысы тек өз қамын жеп отырғанымен қоймай, өкінішке қарай, қазір қырғыз халқы әр президентті жақтап, сол арқылы тағы 7-ге бөлініп жатыр.
Бірақ Қырғызстанның болашағы біз үшін маңызды болса, Ақаев, Бакиев, Атамбаев, Отунбаева, Жээнбеков және т.б. ұғымдарды жоюымыз керек. Баршаның басын біріктіре отырып, халықтың болашағын ойлауымыз қажет. Басшылар бірлігі болмаса, қолдаушылар біріге алмайды. Бастапқыда халық сайлап, соңы қайғылы аяқталған барлық президентті жинасақ, бәлкім, бір жұдырықтай жұмылған біртұтас ел болармыз деген ой мені көптен бері қинап жүрді», – деп жазды Садыр Жапаров өзінің Facebook-тегі парақшасына.
Оның айтуынша, бұрынғы президенттер реніштерін айтып, кемшіліктерін де мойындаған. Ең бастысы, олар қазір бір-бірін кешіріп отыр.
Иә, халқымыздың көзқарасы бойынша қарасаңыз, әркімнің қателігі болды: қайғылы оқиғалар, тіпті қантөгіс. Ақаевтың кезінде – Ақсый оқиғасы, Бакиевтің кезінде – сәуір оқиғасы, Уақытша үкімет кезінде – маусым трагедиясы, Жээнбековтің кезінде – қазан оқиғасы. Өкінішке қарай, Қырғызстан тарихында бұл оқиғалардың бәрі қара әріппен жазылған. Осылайша, қырғыз жастарынан – ұлдарымыздан айырылдық. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарының наразылығын түсінемін, – деді қазіргі президент.
Осы орайда ол барша жұртты 5-10 жылдық мүддені емес, мемлекеттің мүддесін ойлауға шақырды.
«Маған дейін келген мемлекет басшыларының әрқайсысына жеке мүддем де, жеке қызғаныш та жоқ. Осыны баса айтуым керек!» – деп түйіндеді сөзін Садыр Жапаров.