Мамыр айында Алматы қаласында «Дүйсенбілік спорт» жобасы аясында футболдан іріктеу ойындары өтті. Оған «Қырғауыл», «Кенжехан», «Батыр», «Бақорда», «Береке», «Алтын орда», «7 құрдас», «Саламат», «Барыс» сауда орталықтарында жұмыс істейтін жастардан жасақталған 10 команда қатысты. Жобаның аты айтып тұрғандай жарыстар әр аптаның дүйсенбі күндері өтті.
«Дүйсенбілік спорт» жобасын жыл сайын өткізу дәстүрге айналған. Жобаның тапсырыс берушісі – Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы. Оны орындау биыл байқау құжаттарына сәйкес «Social project management» орталығы» қоғамдық қорына жүктелді.
Алғашқы іріктеу ойындары кезінде 10 команда екі топқа бес-бестен бөлініп, өзара іріктеу ойындарын жүргізді. Нәтижесінде 10 команда ішінен 4 команда жартылай финалға суырылып шықты. Олар «Бақорда», «Арасан», «Барыс», «Алтын орда» командалары еді. Чемпионат ережесіне сай жартылай финалда «Бақорда» мен «Алтын орда», «Арасан» мен «Барыс» командалары кездесті.
«Бақорда» мен «Алтын орда» командалары арасындағы ойында алғашқылардың мысы басым екені ә дегеннен білініп тұрды. Бақордалықтар командалық пас беруде ұйымшылдық жағынан қарсыластырынан бір саты жоғары тұрды десек болады. Олар екі тайм қорытындысы бойынша алтын ордалықтардың қақпасын бес рет дәл көздеп, өздеріне тек бір гол ғана жіберді. Ойын 5:1 есебімен аяқталып, «Бақорда» ақтық финалға өтті.
Жартылай финалдың келесі жұбы арасындағы ойын басқаша өрбіді. «Барыс» пен «Арасан» командалары екі тайм бойы арпалысып, бір бірінің осал тұсын таба алмады. Әсіресе қақпашылар керемет ойын көрсетті. Ойынның тартысты өткені сонша төреші ойын тәртібін бұзған ойыншыларға бірнеше мәрте сары қағаз көрсетуге мәжбүр болды. Кейбір ойыншылар жарақат алып, оларға медициналық көмек көрсетілді. Ал ойын тартысты өткеніне қарамастан негізгі таймдар 0:0 есебімен аяқталды. Төреші жеңімпазды пенальти қорытындысы бойынша анықтау туралы шешім шығарды. Нәтижесінде «Барыс» ойыншыларының бірі мүлт кетіп, қақпашы оның тепкен добын қайтарып тастады. Ал арасандықтар тепкен доптың бәрі қақпа ішінен табылды. Пенальти қорытындысы бойынша 4:5 есебімен «Арасан» командасы «Бақордамен» финалда бақ сынасатын болды.
Үшінші орын үшін күрес те командалар үшін оңай болмады. «Алтын орда» мен «Барыс» командалары қола медаль үшін жан алысып жан берісті. Екі команданың шабуылшыларынан гөрі қақпашылары мықты ойнап, олар алыстан, жақыннан келген доптарды қайтарып тастап отырды. Қола медаль иегері де ойыннан кейінгі пенальти қорытындысы бойынша анықталып, жүлдені «Барыс» командасы өз қанжығасына байлады.
«Бақорда» мен «Арасан» командаларының финалдық ойынында гол көп болды. Арасандықтар ойын бастала сала бірінен соң бірі екі голды қарсыластарының қақпасына тоғытты. Алайда бақордалықтар да ер екен. Олар да екі голды қатар соғып, есепті теңестіріп үлгерді. Осылайша негізгі уақыт 2:2 есебімен аяқталып, екі команда төрешінің шешімімен пенальтиге жүгінді. Пенальти қорытындысы бойынша «Арасан» командасының асығы алшысынан түсіп, олар «Дүйсенбілік спорт» жобасы аясында өткен чемпионаттың жеңімпазы атанып, кубокты иеленді.
Жарыс соңында бірінші орын алған «Арасан» командасына 150 мың теңгенің, екінші орын алған «Бақорда» командасына 100 мың теңгенің, үшінші орын алған «Барыс» командасына 50 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді.
«Social project management» орталығы