Дүниенің бәрі онлайнға байланған бұл күні баяғыдай баукеспе жоқ. Ұры-қарылар түз жорытып, жонын тоздырып әуреге түспейді. Есесіне телефон арқылы талайды тақырға отырғызып келеді. Бір кездері құзырлы орындар интернет арқылы жасалатын қулық-сұмдықтың өршіп бара жатқанын мәлімдеген еді. Осы күні алаяқтық екі күннің бірінде тіркелетін қылмыс сипатына ие болды. Содан да болар, бүгінде жапа шеккендер қарасы қалың.
Қарағанды облысының полиция департаментінде интернет алаяқтыққа байланысты жыл басынан бері 500-ден астам дерек тіркеліпті. Жақында солардың біразын полиция әшкерелеп, күдіктілер қамауға алынған.
– Ақпараттық технологиялар арқылы жасалатын алаяқтық жиілеп кетті. Өкінішке қарай, ескертулерге қарамастан азаматтар жиі алданып қалады. Жыл басынан бері облыста интернет алаяқтықтың 508 фактісі тіркелді. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел іс-әрекеттердің барысында бірқатар қылмыс жасаған 8 адамды анықтап, ұстады, – дейді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Шаһарда алаяқ бар дегенге көңіл сенеді. Ал алақандай ауылда алаяқтықтың тамыры жайылған деген сөз санаға сыймайтын секілді. Десек те, бүгіннің шындығы сол. Интернет алаяқтық қала тұрмақ, ауыл аймақтарды аралап кеткен. Мысалы, Осакаров ауданының 25 жастағы тұрғыны қарапайым халықты алдау арқылы ауыл адамдарына 12 млн теңге шығын келтірген дейді полиция департаменті. Әккі Осакаровка ауылы тұрғындарының атынан онлайн несие рәсімдеген. Полиция департаментінің дерегінше, күдікті өзінің алаяқтық әрекетін мойындап отыр. Қылмыстық іс 12 дерек бойынша қозғалған. Сонымен қатар Қарағандыда 9 рет алаяқтық жасады деген күдікпен 24 жастағы жігіт ұсталды.
Обалы нешік, полиция қызметкерлерінің халықты сақтандыруында кінәрат жоқ. Онлайн несие, онлайн сауданың опа бермесін айтудан, ескертуден талмай келеді. Дегенмен мұндай ескертулер де әккі, алаяқтарға тосқауыл болар емес. Бұл арада мамандар әрбір тұрғынға қауіпсіздікті қатаң ұстануға кеңес береді. Әсіресе сауда-саттықта белең алған бұл қылмыстың схемасы оңай. Зер салған адамға бір шикілігі бары да байқалып қалады. Дегенмен сезе тұра, құрыққа ілініп кететіндер көп. Бұл, ең алдымен, психологиялық факторға байланысты.
– OLX арқылы үйге тоңазытқыш ала қоймақшы болып, хабарландыруларды қарадым. Ауылда біреуді-біреу алдайды деген ой адамның миына келмейді екен. Тоңазытқыш табылды. Хабарландыруда сатушының аты-жөні, мекенжайы бәрі көрсетілген. Сол өзіміздің ауылдың басында тұрады екен. Онлайн сөйлесіп, бағасын сәл арзандатуға келістік. «Осынша мың теңге аударыңыз, қазір үйіңізге апарамын», деді. Ауылдың мекенжайы тұрған соң сендім де, аударып жібердім. Енді телефон шалсам, әлгі телефон өшіріліп тұр. Мекенжайына барсам, онда тоңазытқыш сатқан адам атымен жоқ. Алаяқтарға алданғанымды сонда бір-ақ білдім. Аса көп ақша емес, сол себепті де ешқайда шағымданған жоқпын, – дейді ауыл тұрғыны Құрман.
Онлайннан бөлек, аймақта қазіргі таңда инвестициялық жобаларға қаржы құю алаяқтығы да белең алып барады. Интернет кеңістікте елдегі ірі компанияларға инвестиция салып, қомақты табыс табуға қызықтырған жарнама, хабарландыру көп. Ұлттық ірі компаниялардың логотипіне сенген ел мұның сыртында алаяқтар тұрғанын білмей де қалады. Өтініш қалдырған соң брокерлер мен менеджерлер мазаны ала бастайды. Оқытып-тоқытуға, қайда қаржы салуға кеңес бергісі келген «кеңесшілер» сол арада суырылып шығады. Осыдан соң өзіне бекем адам болмаса, алтын табақтан ас ішкізуді уәде еткен оларға еріксіз еріп кетуі әбден мүмкін.
ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай дәл осындай қаржылық схемаға шырмалып жыл басынан бері 500 адамның алаяқтардың құрбаны болғанын мәлімдеді.
– Жыл басынан бері 500-ден аса адам ақшаларын жұмыс істемейтін инвестициялық жобаларға салған. Сонымен қатар кейбір жағдайда осы мақсат үшін несие рәсімдегендер де бар. Жеңіл ақшаны іздеп жинақтарын жоғалтқандар көп. Алаяқтар ірі компаниялар, оның ішінде ұлттық компаниялар, банктер, криптобиржалардың атынан жалған сайттар құру арқылы азаматтарды қызықтырады. Бұл ретте «менеджерлер» және «брокерлермен» барлық қарым-қатынас онлайн режімде, оның ішінде мессенджерлер арқылы жасалады. Кейбір жағдайларда алаяқтар үлкен соманы тарту үшін бір реттік дивидендтер төлейді, дейді Ж.Сүйінбай.
Расында да, ел арасында бұған да ұрынып, аузы күйгендер бар. Әуеліде дивиденд беріп, соңынан бар қаржысын сыпырып алып, сазға отырғызып кеткен.
– Өзім интернеттен жеңіл ақша табамын деп аз-маз қаражат жоғалтқан адамның бірімін. Әрине, ол қаражат қомақты емес. Бірақ әрі қарай ақша, инвестиция салсам, шырмалып шыға алмауым мүмкін еді. Мен дер кезінде тоқтадым. Оған қоса түрлі компанияларға ақша құюды да ойладым. Бір-екеуіне телефонымды да қалдырдым. Жақындарым мұның алдап-арбау екеніне әбден көзімді жеткізді. Содан соң бас тарттым. Алайда брокерлер сонау Мәскеуден телефон соғып, қоймады, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Айжан.
Жалпы, уақыт өткен сайын интернет алаяқтар да тәсілдерін өзгерте бастады. Қулықтарына құрық бойламайтын алаяқтарға алданбау – әркімнің өз қолында. Әдеттегідей, бұл арада берілетін маман кеңесі – қауіпсіздік. Әрі адам жеке басының деректеріне сақ болуы қажет.