Қажетті қызметтерді онлайн алу ыңғайлы әрі жылдам, ең бастысы қауіпсіз. Сол себепті де соңғы жылдары цифрландыру мәселелеріне көп көңіл бөлініп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта Үкімет әрбір қазақстандықтың өмірін туғаннан бастап жақсартуға және жеңілдетуге арналған 62 жаңа «цифрлық» бастаманы іске асырып келеді.
Мәслен, Әділет министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесе отырып, Digital Justice жобалар портфелі аясында бірнеше ыңғайлы қызметтерді іске қосты.
Осындай қызметтердің тағы бірі – мобильді қосымша арқылы некеге тұруға өтініш беру. Егер сіз отбасын құруды жоспарласаңыз, енді АХАЖ бөліміне барудың, құжаттарды жинаудың, ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті жоқ. Ол үшін банктік қосымшаға кіріп, Мемлекеттік қызметтер бөліміне өтіп, тиісті өтінімді жіберу жеткілікті. Әзірге мұны қаржы институты жасап отыр, болашақта мұндай мүмкіндіктер банктік басқа қосымшаларда қарастырылады.
Қазақстан азаматтарына осы цифрлық қызмет ұнап отыр. Биылғы ақпан айының алғашқы күндерінен бастап 600-ден астам жұп жаңа сервистің көмегімен некені тіркеуге өтініш рәсімдеді. Олардың үштен бірінен астамы АХАЖ органдарымен расталған. Бұрын мұндай қызмет «Электрондық үкіметтің» сайтында ғана қолжетімді болатын.
Сондай-ақ жыл басынан бері egov.kz міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеуге қолжетімді болды. Рәсімдеу үшін порталға кіріп, тиісті өтінімді толтыру жеткілікті.
Жаңа жылдан бастап қазақстандықтарға қолжетімді тағы бір цифрлық қызмет іске қосылды. Ол ЖШС-ны тез әрі қиындықсыз тіркеуге мүмкіндік береді.
Бұл үшін сізге тек смартфон және аз ғана уақыт қажет. Нақтылай айтқанда, біз банктік мобильді қосымшамен биометриканы қолдану арқылы кіріп, «ЖШС тіркеу» қызметін таңдаймыз. Барлық қажетті жолдарды толтырғаннан кейін өтінімге қол қоямыз және кәсіпкерлік қызметтің басталғаны туралы хабарламаны дереу аламыз. Қалғанын жүйе өз бетінше атқарады, яғни хабарлама автоматты түрде мемлекеттік кірістер мен статистика органдарына жіберіледі және параллельді түрде жаңа ЖШС үшін банкте есепшот ашылады.
1 наурыздан бастап азаматтар өздерінің ақпараттық жүйелерде бар цифрлық деректері негізінде әскери қызметке шақыруды кейінге шегеруге немесе әскери қызметке шақырудан босатылуға рұқсатты онлайн режимінде ала алады. Бұған «Цифрлық» кейінге қалдыру қызметі мүмкіндік береді.
Аталған қызмет азаматтарды талап етілетін құжаттарды жинаудан және әскери комиссариатқа бару қажеттілігінен босатады.
Сонымен қатар жақын арада әскери есепке міндетті тіркеуді және шығаруды тоқтату туралы шешім қабылданады.
Енді тұрғылықты жерін ауыстырған кезде әскери міндетті немесе мерзімді әскери қызметшіні тіркеу және есептен шығару жергілікті әскери басқару органдарына бармай-ақ автоматты түрде жүзеге асырылады.
Сондай-ақ Қазақстанда тіркелмеген немесе ауыстырылған абоненттік нөмірлерден келетін қоңырауларды бұғаттайтын антифрод-жүйе қазірдің өзінде қолданыла бастады. Бұл Ішкі істер және Цифрлық даму министрліктерінің бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болды.
«Антифрод» абоненттік қоңыраулар туралы ақпаратты өңдеу арқылы алаяқтардың қоңырауларын бұғаттайды. Арнайы бірыңғай жүйенің көмегімен байланыс операторы нөмірдің белсенділігі туралы деректерді сұрайды және оларды автоматты режимде талдайды. Егер жүйе қоңыраудың шынайы екенін және нөмірдің жалған емес екенін растаса, қауіпсіз байланыс орнатылады.
Байланыс операторларының мәліметінше, 2022 жылы жүйені біріктіргеннен кейін 19 млн-нан астам алаяқтық қоңыраулар бұғатталды, ал биылғы екі айда осындай 8 миллион қоңырауға тосқауыл қойылды. Бүгінде ұялы байланыс операторлары мұндай жағдайларды толығымен жою үшін алгоритмдерді жетілдіруде.