Жаһанды бағындырып, елді өнерімен тамсандырған әнші әрі суретші алматылық қыз бүгінде шетел асып, Голливудта жұмыс істеп, музыка әлемінде жұлдызға айналған. Ол Warner Music секілді батыстың ірі компанияларының лейблдеріне тректері енген алғашқы қазақстандық. Есімі – Дениз Рахманова. Бірақ елге Deniz Reno псевдонимімен белгілі. Оның әндері бүкіл әлемде ойнатылып жүр. Басты жетістігінің бірі – диджей әрі продюсер Антон Ишутинмен бірлесіп жасаған Wicked Game трекі. 2015 жылы композиция бүкіл әлемдегі клубтарда ойнатылып, YouTube-та 13 миллионнан астам қаралым жинаған. Мұндай жетістікке жетудің сырын әнші былай деп түсіндіреді: «Менің қолымнан келген дүние – өзге қазақстандықтың да қолынан келеді».
«Ет жемесем тұра алмаймын»
– Дениз, шетелде жерлестеріңізді, яғни қазақстандықтарды жиі кездестіресіз бе?
– Канадада не болмаса АҚШ-та жерлестерімді көп кездестіре бермеймін. Қазір көбіне Балидамын, тіпті сол жақта тұрамын деуге келеді. Міне, сол жақта жерлестерімді жиі кездестіремін. Жақында ғана Динара, Айгүл деген астаналық екі қызбен таныстым. Тез тіл табысып кеттік. Айгүлмен Балидің солтүстігіндегі жанартауға шықтық.
– Қазақстан жайында естігенде, ең алдымен ойыңызға не келеді? Қазақстанды немен байланыстырасыз?
– Еліміз – табиғатқа өте бай мекен. Балалығым Алматыда өткендіктен, ойыма бірден Алатаудың асқар биігі оралады. Сол тауларды жанымнан артық жақсы көремін. Екіншіден, тағамы. Әсіресе, ет. Бес жылдай ет жемей вегетариандықты ұстандым. Бірақ ұзаққа бармадым, қан жібермеді. Кішкентайымыздан ет жеп өстік. Әсіресе, әкемнің саяжайда дайындаған кәуабының дәмі тіл үйіретіндей еді. Бір күні шыдамым таусылып, кәуапты бір жұма бойы жегенім бар. Оған қоса, дәрігердің өзі ет жеу керегін айтты. Сол себепті кәуап, бешбармақ, самса, палау, манты, лағманнан бас тартпаймын. Бауырсақты да жақсы көремін. Бірақ көп жесең, өзің бауырсаққа айналуың хақ. Түсінгенім, қазы мен құрт менікі емес.
Үшіншіден, тарихта қазақ – көшпелі халық. Өз қиялымда ақ боз атқа мініп, қолында бүркіті бар қазақ жігітінің кең-байтақ жерде шауып келе жатқанын елестетемін. Қазақстанның халқы өте қонақжай, рухы мықты және отбасы құндылығын қадірлей біледі. Бірде анамның «сен – күрескерсің, бойыңда ортаазиялықтың рухы бар, діттеген мақсатыңа жетпей қоймайсың» деген бірауыз сөзі мені үлкен ойға салды. Шынында да, рухымның мықтылығының арқасында мойымадым, сынбадым, қиындықты еңсере білдім. Осыны мақтан етемін!
– Қазақша білесіз бе? Қандай сөздер есіңізде?
– «Сәлеметсіз бе», «жаным», «мен тағы да демалуға барамын» деген сөздерді білемін. Қала ішін аралап жүргенде дүкен, қаймақ, балалар деген ауызекі сөздерді жақсы түсінемін.
Даяшыдан басталған қадам
– Өнерге келмес бұрын, кофейныйда ыдыс жуып, кафеде аспаздың көмекшісі, бутикта киім сатушысы, сұлулық салонының ресепшінде жұмыс істедіңіз. Алғаш тапқан табысыңыз қанша еді?
– Кіп-кішкентай қыз ешкімге дес бермей, тынымсыз жұмыс істеп, әрбір тиынды маңдай терімен тапты. Ол үшін қысылып-қымтырылудың қажеті жоқ, керісінше мақтан ету керек. Мысалы, көпшілігі еден жуатын, даяшы мен сатушылардың білімі жоқ, қоғамның түкке тұрғысыз бөлшегі деп көреді. Тіпті, кейбірі оларды адам санатына жатқызбайды. Мұндайды да басымнан өткергенмін. Клиентке сөз қайтармай, жымиып қойып, сөз де естідік. Одан сынғаным жоқ, қадірімді де түсірмедім. Олардың бәрі бірдей білімсіз, тексіз деу дұрыс емес. Ақшадан қиналып, жұмыс істегенім рас. Ешкімді алдап, арбағаным жоқ. Көзі ашық, оқыған-тоқыған жанмын. Бірақ онда тұрған не бар?
Алдымызда бізді не күтіп тұрғанын білмейміз ғой. Бүгін шалқып, үлде мен бүлдеге оранып жүргендер ертеңгі күні көк тиынсыз қалуы мүмкін. Не болмаса түгі жоқ адам келешекте бір компанияның басшысы болуы ықтимал. Сол себепті де жүрген жерімде әрдайым жүргізуші, даяшы, аула сыпырушы болсын, кішіпейілділік танытамын. Олардың жұмысы қаншалықты қиын екенін жақсы білемін, құрметім де зор. Жалпы, еңбегімен жетістікке жеткен жандарды құрметтеймін. Алғашқы табысымды 4 жасымда Алматыдағы Қастеев атындағы мұражайда саздан жасалған кішкентай тауықтардың мүсінін сатып таптым. Сізге оғаш көрінер, бірақ сол ақша әлі күнге дейін менде сақтаулы.
– Өнерге қалай келдіңіз? Бала кезіңізден әнші болуды армандаған екенсіз, бірақ бұл жолға келудің өзі қиынға түсті. Алған бетіңізден қайтпауға не көмектесті?
– Өз-өзіме деген сенім. Ол кезде сырт көзге жасымнан үлкен көрінген болармын, ешкім мені 16-да екенімді ойламады. Сонымен, Sony компаниясына өзім сұранып, стажер ретінде орналастым. Соның арқасында адамдармен танысып, ән жаздырта бастадым. Бастапқыда бәрі ойлағанымдай шықпады. «Көш жүре түзеледі» демекші, жаза-жаза төселдім. Әндерім де сұранысқа ие бола бастады. Табандылығым мен ерік-жігерімнің арқасында өзімді дәлелдедім. Негізі өнер жолы, әсіресе әншілік – қиын сала. Әсіресе, қыз баланы «шайнап» тастайды. Кейбірінің бетін қайтарамын деп талай мүмкіндіктерден айырылдым. Соған қарамастан бүгінде арманымды ғана емес, өзім күтпеген жетістікке қол жеткіздім. Қазір орындап жүрген әннің бәрін өзім жазамын. Мұндай дәрежеге жетемін деп ойламадым.
– Қазір әндеріңіз бүкіл әлемде ойнатылып жүр. Тіпті, Warner Music секілді батыстың ірі компанияларының лейблдеріне тректері енген алғашқы қазақстандықсыз, мұндай дәрежеге жету үшін не істеу керек? Өзіңіз бұған қалай қол жеткіздіңіз?
– Болдым, толдым деп бір нәрсемен шектелуге болмайды. Тынымсыз еңбек етіп, табандылық таныту керек. Осы салада жүргеніме 10-15 жылдан асты. Өз елімде емес, батысқа келіп, ағылшын тілінде өзіңді дәлелдеу екі есе қиынға түсті. Осыдан 30 жыл бұрын тым құрығанда адам еңбегін бағалайтын. Қазір ондай жоқ, тамыр-таныс не болмаса біреудің көңілін тауып, жұлдызға айналып жатқаны қаншама?! Өтірік көлгірсуге, жылтырағанға сенетін заман. Егер «аға-көкені» пайдалансам, бұдан да танымал әрі бай болар едім. Бірақ жетістікке, қызметке бола арымды сатқан емеспін. Қаншалықты қиын болса да, алған бетімнен қайтпадым. Сондықтан орындалмайтын дүние жоқ, бұған мен дәлелмін.
Елін аңсаған әнші қыз
– Ал киноға қалай келдіңіз? Костюмердің ассистенті, суретші, мүсінші бәрін алып жүру қиын емес пе? Өзіңізге қайсысы жақын? Суретшілік пе, әншілік пе?
– Осы сұрақтың шешімін табу өзіме де қиын түсіп отыр. Жаныма екеуі де жақын. Суретшілікті де, әншілікті де бірінен-бірін бөліп қарай алмаймын. Киноиндустрияның артықшылығы – келісімшартпен жұмыс істеу. Уақыт аралығын өзің таңдай аласың. Сонымен бірге кинода табыс тұрақты әрі жақсы төленеді. Уақытында оның да көп көмегі тиді. Бірақ оның жұмысы өте ауыр, қатты шаршатады. Енді актриса ретінде ғана шақырса баруым мүмкін. Сондықтан киносуретші ретінде 13 жылымды бердім, аларымды алдым.
– Әке-шешеңіз сізді өздері секілді мүсінші болуыңызды қалаған жоқ па?
– Негізі, өнердің қай жолын таңдасам да әке-шешем қарсы болмады. Керісінше, әрқашан қолдап-қолпаштады. Бүкіл балалығым әкемнің шеберханасында өтті. Әкем Вагиф Рахманов – Қазақстанның белгілі мүсіншісі. Көз ашқалы сазбалшық пен бояудың арасында өстім. Төрт жасымнан сурет салып, мүсін жасадым, Тенгри –Умай галереясына қойылған. Артынан 8 жасымда Балаларды қорғау күніне арналған көрме-байқауға қатысып, Пәкістанның Карачи қаласына жолдама ұтып алдым. Сөйтіп, ата-анаммен бірге бір жұмаға барып-қайтқанбыз.
Анам да мүсінші, есімі – Марина Решетникова. Сахналық суретші ретінде талай жұмысы түрлі марапатты иеленіп, арасында «Оскар» алған голливудтық фильмдер де бар. Әлемге танымал француз әншісі Патрисия Каас Алматыға келгенінде анамның жұмысын сатып алып, сән көрсетіліміне шақырған. Міне, сол кезден бастап әнші болуды армандадым. Шығармашылықты әрі тілді тереңдетіп оқытатын арнайы мектепте білім алдым. Сол себепті өнерден алыс емеспін. Ал енді мүсінші болу – өте ауыр. Оған жаныңды ғана беріп қоймай, басыңмен кіріп, онымен өмір сүруің керек. Шынын айтқанда, кез келген жан мүсінші бола алмайды. Кейін жұмысым саябырсығанда өзімді осыған арнауым мүмкін, бірақ қазір емес.
– Қазақстанға қайтып келу ойыңызда бар ма? Әлде сол жақта қаласыз ба?
– Әкем айтпақшы, әрбір адам – туған жерінің төлі. Канадада өскеніммен, менің туған мекенім – Қазақстан. Өз еліме, оның өркендеуіне барынша үлес қосқым келеді. Онсыз да жыл сайын елге барып тұрамын. Алматыда өз үйімнің болғанын қалаймын. Себебі сол жақта тыныш ұйықтап, жаным тыныштық табады. Әлемнің түкпір-түкпірінде болып, біраз дүниені көрдім. Дегенмен жаным өз елімді қалайды. Сондықтан еліме қайта ораламын.