Қазақ прозасының бүгінгі келбеті күн санап даму үстінде екені хақ. Алайда біз қозғамақ тақырып қаншалықты даму үстінде деген сынды сұрақты туындатып көру абзалырақ. Халқымыз ежелден белгілі бір тылсым күштің барына сенген халық. Оны жоққа шығара алмайтынымыз белгілі. Бала кезімізден ата-әжеміздің «түнде суға барма», «шашты жайма», «күлді баспа» сынды көптеген тиымдарын естіп өстік. Сондай-ақ «жын-шайтанның мекені», «шайтан көпір» деген атаулармен де бала кезден таныс болдық.
Мұның барлығы дерлік сайып келгенде біз тарқатпақ тақырыптың аясында жатыр. Мистика ұғымына «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» табиғаттан тыс, өзге тылсым күш барына сену деген анықтама берілген. Мистика – адам санасынан тыс бөгде әлемнің болуына деген сенім мен сол әлем ішінен өзін көруі. Аталмыш жанр қазақ әдебиетінде толық зерттеле қоймаса да кең көлемде өз өлшемін толықтыра түсті. Оған дәлел ретінде біршама шығармаларды талдап, «мистика» ұғымының аясын кеңінен толықтыралық.
Қазіргі қазақ прозасында мистикалық сарында жазылған шығармалар легі арта түсуде. Атап айтар болсақ, А. Алтайдың «Тамұққа түскен сәуле», «Түсік», А. Кемелбаеваның «Қоңыр қаз», Қ. Мүбарактың «От ару», «Жат құшақ», М. Мәліктің «Үшінші әлемнің тұрғыны», М. Омарованың «Жұмбақ», «Күзгі бір кеште», Қ. Қиықбайдың «Түнектегі бейне» атты туындыларын жатқызамыз. Аталмыш жанр төңірегінде жүрген жазушыларымызға «сананың ең жоғарғы сатысында тұрушылар» деген атау беру артық етпес. Себебі мистикалық тұрғыда ойлау, пайымдау адам санасының жоғары деңгейде дамығандығын танытады. Әрбір тақырыпты астарлы түрде жеткізу, сана мен танымнан тыс сенімге сену- мұның бәрі автор шеберлігі мен сана биіктігін талап ететіні сөзсіз.
Қазақ прозасындағы мистиканың жаңа сатыға шығуына жол ашқан жазушының бірі Қуат Қазезұлының «Түнектегі бейне» атты туындысы. Шығарма басты кейіпкердің ағасы Жанаттың қала орталығынан алған пәтеріне құрылыс жұмыстарын жасаудан басталады. Кейіпкер қара жұмыстан мызғып алмақ болып көзі ілінген сәтінде өңі не түсі екені белгісіз бойынан бір ауыртпалықты сезіне бастайды. Әлдебір алапат күш алқымынан алып, тұншықтырып жатқандай күй кешкенін сезінген жігіт көз алдында белгісіз қыздың өзіне төніп жатқанын байқайды. Жан ұшыра аулаға қашады. Мүмкін түсім болар деп үйге қайта енген сәтінде тағы да белгісіз көлеңкені байқап, артынша ащы бір мысқылмен күлген қыздың күлкісін естиді. Қараңғы басқан аула мен тәтті ұйқының құшағына оранған қаланың бейқам тіршілігі жігіттің бойындағы әлсіздікті одан әрі арттыра түседі. Ертесі болған жайды ағасына баяндағанда, әрине белгілі жәйт ағасының мазағын ғана естіген болатын. Сол сәттен бастап жас жігіт психологиялық күйзеліске тап болады. Маңайындағылардың «қыз үшін қайғырып жүр» деген сыбыстарын есту тіпті жағдайын ауырлата түседі. Жігіт өмір деген пойыздың бір станциясынан түсіп қалуға шақ тұрған сәтінде ағасы да сол оқиғаға тап болады. Ағалы-інілі уақыт өте Томарбай деген ақсақалдың айтқан әңгімесінен кейін мәнін ұғынады. Қарғысқа ұшыраған бұл пәтерде бейкүнә жас қыздың аса ауыр зорлықпен өлтірілгені белгілі болады. Мистиканың нақ көрінер тұсы да осы сәт. Жас жанының жастық шағында жіптей үзіле салғаны қыз аруағының разы еместігінен екені белгілі болады. Кезінде сол үйді мекен еткен бұзақы жігіттің түн ортасында зорлықпен өлтіргенінің себебінен қыз «ер» атаулының бәріне қас болған. Әңгіменің негізгі түйіні, бұл дүниеде рухы разы болмаған жандардың арғы дүниеде жаны тынышталмайтынына айғақ.
Мақсат Мәліктің «Үшінші әлемнің тұрғыны» атты әңгімесінде жазушы әлемді үш түрлі деңгейге бөліп қарастырады. Жер бетін мекен еткен жігіт түн ішінде белгісіз үшінші бір әлемге тап болады. Жер бетінен өзгеше бұл әлемде өзін жалғыз сезінеді. Бірінші әлемде (жер беті) сайлауға түсіп жатқан сәтінде белгісіз әлемнің тұрғыны атанған жігіт осында мәңгіге қалуды ең дұрыс шешімі деп біледі. Себебі үшінші әлемге тап болғаннан кейін өзіне берілген шар арқылы жер бетінде болып жатқан оқиғаларды көреді. Сол сәтте өзінің замандастарының сайлауда жеңіліс тапқанын, біршама жолдастарының жазықсыз темір торға торланғанын, сан түрлі әділетсіздік пен арамза адамдардың билікте отырғанын көреді. Бірінші әлемнен ешқандай бақыт пен шынайылық атаулыны таппайтынын білгеннен кейін, үшінші әлемдегі өзі секілді жер тұрғынымен мәңгіге сол әлемнің тұрғыны болып қалады. Шығармаға бір қарағанда жеңіл оқылады әрі ертегіге ұқсас сюжетті көргендей боласыз. Алайда астарлы мәнін ойлаған адамға ой саларлық мәселе көтерілген. Автор бас кейіпкерді үшінші әлемге аттандыру арқылы «адам жоқ жердің бәрі әдемі» дегісі келген тәрізді.
Қорытындылай келе, бүгінгі күні қазақ прозасындағы мистика құлашын кеңге жаю үстінде. Бұл қуантарлық жағдай. Адамның табиғаттан тыс (рух, сиқыр, елес, т.б.) болып жатқан түрлі құбылыстармен байланысуын астарлы түрде шығармада көрсету қазақ әдебиетінің үлкен шыңға биіктегенінің белгісі.