XXI ғасырда ғылым мен техника, экономика мен өндіріс қаншалықты қарқынды дамығанымен, көптеген елде ұрпақ тәрбиесі аса маңызды мәселелер қатарына қосылып отыр. Бізді де осы жағдай мазалайды.
Қазіргі уақытта қоғамда ұлттық рух әлсіреп, перзенттік және азаматтық борыш ұғымдарының мәні құнсызданып, жастар арасында зорлық-зомбылық, суицид және тағы да басқа жағымсыз құбылыстар көбейіп, қоғамда алаңдатушылық туғызып отыр. Тиісті шешімдер қабылданса да, жастар тәрбиесін дұрыс жолға қоя алмай келеміз.
Өткен жылдың соңында Қатардағы футболдан әлем чемпионатына Жапония жанкүйерлері мен футболшылары өздерінің зор адами қасиеттерімен баршаны таңғалдырды. Чемпионаттың басынан аяғына дейін өздерін өте мәдениетті ұстады, әр ойыннан кейін отырған орындарын, киім ауыстыратын бөлмелерін тап-тұйнақтай жинағандарын көргенде, дән риза болдық. Әлгі жанкүйерлердің барлығы дерлік жақсы қызметтерде жүрген, жағдайы бар жандар. Соларға қарап, біздің де жастарымыз осындай тәрбиелі болса ғой деп армандадық.
Жапон елінде жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру қашан және қалай басталды? 1879 жылы император Мэйдзи елді аралағанда, жастардың адамгершілік тәрбиесіне көңілі толмай, «Білім берудің ұлы ұстанымдары» деген жарлық шығарады. Онда: «Адамдар алдымен өз бойында руханилықты қалыптастырып, адамгершілік (моральдық) қағидаларды ұстануы керек, содан кейін олар өз қабілеттеріне сай әртүрлі пәндерді, кәсіпті меңгере алады», деп жазылған. Осы жарлықтан кейін Жапония білім мен тәрбие беруде Конфуцийдің моральдық-этикалық ұстанымдарына орала бастады.
Мен 2008 жылы Цукуба университеті ғалымдарының шақыруымен Жапонияға бардым. Сонда бір күн бойы осы университеттің бастауыш мектебінде болдым. Бұл мектеп 1880 жылы император Мэйдзидің жарлығы шыққаннан соң бір жылдан кейін ашылған. Сол жылы қабылданған мектеп жарғысына 130 жылдай уақыт өтсе де, ешқандай өзгеріс енгізілмеген.
Онда «өзін адам ретінде терең түсіне білетін бала тәрбиелеу; мәдениетті жалғастыратын, жасайтын және дамытатын бала тәрбиелеу; өзін Жапонияның азаматы деп ұғынатын бала тәрбиелеу; дені сау және белсенді бала тәрбиелеу», деп жазылған. Мектеп басшыларынан «бұл мектеп қой, оның басты мақсатының бірі білім беру емес пе?» деп сұрағанымда, «дұрыс, сапалы білім беру – барлық мұғалімнің басты мақсаты, ал мектептің басты мақсаты – оқушыларға саналы тәрбие беру», деп жауап берді.
Бір сыныпта 40 бала оқиды. Үлкен үзіліс кезінде 6 жылдық бастауыш мектепте оқитын 840 бала өз сыныптарында отырып түскі асын ішіп болысымен, сыныптардың барлығын, дәліздерді, акт залын жуып, мектеп ауласын, спорт алаңдарын тазалауға кірісті. Бір сағаттан кейін жұмыстарын бітіріп, сабақтарын жалғастырды. Мектеп ашылған күннен бастап оны таза ұстау балалардың ісі екен. Оны 1-сыныптан бастап 6-сынып оқушылары бірге жеке-жеке топтарға бөлініп атқарады, үлкендері кішілерге қамқорлық жасап жүреді. Мектепте денешынықтыруға ерекше көңіл бөлінеді, сабақ басталғанша жылдам қозғалатын спорт түрлерінен жаттығу жасау – қалыпты іс. Балаларға рухани-адамгершілік тәрбие беретін пәндер сапалы оқытылады. Міне, осындай тәрбиенің нәтижесін Жапония жастары Қатарда бүкіл әлемге паш етті.
Біздің мектептеріміз жастарға еңбек, дене және адамгершілік тәрбие беру жұмыстарын қашан жүйелі түрде қолға алады? Ол үшін не істеу керек? Бұл мәселе жайлы жақсылап ойлануымыз қажет. Біз өз зерттеулерімізде орта білім сапасы озық елдерді анықтадық. Олар: Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия, Сингапур, Канада, Гонконг (Қытай), Макао (Қытай), Тайвань, Эстония, Шанхай (Қытай), Қытай (4 провинциясы бірге), Польша. «Осы елдердің табыстылығы неде?» деген сұраққа жауап іздегенде, олардың екі мәселеге ерекше ден қоятынын білдік: біріншісі – бала тәрбиесі, екіншісі – ұстаз құзыреті. Бала – тәрбиелі, ал ұстаздардың кәсіби құзыреті жоғары болса, оқушылардың білім сапасы да жоғарылайды.
Кейінгі жылдары PISA зерттеулері бойынша, Қытай оқушылары жоғары көрсеткіштер көрсетіп келеді. 2009 жылы Шанхай қаласы жеке қатысып, жақсы көрсеткіш көрсетті. Ал 2015 жылы Шанхаймен бірге Бейжің, Цзянсу, Гуандун провинциялары да қатысып, 10-шы орын алса, 2018 жылы осы 4 провинция бірге 1-ші орынды иеленді. Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея және басқа да елдерді артта қалдырды. Біздің оқушылар PISA зерттеулері бойынша төменгі орындарда тұр.
Осы провинцияларда 220 млн-нан аса адам тұрады, бұл Қазақстан халқынан 11 есе көп. Яғни бұл елдерде оқушылар саны біздің республикаға қарағанда 10 есе көп. Осынша балаға қалайша жоғары деңгейде білім беріп отыр? Аталған сұраққа Ұлыбритания ғалымдары жауап беріпті. Кейінгі жылдары әлемнің әртүрлі тілдерінде жазылған ең жақсы 100 оқулық қазақ тіліне аударылды. Соның бірі Британияның Вулверхэмптон университетінің профессорлары Стив Бартлетт пен Диана Бертон жазған «Білім берудегі зерттеулер» оқулығы. Оның 240-бетінде: «Қытай, Жапония, Корея, Сингапур, Тайвань, Гонконг, Малайзия сияқты Конфуций іліміне сүйенетін елдердегі білім беру жүйесі оқушылардың жоғары нәтижеге жетуіне көбірек септігін тигізетінін көрсетті», делінген оқулықта. Осылайша, Батыс елдерінің ғалымдары оқушыларға ұлттық рухани-адамгершілік тәрбие беру – білім берудің түпқазығы екенін мойындап отыр.
Бұл елдерде жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру мәселесін сабақ барысында жүзеге асыруға көп көңіл бөлінеді. Мысалы, Қытайда негізгі пәндерді оқытқанда сол пәндердің мазмұнына, яғни оқытылатын тақырыптарға қарай оқушыларға қалай тәрбие беру керектігі жөнінде мұғалімдерге арнап көмекші құралдар жазылған. Оны мұғалімдер сабақ барысында басшылыққа алады. Жалпы, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде оқушыларға саналы тәрбие беруге сабақ барысында да, сабақтан тыс уақытта да көп көңіл бөлінеді. Себебі бұл елдер, саналы тәрбие сапалы білімнің кепілі екенін, ал сапалы білім адами капитал мен ел экономикасының дамуының кепілі болатынын жақсы түсінеді.
Біз елімізде қолданыстағы 11 жылдық мектептің типтік оқу бағдарламасын Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия және Канада елдерінің 12 жылдық мектеп бағдарламаларымен салыстыра зерттедік. Сонда көптеген өзгеріс байқадық. Бізде 11 жылдық орта мектеп 5+4+2 моделі бойынша оқытылса, бұл елдерде және барлық білім сапасы озық мемлекеттерде 6+3+3 моделі қолданылады. 6+3+3 моделі оқушылардың психо-физиологиялық ерекшеліктері және оларға саналы тәрбие беру мен олардың оқытылатын пәндерді жақсы түсіну мүмкіндіктері ескеріле отырып қабылданған модель. Ол өзінің табыстылығы мен өміршеңдігін дәлелдеп отыр.
Бізде бастауыш сыныптарда оқушыларға рухани-адамгершілік тәрбие беретін пәндер бұл елдерге қарағанда аз оқытылатыны анықталды. Сондай-ақ 7-9 сыныптарда бізде 12-13 негізгі пән, ал оларда 4-6 пән оқытылатыны белгілі болды. Университеттерде оқытылатын күрделі пәндерді жақсы меңгеру үшін аталған елдерде жоғары сыныпта 3 жыл арнайы білім берілсе, бізде 2 жыл жалпы пәндер оқытылатыны анықталды. Бұл біздің әлі «білім-білік-дағды» парадигмасынан «оқушылардың құзыреттіліктерін қалыптастыратын, нәтижеге бағдарланған білім беру парадигмасына» өте алмай келе жатқанымызды көрсетеді. Дамыған елдердің барлығы 10-15 жыл бойы осы парадигмамен оқып, жастарға білім мен тәрбие беріп келеді. Олардың бізден оқ бойы озып отырғаны да сондықтан.
Оқушыларға саналы тәрбие, сапалы білім беру үшін осы және басқа да мәселелерді терең зерттей отырып, оларды шешу үшін кешенді шешімдер қабылдау қажет деп есептейміз. Жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру кезек күттірмейтін аса маңызды мәселе болғандықтан, осы мақсатта біз бір маңызды іс атқардық. 2021 жылы Педагогикалық ғылымдар академиясы Абай атындағы ҚазҰПУ және Алматы қалалық білім беру басқармасымен бірлесе отырып, «Мектеп оқушыларына тәрбие беру жұмыстарын жетілдіру» жобасын жасады. Оны Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті қолдады.
Жобаның идеясы – рухы мықты, ұлттық намысы жоғары, әлеуметтік жауапкершілігі қалыптасқан, парасатты, адал ниетті ұрпақ тәрбиелеу жұмыстарын іске асырудың ғылыми негізін жасап, оны практикалық тұрғыда жүзеге асыру. Жастарға тәрбие берудің 6 өзекті бағыты анықталды. Олар: мектептің ұжымдық мәдени-тәрбиелік ортасы; отбасылық құндылықтар жүйесі; ұлттық құндылықтар жүйесі; саламатты өмір салты; ақпараттық-коммуникациялық технология сауаттылығы; адал кәсіпкерлік еңбек құндылықтары. Осы бағыттарда нәтижелі жұмыстар жүргізу мақсатында мұғалімдерге, ата-аналар мен оқушыларға арналып 14 әдістемелік нұсқаулық дайындалды. Оларды мұғалімдерге терең түсіндіру мақсатында видеодәрістер әзірленді.
Былтыр Алматы қаласының мектептерінде тәжірибе жүргізіліп, 70-тен аса мектептен ұсыныс-пікірлер түсті. Онда бұл нұсқаулықтар мектептерде тәрбие жұмыстарын жүргізу үшін аса қажетті құралдар екені және алдағы уақытта олармен барлық сынып жетекшілерін қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. 2022 жылдың мамыр айында Алматы қаласында республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, жүргізілген тәжірибенің нәтижесі талқыланды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде «Ұрпақ тәрбиесіндегі құндылықтар негізі» деген тақырыпта үш бөлімнен тұратын жинақ дайындалды. Оны дайындауға 40-тан аса ұстаздар, әдіскерлер, тәжірибелі психологтер, тренерлер мен ғалымдар атсалысты. Жинақты Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы қарап, оны жетілдіру жөнінде көптеген ұсыныс берді. Осы мақсатта тиянақты жұмыстар жүргізілді. Академия берген сараптамалық қорытындыда бұл жинақтың орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне тәрбие жұмыстарында қосымша әдістемелік нұсқаулық ретінде қолдануына ұсынылатыны айтылды.
2023 жылдың 27 қаңтарында Абай атындағы ҚазҰПУ-де жинақтың тұсаукесері өткізілді. Елімізде алғаш рет 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін барлық сынып оқушыларына, олардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып ғылыми-практикалық негізде жүйелі тәрбие беруге арналған әдістемелік нұсқаулықтар жинағы дайындалып, мектептерге ұсынылды. Бұл жинақ барлық мектеп ұстаздары мен ата-аналарға келешек ұрпаққа саналы тәрбие беру жұмыстарын жетілдіруге ықпал етеді деп есептейміз.
Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті