Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Әділетті Қазақстан құру жолындағы басты міндеттердің бірі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Өйткені елдің әрбір азаматы өз өмірі мен денсаулығы, табысы мен мүлкінің қауіпсіз екенін сезінуге тиіс. Бұл маңызды міндет еліміздегі ең ірі құқық қорғау органы – Ішкі істер министрлігіне жүктелген.
Полиция – тәртіптің айнасы
Осыдан бірнеше жыл бұрын полиция қызметін «жазалаушы орган» емес, халықты қорғаушы құрылым ретінде уақыт талабына сай қалыптастыру үрдісі басталған еді. Өткен жылғы Қаңтар оқиғасы бұл үрдісті жеделдету қажеттігін көрсетті. Бүгінде Мемлекет басшысы алға қойған стратегиялық міндеттер аясында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімділігін арттыру үшін ішкі істер органдарында ішкі жүйелілікті қайта құру жұмыстары қарқынды қолға алынып отыр.
Ішкі істер министрлігі – жұмыс бағыты ең ауқымды құқық қорғау органы. Елімізде тіркелетін барлық қылмыстық істердің 96 пайызын, әкімшілік өндірістің 97 пайызын ішкі істер органдары жүргізеді. Оған қоса, мемлекеттік қызметтердің 39 түрі бойынша жыл сайын халыққа 10 млн-нан аса қызмет көрсетеді. Яғни ел тұрғындарымен ең жиі және тығыз жұмыс істейтін құрылым – полиция.
Тәртіп сақшыларының қызметіне қарап билік туралы жалпы көзқарас қалыптасатындықтан қазіргі күні ел полициясы сервистік модельге көшіп жатыр. Оның негізгі қағидалары – заңдылық, жан-жақтылық, әдептілік, ашықтық және жеделдік. Бұл модель талаптарын іске асыру Ішкі істер министрлігі дайындап жатқан Қоғаммен бірге қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасында көзделіп отыр.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-лейтенанты Марат Қожаевтың айтуынша, тұжырымдаманың басты ерекшелігі – оның қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз ету саласындағы қордаланған жүйелі проблемалардың себебін жоюға бағытталуы.
– Стратегиялық құжаттың негізгі бағыттары – құқық бұзушылықтың түпкі себептері мен жағдайларын жою арқылы адамдардың өмірін, денсаулығын және мүлкін қорғау деңгейін арттыру; азаматтардың үмітіне сай келетін жаңа форматтағы полицияны құру; мемлекеттік органдармен ғана емес, тұрғындардың да белсенді қатысуы арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған тиімді жүйе қалыптастыру. Сол себепті бұл тұжырымдама алғашқы күннен бастап қоғамның, үкіметтік емес ұйымдардың, отандық және халықаралық сарапшылардың, мүдделі мемлекеттік органдардың атсалысуымен әзірленіп жатыр, –
деді министрдің бірінші орынбасары. Бүгінде ел азаматтары бұл құжат жобасымен Ішкі істер министрлігінің сайтынан таныса алады.
Марат Қожаевтың пікірінше, полиция қызметінің ең басты көрсеткіші – халықтың сенім деңгейі. «Сондықтан азаматтарға сапалы қызмет көрсетуге, оқиға болған жерге жедел келуге, халықпен жақсы қарым-қатынас құруға басты назар аударылып отыр», дейді ол.
Цифрландыру – заман талабы
Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыспен күресу үшін ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында барлық полиция бөлімшесі бейнебақылау камераларымен жабдықталды. Қала көшелеріне 18 мыңнан астам бейнекамера орнатылды. Бұл жұмыс қылмыстық атқару жүйесіндегі мекемелерде де іске асып жатыр. Соңғы жылда бейнебақылаудың арқасында ел бойынша 14 мың оқиға мен заң бұзушылық анықталып, 79 суицид пен 11 түрмеден қашу әрекетінің жолы кесілген. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін қоғамдық орындар мен мектептерде де бейнебақылау камераларын орнату жұмысы да жалғасып келеді.
– Жол қозғалысын қадағалау жүйелерін де цифрландырып жатырмыз, – дейді Марат Қожаев. – Атап айтқанда, ереже бұзу фактілерін анықтайтын автоматты жүйелерді көбейттік. Бүгінде олардың саны 18 мыңнан асады. Өткен жылдың өзінде осы құрылғының көмегімен 4 млн-нан астам заң бұзушылық анықталды. Мұндай камералар жүргізушілерді тәртіпке келтіріп жатыр.
– Ішкі істер органдарының қызметін цифрландыру жұмыстары мемлекеттік қызмет көрсету процедураларын жеңілдетті. Қазір жеке куәлік, төлқұжат, жүргізуші куәлігін беру, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, автокөлікті сатып алу-сату сияқты қызметтерді алуға барсаңыз, бұған көз жеткізуге болады. Бұл қызметтер толығымен автоматтандырылды. Адами фактор жойылды. Онымен шектелмей, ІІМ оларды смартфон арқылы тез алуға жағдай жасап жатыр, – дейді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.
Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметтердің 9 түрін телефон арқылы алуға болады. Яғни сол арқылы қызмет көрсету мерзімі қысқарған, сонымен бірге жемқорлық тәуекелдері жойылып, талап етілетін құжаттар саны да азайды.
Сақшылар сенім үдесінен шыға ала ма?
Қазір қоғамның полицияға артып отырған сенімі мен үміті мол. Ал сол сенім үдесінен шыға білу – жауапты міндет. Дегенмен тәртіп сақшыларының қызмет етуіне тиісті жағдай жасалмаса, ол межеге қол жеткізу қиын. Ал бұл бағытта атқарылар істің ұзын саны аз емес еді. Атап айтқанда, межеленбеген жұмыс күні, демалыссыз қызмет атқару, қағазбастылық, қызмет «көрсеткіштерінің» жалаң сандармен шектелуі, төмен жалақы, көлік және техниканың жетіспеуі. Бұл проблемалар ұжымдардағы моральдық жағдайға кері әсерін тигізіп келді. Мұндай жағдайда сервистік модель туралы айту ақылға сыймады.
Өйткені ескі ғимаратта, төмен айлықпен, күн-түн демей, демалыссыз қызметте жүрген, шаршап-шалдыққан тәртіп сақшысынан «сыпайы бол, ашуға берілме, мейірімді бол!» деп талап ету қиын. Сондықтан полиция қызметі қоғам сұранысына сай болуы үшін еңбек жағдайын жақсарту бойынша шұғыл және жүйелі шараларды қабылдау қажет еді.
– Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауы арқасында өткен жылы полиция қызметкерлерінің әлеуметтік қорғау деңгейі артты. Жалақы көтеріліп, жарақат алған және еңбекке жарамсыз деп танылған қызметкерлер, сондай-ақ қаза тапқан полицейлердің отбасылары ай сайынғы төлемдерге құқығы пайда болды. Тәртіп сақшыларының балалары кезектен тыс балабақшаға орналаса бастады. Олардың құқықтық қорғалуы күшейтілді, – дейді Марат Қожаев.
Жалпы қабылданған шаралар арқасында полициядағы моральдық-психологиялық жағдай жақсарғанын атап өткен полиция генерал-лейтенанты тәртіп сақшыларының 90 пайызы өздерінің психологиялық және жауынгерлік дайындығын жоғары деңгейде бағалайтынын жеткізді.
Полиция қызметіндегі тағы бір жетістік – кеңес дәуірінен қалған сандық көрсеткіш үшін жұмыс істеу дәстүрі біртіндеп келмеске кетіп жатыр. Яғни жұмыс нәтижесін бағалау критерийлері заманға сай қайта қаралған. Қазір бұрынғыдай хаттамалардың немесе тезірек сотқа жіберілген істер санына қарап, сондай-ақ нәтижені өткен жылғы көрсеткішпен салыстырып өлшеу сияқты «өлшемдерден» бас тартылған. Ең бастысы, енді сапаға көңіл бөлінеді. Жалпы, бұл жаңашылдықтар тек полицияға емес, қоғамның басқа да салаларына қажет-ақ нәрсе.
Қандай жаңашылдық бар?
Полиция мен халықтың арасын барынша жақындату және адамдардың өз құқықтарын қорғауы үшін Ішкі істер министрлігі тарапынан уақыт талабына сай жаңашыл бастамалар қолға алынып жатыр. Солардың бірі – азаматтарға ыңғайлы болу үшін «102» мобильді қосымшасының жасалуы.
Бұл мобильді қосымшада «SOS» түймесі де жұмыс істейді. Егер бір оқиға болып, сол түймеге басып қоңырау шалынса, оператор өтініш берушінің орналасқан жерін анықтап, оқиға орнына жақын жердегі полиция жасағын жіберуге мүмкіндігі бар. Бүгінгі күнге дейін осы қосымша арқылы 206 мың хабарлама келіп түскен.
ІІМ «Полиция жаяу қашықтықта болу керек» деген қағиданы жүзеге асыру мақсатында азаматтарға қызмет көрсетудің үш сатылы моделіне көшіп жатыр. Біріншісі – қоғамдық орындарда модульдік посттар орнату. Полицияны жедел шақыру үшін көшедегі «SOS түймелері». Бүгін осындай 112 заманауи бекет пен 38 түйме жұмыс істеп тұр. Екіншіден, шағын аудандарда учаскелік пункттер орнату. Еліміз бойынша қазір осындай 3 мың пункт бар. Үшіншісі – полиция бөлімдерінің жанынан азаматтарға Қызмет көрсету орталықтарын ашу. Ол жерде кеңес беру мен өтініш қалдырудан бастап, қылмыстық істер жайында ақпарат алуға дейінгі қызмет түрлері көрсетіледі. Яғни ел тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарына жауап алу үшін әрбір есікті қағып жүрмей-ақ сол қызмет көрсету орталықтарына жүгіне алады.
Қазір қанатқақты жоба Алматыда жүзеге асып жатыр. Осындай 8 орталық ашылып, азаматтарға қызмет көрсетуде. Кейін бұл тәжірибені барлық өңірге кеңейту жоспарда тұр.
Ішкі істер министрлігі қолға алған жаңашылдықтардың тағы бір – «Интегрити чек» деп аталатын парасаттылықты тексеру тетігінің іске қосылуы. Кез келген азамат тексеруші болуы мүмкін. Егер қызметкер этиканы бұзса немесе өтініштерге жауап бермесе, сол сияқты басшылыққа «пара беру» әрекеті туралы хабарламаса, онда ол тексеруден өтпейді. Бұл жағдай тіркеледі. Жеке іске енгізіледі. Көтермелеу немесе жұмыста өсіру кезінде оның бәрі ескеріледі. Қысқа мерзім ішінде бастама күшті профилактикалық әсерін тигізіп отыр. Яғни қызметкерлер өздерін тексеру жүріп жатыр деп ойлап, қызметін барынша сапалы әрі заңды аттамай орындауға мән беретін болды.
Атап айтқанда, олар құқық бұзушыларды және жолда ереже бұзушыларды ұстағаннан кейін олармен «келісімге» келіп, жауапкершіліктен немесе айыппұлдан «арашалап» қалу секілді әрекеттерді жасай алмайды. Соның арқасында соңғы уақытта құқық бұзушылар, әсіресе жол ережесін бұзу фактілері айтарлықтай өскен. Нақтырақ айтсақ, жол ережесін бұзғандар саны – 27, көлік жүргізу кезінде телефонды пайдалану – 17, жылдамдықты асыру 26 пайызға артты. Одан бөлек, тәртіп сақшылары азаматтар тарапынан пара беру әрекеті болғандығын белсенді түрде ашық хабарлай бастады. Мұндай фактілердің саны да 7 есеге артқан.
Ішкі істер органдарының ішкі жүйелелігін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан шаралар кең ауқымды. Мәселен, олардың қатарында цифрландыру арқылы ішкі істер органдарын дебюрократизациялау, «Қорғау» – қауіпті жүргізуші» бағдарламасының енгізілуі, полицейлерді ескі бейнежетондардың орнына заманауи бейнерегистратормен жабдықтау, қылмыстық істерді цифрландыру, ІІМ автошаруашылығын жаңарту, кадр саясатын қайта қарау секілді өзгерістерді айтуға болады.