Интернетте ең көп қаралатын сайттардың қатарын Kundelik.kz бастап тұрғаны жайлы бұған дейін бірнеше рет айтылды. Күн сайын ата-ана, оқушы мен мұғалімнің сағаттап отыратын платформасы жарнама берушілердің де назарына ілінсе керек. Қазір тауарын өткізуге асыққан кәсіпкерлердің барлығы рейтингте көш бастап тұрған сайтқа жарнама береді. Осылайша, 6500-ден астам мектепке арналған білім алу жүйесі хабарландыру тақтасына айналған.
Тоқсан соңында сайт істемей қалады
Әлем электронды күнделікті 1975 жылдан бастап қолданса да, біздің елге бұл жүйенің келгеніне 7 жыл болды. Кем-кетігі де баршылық. Әсіресе, ұстаздар қауымы электронды күнделіктің тиімсіз екенін айтып, шағымданудан шаршаған емес. Айталық, біраз мектепте сынып жетекшілері ата-аналарға Kundelik.kz-ке тұрақты түрде кіріп отыруды тапсырады екен. Себебі әрбір оқушының ата-анасының кіргені электронды күнделікте көрсетіліп тұрады. Ал педагогтердің айтуынша, олар өз сыныбынан қанша адамның қанша рет сайтқа кіргені жөнінен есеп тапсыруға мәжбүрленген. Компанияның талабы сондай болса керек. Бірнеше жыл бұрын zero.kz интернет-статистика сервисіндегі рейтингте Kundelik.kz үнемі №1-да тұратын. Осының арқасында рейтинг басындағылардың жарнамалық табысы да жақсы жүреді.
– Кundelik.kz-тің мұғалімдерге артатын жұмысы көп. Күн сайын онлайнда үй тапсырмасын беріп, уақытын белгілеп, баға қоямыз. Күнде 100 пайыз толтырмасақ, рейтингіміз түсіп қалады. Ауылды жердің барлығында интернет жылдам жұмыс істемейді. Сондықтан кейде мектепте отырып электронды күнделік толтырамыз. Тоқсанның аяғында бүкіл мұғалім кіргендіктен сайт істемей қалады. Яғни, бір адамның бірнеше рет сайтқа кіруі. Бір мұғалім сайтты 15 парақшадан ашып қояды. Нәтижесінде, Google сізді хакер деп ойлап, автоматты түрде сайттан шығарып тастайды, – дейді информатика пәнінің мұғалімі Алмагүл Исабекова.
Автоматтандыру жағын реттеу керек
Жалпы электронды күнделіктің маусымдық өнім екені жасырын емес, себебі оқушылармен тікелей байланысты болғандықтан, шәкірттер де, ата-аналар да каникул кезінде онлайн күнделіктің бетін ашпайтыны мәлім. Алайда еліміздегі жүздеген мың педагог күн сайын кірген соң Kundelik.kz жаз кезінде де рейтингте алғашқы ондыққа кіреді. Электронды күнделікті пайдаланатындардың 51 пайызы мектеп оқушылары, 13 пайызы мұғалімдер болса, 36 пайызы ата-аналар. Жақында ата-аналар мен мұғалімдер үй тапсырмасы және бағалардан бөлек, платформада басқа да көптеген жарнамалардың жиі кездесетінін айтып дабыл қақты. Оқу процесіне қатысушыларға тамақ пен әшекей, кино мен киімдердің жарнамасы қажет пе деген сұрақ туындайды. Тіпті электронды күнделікте «түнгі шайқасқа» арналған жұмсақ матрасты жарнамалайтындарды кезіктіре аласыз. Білім сарапшысы Мейіржан Темірбектің айтуынша, Kundelik – жекеменшік компания. Мемлекет тарапынан ақша төленбейді. Жарнама арқылы күнін көріп отыр. Казнетте рейтинг жағынан алдыңғы орында. Қолданушылары өте көп. Бұл платформа Ресейдегі «Дневниктің» баламасы, бірақ ішкі функциялары біздің Оқу ағарту министрлігінің бұйрықтарына қарай көп өзгерген.
– Электронды күнделіктің бетіндегі жарнамадан көз сүрінеді. «Жарнама салмаңдар» деп платформаға тағы айта алмайсың. Өйткені, олар Үкіметтен ақша алып отырған жоқ. Жарнамадан түскен қаржымен күн көріп отыр. Қызметкерлерінің айлықтарын да сол табыспен төлеп отыр. Біз «Неге жарнама көп?» деп шағымданғанда осындай дәлелдер айтқан. Күнделіктің жұмысы әлі бір жүйеге келтірілмеген. Автоматтандыру жағын реттеу керек, – дейді Мейіржан Темірбек.
Оның пікірінше, электронды журнал, күнделік, цифрландыруды жүзеге асырып жатыр демесең бұл жүйенің өзгертетін тұстары көп. Ұстаздар бір сабақты толтыру үшін үш-төрт бет ашып, әлекке түседі. Одан кейін сайт мыңдаған мұғалімнің кіргенін көтермей, істемей қалады. Соңында рейтинг дұрыс болмағаны үшін тағы да мұғалім сөз естиді. Иә, былтыр жазда Kundelik.kz электрондық журналын 1 күн толтырмағаны үшін мектеп директоры Алматы облысының Талғар ауданындағы математика пәнінің мұғалімін жұмыстан шығарып жіберген.
– Ауылдық елді мекенде тұратындықтан, бізде интернеттің жылдамдығы төмен. Өзім де ата-ана ретінде білемін. Интернет дұрыс істемегендіктен, кейде түнгі сағат 2-3-терде толтырамыз. Оның үстіне, ол кезде елде қаңтар оқиғалары болып жатқандықтан, интернет бұғатталды. Сондықтан Kundelik.kz электрондық журналын толтыра алмағаным рас. Алайда мектеп директоры өзі де 8 сағат сабақ береді. Өзі сол аралықта 50% көрсеткіш қана көрсете алған. Онда неге өзіне-өзі шара қолданбайды? Заң барлығымызға ортақ, – деп қапаланады Жанат Ермекбайқызы.
Осылайша, электронды күнделік жарнама жариялаудан алдына жан салмаса да, жүйенің қателігінен қаншама мұғалімнің обалына қалып отыр. Ал компанияның жарнамадан қанша табыс табатыны белгісіз. Біз kundelik.kz-ке жарнама беруші ретінде хабарласып көрдік.
– Жарнама беру үшін бізге уақыттың аралығы мен қай қалаларға жарнама жасайтыныңызды айтсаңыз жеткілікті. Бізде банерлік, мақала және мұғалімдерге арналған арнайы бөлім сияқты жарнама түрлері бар. Жарнаманың бағасы белгіленген уақытқа және аймаққа тікелей байланысты. Мысалы, Алматыда 700, ал республикада 700 мың мұғалім бар. Сондай-ақ, білімге қатысты жарнамаларға жеңілдік қарастырылған. Егер сіз Астана қаласы бойынша екі айға сайтқа жарнама орналастырсаңыз бағасы 650 мың теңге тұрады. Мақсатты аудиторияда балалар жоқ болса, ата-аналар мен мұғалімдерге арналған жарнамаларды да бере аласыз. Жарнама белгілі бір талаптарға сай келуі керек. Көбінесе дұрыс тамақтану, оқу ағартуға, тұрмыстық қолданысқа арналған жарнамалар шығады. Осынша жарнама аламыз деген шектеу жоқ. Трафик көп болғандықтан ала береміз. Жарнамалар асып қалатын болса біз оны Яндекске сатып жібереміз. Оқу ағарту министрлігі сайтты қадағалап, бақылаудан өткізіп отырады, – дейді kundelik.kz сайтының менеджері Ардақ.
Компания ешқашан мемлекеттік субсидия алмаған. Оқу ағарту министрлігі де бұл жобаны қаржыландырмаған екен. Сондықтан пайдаланушылар көретін жарнама – бұл жұмысшылардың еңбегін, жалдау ақысын және салықтарды төлеудің жалғыз тәсілі. Сондай-ақ, осы табыстан электронды порталды дамытуға инвестиция да салынады екен.
P.S: 6500 мектеп пен 7 миллионға жуық қолданушысы бар платформа жұмысына айтылар сын көп. Бірақ компания «жарнамамен күн көріп отырмыз» деп өзін-өзі ақтап алып отыр. Ендеше, жарнамамен жан бағатын Kundelik.kz-ке Оқу ағарту министрлігі қарайласатын уақыт келді.