Алаяқтар KASE Қазақстан қор биржасының жалған веб-сайтын жасап, брокерлердің атынан ақшаларын тиімді инвестициялауды ұсынып жатыр.
KASE баспасөз қызметінің мәліметінше, олар өз жарналамаларында KASE логотипін немесе KASE қызметкерлерінің фотосуреттерін пайдаланып, жалған сайттар құрады. Жақында желіде http://kasekz2022.tilda.ws жалған сайты пайда болды.
«Биржа азаматтарды қырағы болуға және қаскүнемдердің қулықтарына түспеуге шақырады. KASE ресми түрде Биржаның немесе оның қызметкерлерінің тікелей қатысуымен биржалық нарықтарда бағалы қағаздарды немесе басқа активтерді сатып алу үшін жеке немесе заңды тұлғаларға ешқашан өз қызметтерін ұсынбайтынын мәлімдейді», делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, KASE сауда-саттықты ұйымдастырушы және тек қаржы ұйымдарымен (банктермен және брокерлік ұйымдармен) тікелей өзара іс-қимыл жасайды, оларға Биржаның сауда-саттық жүйесіне қосылуға, өтінімдер беруге және мәмілелер жасауға мүмкіндік береді. Биржаның сауда-саттық жүйесіне тікелей қосыла алатын және онда мәмілелер жасай алатын ұйымдар биржаның мүшелері.
«Брокерлік ұйымдармен байланыста болған кезде абай болыңыз. Олар жеке инвесторларға қызмет көрсетеді және жеке клиенттердің атынан биржаның сауда-саттық жүйесінде операциялар жасай алатын брокерлік ұйымдар болып табылады. Бұл жағдайда алаяқтар көбінесе осындай ұйымдардың атынан әрекет етеді», деп толықтырылған хабарлама.