Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Тұңғыш Президент кітапханасы мен Президент Архивінің 18 құжат пен 60-тан астам кітабы «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешеніне тапсырылды.
«1997 жылдан бастап Қазақстанда жыл сайын 31 мамырда тарихымыздың ең қасіретті беттерінің бірі – миллиондаған адамның өліміне әкеп соққан жаппай саяси қуғын-сүргін мен алапат аштық құрбандарын еске алу күні аталып өтіледі. «АЛЖИР»-ге берілген бұл мұрағаттық фотоматериалдар мен құжаттар тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге өз үлес қосатынына сенім мол», деді Тұңғыш Президент кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.
«АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешенінің директоры Самат Тергембаевтың сөзінше, аталған кешен жаппай террор құрбандарына арналған бірегей ескерткіш ретінде ХХ ғасырдың 1930-1950 жылдарындағы қайғылы оқиғалардың естелігін сақтауға, сондай-ақ болашақта мұндай ауыр қайғы-қасірет қайталанбас үшін жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға көмектеседі.
Өз кезегінде Президент Архиві директорының орынбасары Бейсембай Жұмабеков мұрағатта ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығының ашылуымен республикада осындай құжаттардың мамандандырылған қоймасы пайда болғанын атап өтті. Елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы тиісті ресми мұрағаттық қолдауға ие болды.
Іс-шараға сондай-ақ Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері, Целиноград ауданы әкімдігінің қызметкерлері, ардагерлер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Бану ӘДІЛЖАН

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.