Ұлы Абай Құнанбайұлының неменесі, яғни, бесінші ұрпағы Алматыда аула сыпырушы болып жүр. Бұл туралы ақын, публицист Жанарбек Әшімжан дабыл қақты.
Жанарбек Әшімжан Ұлы Абайдың ұрпағы жайлы жазбасын facebook-те жариялады. Онда адамзаттың ойшылы атанған ұлы бабамыздың ұрпағы осындай әлеуметтік тауқыметте жүргені ұлттығымызға, елдігімізге сын емес пе дейді.
“Кеңірек таныстық. Әңгімелестік. Қазақшаға шорқақтау екен. Асылдың сынығы, алтынның ұнтағы емес пе, болмысынан тектілік, зиялылық, ақсүйектік аңқып тұр. Көзінің оты бар. Ұлы бабасына келбеті де келетіндей. Жаман әдеттерден мүлде аулақ екенін айтты. Алматының “Арбатындағы” мәлім мейрамханалардың бірінде аула сыпырушы болып жұмыс істейді екен. Еңбекақысы 150 мың теңге. Осыны естігенде жанымыз жүдеп, көңіліміз алай-дүлей болып кетті”, – деп жазады жазбасында.
Фото: Жанарбек Әшімжан
Айдос Ақылбаев 1967 жылы Алматы қаласында дүниеге келгенін, Украинаның әйгілі Кривой Рог қаласындағы Авиациялық училищеде оқығанын айтып берген. Оқу бітіргенде Кеңес одағы күйреген, сосын бұйырған жұмыстармен айналысыпты. Жалғыз қызы Александра осы күндері Саратов қаласында тұрады екен.
“Шежіре бойынша: Абай – Ақылбай – Әлімқұл – Бағфұр – Эрнест – Айдос. Яғни Айдос ағамыз Абай атамыздың неменесі болады. Һакім Абайдың сақталып қалған бейнесінің бірі – Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай және Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұлмен түскен тарихи фотосы. Сол Ақылбай Абайұлы – Айдостың тікелей атасы, фамилиясы да – Ақылбаев. Ақылбай Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның қолында өскен. Ұлы Абайдың соңғы тұяғы ғой. Данияр деген немере бауыры барын айтты, көп жылдардан бері байланыстары жоқ секілді. Еркек атаулыдан қалған осы екеуі ғана екен”, – дейді Жанарбек Әшімжан.