Біздің ел әлемнің 123 еліне 800-ден астам тауар түрін экспорттайды. Тауарларымыздың 65 пайызы Қытай, ЕАЭО және ЕО елдеріне жеткізіледі. Сарапшылардың айтуынша, қазақ тауарларының экспорттық әлеуетін көтеретін мүмкіндіктердің алғышарты енді қалыптасты.
Бренд ұғымы әртараптандырылды. Бұрын бренд атауын тек технологиямен байланыстырсақ, қазір бренд – интеллектуал. Адамзаттың ақыл-ойы жасанды интеллектімен бәсекеге түсіп жатыр. Ендігі бренд – адам капиталы
Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин наурыз айының басында Үкіметте өткен алқа мәжілісінде 2022 жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО елдерімен өзара сауда айналымы 23 млрд долларға жеткенін, бұл 2021 жылдың алдыңғы кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға көп екенін айтты. Таратып айтсақ, 2022 жылы Қазақстан, Қытай және Қырғызстанмен шекарадағы 6 сауда кедергісі жойылды, бұл фактор Қазақстанға 500 миллион доллар көлемінде кіріс әкелді.
Өткен жылдың 10 айында шикізаттық емес тауарлар экспорты 34,8 пайызға өсіп, 21,7 млрд долларды құрады. Еркін сауданы дамыту және экспортты ілгерілету үшін Иранмен еркін сауда туралы уақытша келісімді 2025 жылға дейін ұзарту туралы хаттама ратификацияланды. Иранмен толық форматты келісім жасау үдерісі соңғы кезеңде. Экспортты ұлғайтудан күтілетін экономикалық нәтиже шамамен 250 млн долларды құрайды. Болашақта Индонезия және Біріккен Араб Әмірліктерімен осындай келісімдерге қол қою жоспарлануда. Оның болжамды әлеуеті 1 млрд доллардан асады.
«Өзбекстанмен шекарада «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығы құрылып жатыр. Жол картасы жүзеге асырылуда, орталықтың орналасатын жері анықталды, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жүргізіліп жатыр. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясында Иран бағытында шығыс Солтүстік-Оңтүстік тармағының инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Негізгі басымдық – Үндістан мен Пәкістан бағытында тасымалдау әлеуетін дамыту», деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьер сонымен қатар Қытай, Ресей және Қырғызстанмен сыртқы шекаралардағы орталықтарды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жобаның сәтті жүзеге асуы транзиттік тасымалдауды 2 есе, ал тауар айналымын орта есеппен 30 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.
2027 жылға қарай заманауи сауда форматтарының үлесін қазіргі 31 пайыздан 70 пайызға дейін көбейту жоспарлануда. Техникалық реттеу саласында қазақстандық бизнесті қолдау үшін ЕАЭО деңгейінде өнімге қойылатын міндетті талаптарды жеңілдету саласында оң нәтижелерге қол жеткізілді: e-CTRM бірыңғай техникалық реттеу жүйесі құрылды және сертификатталды. Қазақстанда алғаш рет экспортқа шығарылатын халал өнімдерін сертификаттау органы аккредиттелді, экономиканың 7 саласы толығымен стандартталды. 77 зертхана жаңартылып, сұр сертификаттарды және техникалық реттеу саласындағы басқа да бұзушылықтарды жою жұмыстары жалғасып жатыр.
Францияда тұратын қазақ кәсіпкері Берлин Иришев бізбен әңгімесінде Қазақстанның азық-түлік сегменті бойынша экспорттық әлеуеті мол екенін айтады.
«Экономика неғұрлым үлкен болса, дағдарыстың соққысы соғұрлым ауыр болады. Бұқараның кедейленуі азық-түлік қауіпсіздігінің маңызын арттырып отыр. Алдағы бірер жылда азық-түлік жиынтығы бар сауда сөмкесі Chanel немесе LV беделді сөмкелерінен қымбатырақ болады. «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген ұғым адамзат үшін ортақ өлшемге айналып барады», дейді Б.Иришев.
Б.Иришевтің айтуынша, Қазақстанның бидай өнімдері, ет өнімдері бойынша экспорттық әлеуеті жоғары.
«Қазақстанды әлемге танытқан тағы бір байлығымыз ‒ астық. Академик Мехлис Сүлейменовтің зерттеулерінде жаздық бидайды өсіру біздің заманымыздан бұрынғы екі мыңыншы жылдықта қолға алынғаны айтылады. Өнімнің басым бөлігі Орталық Азия елдері ‒ Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Ауғанстанға, одан әрі ары Иран, Қытай, Ресей мен алыс шетелдерге экспортталады. Соңғы уақытта ҚХР мен Иран жағынан да сұраныс жоғары. Ел ішінде де, шетелде де бірнеше астық терминалдарымыз бар. Каспий теңізіндегі Ақтау портында орналасқан «Ақ-Бидай» терминалы. Қазақстандық астық компаниясының Балтық теңізінде (Латвия) «Ventspils Grain Terminal AS JAS» АҚ-ында, Ресейдің Азов теңізіндегі «Азов порттық элеваторы» компаниясында қатысу үлесі бар. Қазақстанның Орталық Азия ғана емес, күллі Азияның нан кәрзеңкесіне айналатын мүмкіндігі бар. Себебі қазақ бидайынан жасалған ұнның дәмін әлем әзірге ұмыта қойған жоқ. Алдағы уақытта бидай экспортын азайтып, ұннан дайындалатын өнімдерге басымдық берсек, әлемнің экспорттық картасындағы үлесіміз ұлғаяды. Үкіметтің экономикалық блогы бидай экспортына қатысты саясатын қайта қарау керек. Осы күнге дейін Қазақстанның бидайын сатып алушының бірі – Өзбекстан қазақ бидайын бірігіп өңдеуге ниет танытып отыр. Осы бағытты ілгерілетсек, әлем картасында «Қазақ ұны» деп аталатын жаңа брендті патенттеп аламыз», дейді Б.Иришев.
Сондай-ақ Б.Иришев ет өнімдері экспортында да мүмкіндігіміздің мол екенін айтты. Себебі әлем үшін ешбір химикатсыз таза ет өнімдері – жеңсік ас. ЕО елдерінде осы салада бизнесін жүргізіп жүрген қазақтар жетеді. Енді осы бағыт мемлекеттік деңгейде алға жылжыса, қазы-қартамыз да немістің шұжығы тәрізді әлемдік брендке айналады.
«Қазақтың жал-жаясының аймақтық ерекшеліктері бар. Шетелдік бағыттағы әуе рейстерінде ас мәзіріне қазы-қартаны кіргізсек, танымалдылығы артады. Сол сияқты құрт, жент және қымыз,шұбаттың да танымалдығы артып келеді. Әлем қазір табиғи-органикалық тағам түрлеріне көбірек назар аудара бастады», дейді Б. Иришев.
«Қытай нарығына тауарларды енгізу үшін өте жоғары стандарттарға сәйкес болуы керек. Кейде олардың стандарттары мына Еуропалық Одақтың стандарттарынан да жоғары тұрады. Сондықтан мүмкіндік пен әлеуетімізді шашыратып алмай, бастапқы кезде базамыз бен қалтамыз көтеретін басымдықтарды таңдаған жөн. Географиялық тұрғыдан алғанда, Қазақстан қолайлы аймақта. Аграрлық секторға күрделі реформа қажет», дейді сарапшы.
MPP Consulting агенттігінің (Украина) зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы ең қымбат бренд – «Рахат» кондитерлік өнімдері. Сарапшылар кәмпиттер сауда белгісін қаржы секторы, бөлшек сауда және отын-энергетика секторындағы компанияларға қарағанда 96 миллион долларға қымбат бағалады. Екінші орында 83 миллион долларлық бренд құнымен «Айналайын» сүт өнімдері тұр.
Өндірістік қуаты Алматы мен Шымкент қалаларындағы екі алаңда шоғырланған «Рахат» компаниясы бүгінде кондитерлік өнімнің 250 түрін шығарады. Кәсіпорындағы бірыңғай жауапкершілік пен сапаны бақылаудың кешенді жүйесі өндірістің әр сатысында шикізат пен өнім сапасын бақылайды. Кәсіпорында Қазақстан Республикасы ИСО 9001-2001 СТ стандартына сәйкес сертификатталған сапа менеджменті жүйесі енгізілген және іске қосылған. «Рахаттың» дәмі тіл үйіретін шоколадтарымен танымал. Шоколад өнімдерін экспорттаудан әлемде көшбасшы ел саналатын Германия біздің «Рахаттың» тәттілерін сатып алады. Компанияның экспорттық географиясы – Ресей, Германия, Ауғанстан, Моңғолия, Тәжікстан, Әзербайжан, Өзбекстан. Соңғы уақытта Қытай мен Оңтүстік Корея нарығында да Қазақстанда шығарылған кәмпитке сұраныс өсе бастады.
Алматыдағы «А-продукт» компаниясының кондитерлік өнімдері Ресей, Беларусь, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Германия, Италия, Испания, Франция елдеріне экспортталады. Кәсіпкердің айтуынша, тауарды экспортқа шығару барысында белгілі бір қиындықтар туындайды. Себебі стандарттары әртүрлі, тауардың сертификатталуының талаптарынан бастап, қаптамадағы маркалауы мен тауардың жүк тасымалдауын ұйымдастыруына дейінгі аралықта айырмашылықтар көп.
Рас, біз әлемнің экспорттық-импорттық картасында Қазақстанның тауары деп ел-жұртты тамсандыратын бренд өнімдерімізбен танылған жоқпыз. Танымал кәсіпкер Тоғжан Қожалының айтуынша, халықаралық аудиторияның Қазақстан жайлы көзқарасы шикізат ресурстары туралы түсінікпен шектеліп отыр.
«Біз енді Toyota мен Mersedes-тен артық көлік немесе жасанды жер серіктерін шығара алмаймыз. Бірақ ғасырлық тарихы бар бренд маркілі сол көліктердің осыдан жарты ғасыр бұрын шығарылған жобасымен салыстырғанда технологиясы 100 пайыз жаңарды, тек аты ғана брендке айналды. Қазір әлемнің назары әлемдік технологиялық тізбектен үлес алуға бағытталып жатыр. Ақпараттық-технологиялық нарық алпауыт елдер арасында әлдеқашан бөліске түсіп қойған. Қазір Iphone 14 маркалы смартфон айналымға шықты. Бренд емес тек қана технология жаңарды. Демек ендігі тренд әлемге танымал технологияның қосалқы бөлшектерін жетілдіруге ауып тұр. Әлемнің менмін деген мамандары сол көліктердің бағдарламасын бір саты алға жылжытуға тырысады», дейді Т.Қожалы.
Қазір біздің жастар да әлемнің алпауыт компанияларында жұмыс істеп жүр. Демек олардың идеясы сол елдердің бренд тауарларын жетілдіруге жұмсалып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге сапарлары кезінде сол жақта жұмыс істеп жатқан қазақ жастарын елге қайтуға шақырады. Ақыл-ойы әлемді мойындатып отырған жастарымыз үшін біздің елдің нарығы тарлық қылады. Қазақ ғалымдары НАТО, НАСА, МАГАТЭ, Монтеррей институты сияқты әлемдік деңгейдегі ұйымдарда жүр. Осыдан біраз жыл бұрын қазақ ғалымы Мұхамбетқали Бүркітбаевтың ядролық сынақтардың зардабын зерттеу еңбегі әскери блок өнеркәсіптік кешенінің ерекше қызығушылығын танытты. Қаперге алды. Ғалым осынау еңбегі үшін НАТО-ның ғылым саласындағы дәстүрлі сыйлығымен марапатталды.
Сапар Сатаев деген қазақ азаматы Лондондағы Халықаралық ғарыш компаниясының басшылық қызметінде істейді. Ғарыш бағдарламаларын дайындаумен, сатумен айналысады. Шетелде жұмыс істеп жатқан жастарға қолдау көрсетейік, олардың инновациялық идеясының Қазақстан атынан таралуына мүмкіндік берейік. Бұл біз үшін қосымша инвестиция көзі.
«Бренд ұғымы әртараптандырылды. Бұрын бренд атауын тек технологиямен байланыстырсақ, қазір бренд – интеллектуал. Адамзаттың ақыл-ойы жасанды интеллектімен бәсекеге түсіп жатыр. Ендігі бренд – адам капиталы. Біз экспорттық саясатымызды саралаған кезде адами капиталдың да мүмкіндігін қаперге алуымыз керек. Бұл фактор логистикалық нарықтың төрінен орын алуымызды жылдамдатады. Біз ендігі жерде логистикалық тізбек арқылы жаңа брендтерді әлемге танытамыз», деп сөзін түйіндеді Тоғжан Қожалы.