Кейінгі кезде жүрек-қан тамырлары аурулары үлкендермен қоса, жас адамдардан да анықталып жатыр. Сондықтан сарапшылар өмір салтыңызды өзгерту ешқашан кеш емес екенін ескерте отырып, жүрекке пайдалы нақты әрекеттерді атады деп хабарлады turkystan.kz.
Сонымен, жүрек сағат сияқты жұмыс істеуі үшін не істеу керек? Америкалық кардиологиялық қауымдастық жүректі сақтаудың негізгі жолдарын айтты. Енді соның әрқайсысына тоқталайық.
Дұрыс тамақтаныңыз
Біз жейтін тағам денсаулыққа әсер етеді. Кардиологтар жүрекке зиян келтіретін тағамдарға тұз, қант және трансмайлар көп тағамдарды жатқызады. Ал америкалық кардиология қауымдастығының сарапшылары атап өткендей, жүрекке пайдалы өнімге көкөністер мен жемістер, жануарлардың майсыз ақуызы, балық пен теңіз өнімдері, өсімдік ақуыздары, дәнді дақылдар, жаңғақтар, бұршақ дақылдары, зәйтүн майы және басқа да өнімдер кіреді.
Мамандар кеңесі бойынша, мына тағамдарды шектегеніңіз абзал: тәтті сусындар, алкоголь, натрий көздері, қызыл және өңделген ет, тазартылған көмірсулар, жоғары өңделген тағамдар және тропикалық майлар (мысалы, пальма). Сарапшылар дүкеннен алған затыңыздың жапсырмасын оқуға кеңес береді.
Қозғалыста болыңыз
Дене белсенділігі денсаулыққа, соның ішінде жүрек-қан тамырлары жүйесіне пайдалы. Атап айтсақ, дене белсенділігі қан қысымын төмендетеді, салмақты сақтауға көмектеседі, қант диабетінің даму қаупін азайтады, созылмалы қабынуды басады. Көптеген зерттеу көрсеткендей, үнемі жаттығу жасайтын адамдарда инфаркт немесе өмірге қауіп төндіретін басқа жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупі аз. Мамандар ересектерге аптасына кемінде 2,5 сағат орташа немесе 75 минут қарқынды физикалық белсенділік қажет екенін айтады. Ал балалар мен жасөспірімдерге күн сайын кем дегенде 60 минуттық физикалық белсенділік, соның ішінде ойындар мен басқа да іс-шараларға қатысу ұсынылады.
Темекіні тастаңыз
Темекі шегу жүрек пен қан тамырларын зақымдайды. Бұл – жүрек ауруы мен инсульттің негізгі себептерінің бірі. Сарапшылар темекіні тастаудың артықшылықтарын атап өтті. Темекі шегуді тоқтатқаннан кейін бір жыл өткен соң, жүректің ишемиялық ауруының қаупі темекі шегетіндермен салыстырғанда екі есе төмен болады. Сонымен қатар темекіні тастағаннан кейін 5-15 жыл ішінде инсульт қаупі айтарлықтай төмендейді. Мамандар электронды темекі шегу зиян екенін ескертеді.
Ұйқыңыз қалыпты болсын
Түнгі ұйқының жақсы болуы жүрек-қан тамырлары үшін өте маңызды. Ересектерге күніне жеті-тоғыз сағат ұйқы қажет болса, сәбилер мен балалар жасына байланысты көбірек ұйықтағаны жөн. Ұйқының жеткіліксіз болуы қан қысымының жоғарылауына, холестериннің, салмақтың артуына және қант диабетінің даму қаупінің жоғарылауына әкеледі. Алайда, зерттеу көрсеткендей, тым ұзақ ұйықтау жүрекке де зиян тигізуі мүмкін.
Салмағыңызды бақылауда ұстаңыз
Артық салмақ пен семіздік жүрек-қан тамырлары ауруларының негізгі қаупі болып саналады. Ғалымдар артық салмақ әйелдердің жүрек ауруының қаупін екі есе арттыратынын алға тартады. Салауатты дене салмағын сақтау денсаулыққа көп пайда әкеледі.
Қандағы қант деңгейі мен холестеринді бақылап отырыңыз
Қант жүрекке бірнеше жолмен әсер етеді. Қант мөлшері жоғары диета семіздікке әкелуі мүмкін. Қант мөлшері жоғары тағамдарды жеу қабынуды күшейтуі мүмкін. Ал созылмалы қабыну жүрек пен қан тамырларына ауыртпалық түсіріп, аурудың дамуына әсер етуі ықтимал. Сондықтан мамандар қандағы қант деңгейін бақылап отыруға кеңес береді.
Ал холестериннің жоғары болуы көбіне нашар диетаның салдары. Бұған жоғары өңделген тағамдарды, майлы және қуырылған етті, тұзды тағамдарды және жоғары калориялы десерттерді жеу ықпал етіп жатады. Жоғары холестерин дене белсенділігі төмен, артық салмағы бар немесе семіздікке шалдыққан адамдарда да кездеседі. Холестериннің жоғарылауы атеросклероздың, инфаркттың немесе инсульттің даму ықтималдығын арттырады. Сондықтан сала мамандары холестеринді бақылап отыруды және деңгейі жоғары болса, оны төмендету үшін шара қабылдауды ұсынады.
Қалыпты қан қысымы
Жоғары қан қысымы инфаркт, инсульт, жүрек немесе бүйрек проблемаларын тудырады. Сондықтан қан қысымын үнемі тексеріп отырыңыз.