Мұрасы рухани құндылықтарды байытқан ұлтымыздың даңқты перзенті Бекасыл Биболатұлы туралы соңғы кезеңде біраз игілікті іс-шара жүзеге асырылды. Қаламгерлерден Мамытбек Қалдыбай, Құралбек Ергөбеков, т.б. кітаптары, мақалалары жарық көрді.
Мұратанушы ғалым Қайым Мұхамедхановпен Абайдың 150 жылдық мерейтойына қатысты қыруар шаруаның ортасында жүргенде аздап әңгіме-сұхбат құрғанымыз бар еді. Бекасыл әулие туралы сол Қайым ақсақалдан естіп едік. Шәкәрім мен Бекасылдың жас алшақтығы әжептеуір болса да, екеуінің арасындағы сыйластық туралы айтқан-ды. «Семей-Шыңғыстау өңірінде Абай өз алдына, Шәкәрім әулие деп есептеледі. Демек олардың жолығуы, сұхбаттасуы заңдылық. Әттең, бодан елде олар туралы айтылмады. Ұлы Мұхаң көп сырды өзімен бірге алып кетті ғой. Жарықтық бізге қырсығы тиер деп талай жайтты айтпады», деп күрсінгені әлі есімде. Әңгіме негізінен Абай, Шәкәрім туралы болып, Бекасыл әулие сөз арасында ғана қозғалып еді. Біз пақыр ол кезде ненің парқы мен нарқын білуші едік, түбегейлі сұрап алмаппыз-ау деп осы уақытта өкінеміз.
Өткен ғасырдың 70-жылдары біз Абай атындағы ҚазПИ-де профессор С.Қирабаевтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация жазып жүрдік. Сол тұста Төкен Ибрагимов кандидаттық диссертация қорғады. Кейіннен Семейдегі Абай мемориалдық музей-қорығының басшысы болып едәуір қызмет атқарды. Ол Абай, Шәкәрім, Әуезов, әрісі Кеңгірбай би туралы көп айтатын. Сонда Оңтүстік өңірдің тумасы Бекасыл деген ғұламаның Шәкәрім ауылында болғанын айтып еді. Тіпті «1902 жылы Шәкәрім бір салтанатты мәжіліске шақырылса керек, Түркістанға барыпты, Бекасыл әулие жібермей, сол өлкеде біраз бөгеліпті дегенді үлкендерден естуші едік» деп әңгімелеп еді. М.Қалдыбайдың кітабындағы ол кісі Арқа өңіріне барып тұрады екен деген дерекке сүйенсек, сірә, сол Шыңғыстау-Семей өңірі деп нақтылағанымыз абзал сияқты. Ал Шәкәрімнің 1902 жылы Түркістанға барғаны рас, ол туралы «Абай» журналының 2005 жылғы бірінші нөмірінде «Түркістан төріндегі басқосу» атты мақала жарияланды. Авторы – әдебиетші ғалым Фадли Әли.
60-жылдардың ортасында Омарбай Тойғанбаев деген ақсақал отбасымен біздің ауылға көшіп келді. Өзі бізге аталас. Алғаш көргенімде түсі суықтау көрінді. Тіп-тік болып отыратын, шешен сөйлейтін, сәлем бермегендерге, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан сәл де болса мүлт кететіндерге қатаң ескерту жасап отыратын. Үйі ауылдың Қызылшоқы деген шеттеу бөлігінде болды. Мал іздеп жүргенде сәлем беремін. Кейін бойым үйреніп, қарияға үйір бола бастадым…
Бұл кісі әулет, зәузатымен кеңес жылдарындағы күшпен тәркілеу, аштық кезінде оңтүстік өңірге ауыпты. Елге қарай келгенде Мерке ауданынан шығыпты. Жалпы, сол үркіншілік кезінде Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Шу бойы, т.б. біраз жерде ғұмыр кешіпті. Бір әңгіме барысында там-тұмдап айтқаны Қасқар Тасыбекұлы туралы еді. Онда да ол кісінің Бекасыл әулиемен сырлас, сыйлас болғандығы жөнінде болатын. Содан кезекті бір «отырысымызда» мынаны айтып еді. «Сенің Қасқар бабаң, менің ағам мына дүниеде екі адамды аузынан тастамай өтіпті. Біріншісі – көзінің тірісінде «Жақсы Жәкең» атанған, Құнанбайдың сенімді досы, Абайға бата берген, рухы қазірде Меккеде дамылдап жатқан Жаңқұтты би, себебі Жәкең Қасқарға да бата берген, алайда сол тұста сәл қобалжыпты, сірә, Қасқардың ғұмыры келте боларын білді ме екен? Екінші қастерлеп өткен адамы – атақты Бекасыл әулие. Бекасылдың әулиелігі бабаң Бөкестің әулиелігімен бағыттас. Бөкес жарықтық Жақсы Жәкеңнің ажалы қашан келетінін дәл айтқан. Жәңгір төренің (Қараөткел (Ақмола) аға сұлтаны болған Қоңырқұлжа Құдаймендеұлының немересі) аштан өлетінін (расында солай болған, төре қылтамақтан қайтыс болған), Нұрлан мырзаның әкесі Байсейітке тұқымының өспейтінін айтып берген. Мен қашанда айтып отырамын, Алланың ұйғарымы солай болғанына тәубе деймін, себебі мен бауырмал, қазақылығы жоғалмаған қасиетті оңтүстікте өмір сүрдім. Өзгені қайдам, өз басым Бекасыл әулиені пір тұтып отыратын адаммын. Ол Қасқар бабаңмен дәмдес болған. Бабаң сол кісінің ақылымен діни білім алған, жүрегіне иман ұялатқан». Омарбай ақсақалдың айтқан әңгімесінің қысқаша түйіні осындай еді.
Омарбай ақсақал: «Асыл текті Бекасыл Шыңғыс өңірінен еліне аттанып бара жатқанында, сірә, бұл соңғы сапары екенін сезді ме екен (расында да, одан кейін Арқаға ат ізін салмапты, едәуір уақыттан соң бақиға аттаныпты), қамығып, артына қимастықпен қарап: «Тілеу тіледің, тілеуің тілеуіммен астасты, Тәңірінен сұраған тілеуің періштенің құлағына шалынғай! Тілеулі жұртым, қимай кетіп барамын, Алланың бір қасиетті аянын түсімде бір әулие маған беріп еді. Түйгенім: енді мен бұл қасиетті өңірге оралмаймын, мені қойшы, қаншама өткелек, қысастық көрсе де, осы өлкенің қос ұлысы ерте ме, кеш пе, алдымен Алланың, сосын халқының, адамзаттың мақтанышына айналар-ақ» депті. Ал осындағы «тілеулі жұртым», «тілеу тіледің», «тілеуің тілеуіммен астасты», т.б. Мамытбек Қалдыбайдың «Сахара ғұламасы» кітабындағы «Арқада Тілеу деген адамның ауылына барады екен» деген мәліметіндегі символдық бейне (нақты адамның есім-ныспысы емес) кейпіне кіріп тұрған жоқ па? «Осы өлкенің қос ұлысы» Абай мен Шәкәрім емес пе? Яғни біздің болжамымызға сәл жан беретін сияқты-ау… Абай төңірегінен 70 шақты адамның кеңестік тоталитарлық кезеңінде атылғаны, айдалғаны, тұқымын тоз-тоз қылғаны, Шәкәрімнің елсіздегі құдықта бәленбай жыл жатқаны, тек бертінде ғана Алланың рақымымен ел-жұртымен қауышуы – бәрі де сол Бекасыл әулиенің «қаншама өткелек, қысастық көрсе де…» деуімен сәйкес болып тұрған жоқ па?
Омарбай ақсақал оқушы кезімнен бастап аздап болса да санама сіңірген Бекасыл әулие кім? Айрықша құрметтің астарында киелі, қасиетті, қастерлі әлдебір ұғымға тәу етушілік бар сияқты болып көрінетін. Жаспын ғой, сондықтан осы бір құрмет маған да ауысып, Бекем атанған кісі (Бекасыл) кәдімгі екі аяқты, жұмыр басты пендеден гөрі, киелі, қасиетті тылсым дүниенің өкілі сияқты болып елестейтін…
2009 жылы көп болып бірігіп Кеншоқы ауылында әдемі мешіт тұрғыздық. Қасқар бабамыздың «Ұрпақтарым мешіт салдырса ғой» деген арманы жүзеге асты. Уақыт өте келе, бабамыз туралы танымдық дүние болса екен деп, кітап жазуды қолға алдым. Материал аз, көнекөз қариялар баяғыда дүниеден өткен. Ертелі-кеш естіген деректерді сараптап, ғылыми-тарихи сәйкестігін тексеріп, баба ғұмыр кешкен уақыттағы қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, саяси жағдайлардың хал-ахуал, өзім құрметтеген тұлғалар туралы ізденіп жүргенімде «Egemen Qazaqstannan» Бекасыл жарықтық туралы мақаланы көрдім. Баяғыда Омарбай ақсақал айтқан әңгімелер үзік-үзік еске түсті. Сөйтіп жүргенде, 2004 жылы «Жібек жолы» баспасынан «Сахара ғұламасы» деген атпен шыққан Мамытбек Қалдыбайдың тарихи-өмірбаяндық кітабын оқыдым. Құралбек Ергөбеков әріптесімнің мерзімді баспасөз бетінде жарияланған дүниелерін, т.б азды-көпті еңбектерді шолғанмын. Оның үстіне «Орхон ескерткіштерінің толық атласы», Бекасыл бабамыздың «Жұлдызнама» кітабының тұсаукесері өткен 2006 жылдың ақпанында мен ЕҰУ-ның қазақ әдебиеті кафедрасында профессор едім.
Мамытбек Қалдыбайдың кітабы тың дүние дей келіп, біздің патша көңіліміз: «…Шіркін-ай, ұлы бабамыздың өзгеше феномен екенін көрсету мақсатымен «Бекасыл Биболатұлы – көріпкел», «Бекасыл Биболатұлы – философ», «Бекасыл Биболатұлы – діндар ғұлама», «Бекасыл Биболатұлы және халықтық медицина» т.с.с. деп жіктеп жіберсе, қадірін келтіріп, әр тарауды бұлтартпас айғақтармен дәйектеу ғылыми сипатпен қатар, көпшілік үшін де пайдалы дүние болып шығар еді дегенге тоқталды.
Бекасыл әулие жан-жақты, ғылыми тұжырымға сұранып тұрған тұлға екеніне ешкім де дау айтпас… Біз әулие бабамызды елімен табыстырып, насихаттау сатысынан өткен сияқтымыз, ендеше оның сан-салалы білімі мен табиғат сыйлаған, Алла берген жұмбақ қабілет-қарымын зерттеу еңбегі қажет-ақ.
Менің ойымша, осынау даңғайыр тұлғаның ғұмыры мен еңбегін қазіргі кезеңде уақыт пен кеңістік сияқты тарихи-философиялық ұғымдар аясында зерттеуге, яғни бекасылтану ілімін туу, қалыптасу, даму кезеңдеріне бөле отырып зерделеуге кіріскен жөн. Алғашқы, яғни туу сатысы белгілі бір дәрежеде тиянақталған сияқты, енді қалыптасуы, дамуы кезеңіне назар аударған абзал.
Осынау бағытқа кішкентай да болса қосқан үлесім болсыншы деп, төмендегілерді айтпақпын. Өз ойымызды білдіруге Омарбай ақсақалдан естіген қысқа мына жайттар себепкер болды. Сөздерін сол күйінде беруге тырыстым. «Ей, оқымысты ұлым, Бекасыл әулиенің Абай үйінде болғанында Жүсіп Көпей баласы келіп, екеуінің арасындағы болған әңгімені естуің бар ма?» деген-ді ақсақал. Бұл – менің есімде қалған бірінші қысқа әңгімесі. Мендей «ғұлама» ол кезде Абайды білсе де, Көпей баласының кім екенін қайдан білсін? Кейіннен ойланып, бір реті келгенде мұны Ақаңа (Ақселеу) айттым. Ол кісі бұл жөнінде індете қарастырғанын айтты. Мұны өзі қайтыс болар кезінде шыққан «Қазақтың ауызша тарихы» атты кітабына енгізіпті. Ол әңгіменің сұлбасы былай. Ақиқатты айтайық, Абай мен Мәшһүр Жүсіп ортасы бәлендей жақсы болған деуге келмейді. Мәшекеңнің Абайды әкесі Құнанбай өлгенде ас бермеді деп, тағы да сол Абайды Базаралыларды итжеккенге айдатып жіберді деп кінәлағаны өз кітаптарында жазылған. Ал Шәкәрімді ата-тек шежіресін шығарғанда талай адамды (Құнанбай әулетімен араз) әдейі кіргізбеген деп сөккені де мәлім. Сонымен, Тобықты еліне бір шаруасымен келген Мәшһүр Абайдікіне сәлем беруге келеді ғой. Табалдырықтан аттай берген Мәшекеңе Абай: «Ақынның атағы өзінен қырық күн бұрын жүреді деген сөз бар, қане, айтшы, Құдай қайда, жұмақ қайда, тозақ қайда?» депті. Сонда Мәшһүр: «Құнанбайдың Ыбырахымының құдайы қайда екенін білмеймін, менің құдайым жүрегімде. Қатының жаман болса – тозақ, жақсы болса – жұмақ» депті. Абай риза болып, екеуі құшақтаса табысыпты. Ал осы отырыстың ішінде Омарбай қария айтқандай, Бекасыл Абайдың үйінде болды дейік. Омарбай ақсақал айтқандай, жоғарыдағы әңгімені оңтүстік өңіріне жеткізген Бекасыл екен. Ендеше, Бекасыл бабаның Арқаға сапарында жиі келетін өңірі Абай елі емес пе екен деген ойға келгенімді жасырмаймын. Бұған бірнеше себеп бар.
Біріншіден, ел-жұртына мәлім танымал тұлға елінің аты шыққан әйгілі адамдарды іздеп, жүздескенді қалайтыны анық. Екіншіден, Бекасыл бабамыз ғұмыр кешкен уақыт қазақ тарихындағы ең бір күрделі кезең еді. Осы тұста қожалардың Аягөз маңына топтасып, біразы Шәуешекке беттеп, біразы Шыңғыстауға Құнанбайдың шақыруымен баруы, т.б. бұл өңірдегі қайнаған, буырқанған өмірді көрсетеді. Бердіқожа (Мұхтар Әуезовтің үшінші атасы) Құнанбай төңірегіне көшіп, Құрбанғали, т.б. қожалар Шәуешек асқан. Сөйтіп, Ақтайлақ би бастаған игілікті істің арқасында сол өңір шоқындырудан аман қалды десек, артық болмас. Ендеше, осынау діни-рухани жайттар орын алған елге уақыт өте келе, оңтүстік өңірден Бекасыл бабамыздың сапарлауы қисынға келіп тұрған жоқ па?
Омарбай ақсақалдың айтуынша, Бекең әулие зердесі тұнық, бір көргенін, не естігенін еш уақытта ұмытпайтын адам болған. Бекасыл бабамыз өзінен жиырма жастан астам кіші Абайдың талантына, өзгеден оқшау ілім-біліміне, есте сақтау қабілетіне тәнті болып отырады екен.
Бірде Омарбай ақсақал: «Базаралыны итжеккенге айдатқан Құнанбай емес. Сол Базаралы елге оралғанда өз кінәсін біліп, кешірім өтінбекші болды ма, Ыбырахымға барып, сәлем беріпті. Әңгіме үстінде Базаралы Абайдың сұрағына қандай жауап қайырғанын білесің бе? Егер осы туралы Бекасыл айтпаса, бәріміз де басқаша ойлар ек…». Міне, қария осылай деп еді. Кейіннен әріптес ғалым інім Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбай» атты кітабын оқыдым. Мәшһүр Жүсіп те өз жазбаларында Базаралының итжеккенге айдалуына кінәлі деп Құнанбайды емес, Абайды айтқан. Абай Базаралыға сәлем бере барып, әңгіме үстінде ағасының өзге елде жүріп, орысша үйренген-үйренбегенін сұрапты. Сонда Базаралы: «Шырағым, орысшаны үйренетін жерге-ақ жіберіп ең, өзім жетесіз болып, үйрене алмай қайттым», депті. Ал осы әңгіменің Бекасыл әулиенің дуалы аузы арқылы ел арасына таралуы жоғарыдағы ойымызға белгілі бір дәрежеде тірек емес пе дегіміз келеді.
Осы жерде және бір жайтқа тоқтала кетуді парызым деп білемін. 2010 жылы Қазыбек бабамызға арналған энциклопедия шығардың алдында бір топ ғалым Түркістан қаласына бардық. Оңтүстіктегі бірталай атаулы адамдардың аруағына, Ясауи бабамыз кесенесіне жерленген Қаз дауысты Қазыбек бабамызға Құран бағыштап, құрбандық шалуға бардық. Әлі есімде, сонда бір қариялармен сұхбаттас болдық. Әңгімеміз Арыстан баб кесенесінің маңында болып еді. Ақсақал жөн сұрасқан соң, оңтүстік өңірдегі киелі деп есептелетін аруақтар мен тарихы мол орындарды әңгімелей келіп, екі жайтты айрықша ден қоя отырып айтып еді. Соның бірі – Бекасылдың, яғни әулиенің зеректігі, зердесінің тұнықтығы туралы болатын.
Сонда Бекасыл әулие Семей өңіріне жиі келуі өз алдына, ол Абай, Шәкәрім, мұрасын оңтүстікке насихаттаушы да болды ғой…
Қош, енді ұсыныстарымызға оралайық.
Менің ойымша, сабақтастық сияқты философиялық ұғымды үзіп алмас үшін төмендегідей шаралар жүзеге асса…
«Бекасыл әулие Биболатұлы» атты ғылыми-сараптамалық, рухани-мәдени кешен орталығы құрылса, түрлі іс-шара жоспарлап, үйлестіріп, жұртты хабардар етіп, насихаттап отырар еді. Бұл орталық Бекасыл Биболатұлының өмір жолы мен болмысына біткен қасиет, сипаттарын, бабаның ғұмырындағы кейбір көмескі жайттарды анықтауды, біртұтас ғұмырнамалық және генеологиялық картасын әзірлеуді, «Бекасыл баба ізімен» атты экспедиция ұйымдастыруды, облыс орталықтарында, т.б. елді мекендерде белгілі бір мерзім аясында танымдық сипаттағы түрлі іс-шара өткізуді, Уәли бабаның «Жұлдызнама», «Зикзал» деп аталатын әрқайсысы қос ауқымды томнан тұратын кітаптары, олардағы біз меңгере қоймаған тылсым сырлар туралы сыни пікірлер топтастырылған жинақ шығаруды қолға алса, қанеки.
Мәуен ХАМЗИН,
филология ғылымдарының докторы, профессор