Абай еліндегі алапат өртке Ертіс бойындағы орманды ауылдардың халқы айрықша алаңдап отыр. Жалқарағай ормандары Павлодар өңірімен шектесіп, бірнеше ауданның аумағын алып жатқаны мәлім. 277 мың гектар орманды жерге жауапты «Ертіс орманы» мемлекеттік резерваты бүгінде күшейтілген жұмыс режіміне көшкенімен, тәжірибелі орманшылар орман қорғау ісінде шикілік баршылық деп есептейді.
«Семей орманы» мекемесіне қарасты жалқарағайлардың отқа оранып, салдарынан адам шығыны орын алып жатқаны павлодарлық әріптестерін айрықша алаңдатып отыр. Қос резерваттың жұмыстары бүгінге дейін біте қайнасып, ағаш өсіру, орманды өрттен қорғаудағы тәжірибелері де ортақ. Айрықша қорғалған аумақтарда өрт қауіпті кезеңде тілсіз жау тұтанбай тұрмайды. Алайда кәнігі орманшылар дәл биылғыдай алапаттың тәуелсіздіктен бергі тарихымызда алғаш рет кездесіп отырғанын айтуда. Биыл көктемнен бері орман аумағында жауын-шашын мүлде болған жоқ.
Қарағайдың жоғарғы тұстарындағы бұтақтарының әбден кеуіп тұрғаны соншалық, шырпы тисе қау ете қалады. Сондықтан алдағы айлар жергілікті орманшылар мен өрт сөндірушілер үшін нағыз сын кезеңі болатыны айқын. Семей ормандарындағы трагедия біздің аймақта қайталанбауы үшін қайтпек керек?
Бір кездері «Ертіс орманы» мекемесін басқарған тәжірибелі орманшы, еңбек ардагері Төлеген Шакармановтың сөзіне құлақ түрсек, орман қорғау ісінде жүйесіздік көп. Резерваттың бүгінгі басшылығы жергілікті жер жағдайын, жалқарағай ормандарының ерекшелігін білмейді. «Балық басынан шіриді» демекші, орман күзетін сонау орталықтан үйлестіретін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің басшылығы өз ісінің мамандары емес. Мұны ашық айту керек. Қаншама басшылар ауысып жатыр, барлығы да бұл салаға титімдей жаңашылдық әкеле алмады. Әсіресе 2009-2013 жылдары осы комитетті басқарған Ерлан Нысанбаевтың тұсында орман өрттері өте көп болды. Біздің облысымызда Жалқарағай ормандары отқа оранғаны былай тұрсын, ағаш кесу, ұрлау фактілері көпе-көрінеу жиіледі. Осының барлығына комитеттің сол тұстағы басшылары түрткі болды деп ойлаймын. Себебі ол уақытта орман саласының жұмысын мен бес саусақтай білдім. Жергілікті тәжірибелі орманшылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалмады. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келе жатқаны байқалады. Саладағы жүйесіздіктің бір ғана салдарын айтайын, 2010 жылы біздің облыс аумағында басталған алапат өртке өрт сөндірушілеріміз ие бола алмай, тілсіз жау Ресей Федерациясына өтіп кетті. Онда тұтас ауылды жайпап өтті. Біздің мемлекетіміз келген шығынды өтегені де есімде. Кейін резерват аумағында бірнеше елді мекенді өрт шарпыды. Тұрғындардың талай жыл тұрған баспаналары қора-қопсы, дүние-мүлкімен қоса жанып кетті. Мұндай салғырттықтың қай-қайсын айтып тауысарсың. Резерват басшылығының жергілікті халықпен байланысы дұрыс болмаған соң, орман мекемесіндегі қызметкерлер орман күзетіндегі техникалық базаға жүрдім-бардым қарайды. Техника жоқ емес, бар, бірақ сол ұқыпты пайдаланылмайтыны өкінішті. Адамдар жанар-жағармай, техника бөлшектерін ұрлап, ұйымға көп шығын келтіреді», деп қынжылады ардагер.
Оның пікірінше, Абай еліндегі жағдайға орай Павлодар облысы әкімдігінің жанынан орман қорғау бойынша үйлестіру кеңесі құрылуы керек. Барлық жағдайды сараптап, алдағы қадамдардың қалай жүзеге асатынын тәжірибелі орманшылармен ақылдасқаны абзал. Бүгінде «Ертіс орманында» Ақсақалдар алқасы бар болғанымен, оның мүшелерінің пікіріне басшылық мүлде құлақ аспайтын көрінеді. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қағиданы ұстанатын қыңыр жетекшілердің кесірінен жергілікті халықты бақылап ұстау мүмкін болмай бара жатыр. Орман ұрлығы мен қасақана өрт қою фактілері де осыдан туындауы ықтимал. Біздің үнімізді ешкім естімейді. Бұған дейін Үкімет деңгейінде осы мәселелерді бірнеше мәрте көтерсек те, жауапты комитет қозғалған жоқ. Ұйымдастыру жұмыстары ретке келмейінше Абайдағы трагедия біздің де басымызға келіп жетуі әбден мүмкін деп ойлаймын. Өзіміз де қалың орманның арасында, Аққулы ауданындағы Шоқтал ауылында тұрып жатырмыз. Құдай бетін аулақ қылсын, қалың өрт шықса, жақын маңнан ауылға келіп көмектесетін арнайы өрт сөндіру жасағы жоқ. Шоқталда не өрт сөндіретін машина, не арнайы трактор жоқ. Былтыр ауыл шетінде өрт шығып, күйіп кете жаздадық. Ауылға жақын жерде өрт бақылау мұнарасының өзін әрең орнатқыздық. «Тайбағар» орманшылығы негізінен кезінде осы Шоқталда орналасуы керек болған. Алайда оның орталығы әлі күнге Шалдайда тұр», деп әңгімесін жалғастырды ол.
Ал «Ертіс орманы» мекемесінің бас директоры Арман Бектеміров орман қорғау ісіндегі өртке қарсы дайындық шаралары ойдағыдай деп сендіріп отыр. Қазіргі күні резерваттың қызметкерлері кез келген тосын жағдайға әрекет етуге мығым дейді. Мұнда 307 адам тұрақты еңбек етсе, оның 286-сы мемлекеттік инспекторлар. Кадр жетіспеушілігін «Оңтүстіктен – солтүстікке» бағдарламасы арқасында шешу мүмкін болып отырған көрінеді. «Қызметкерлеріміз жеткілікті, жазғы кезеңде қосымша 250 адамды еңбекке тартып отырмыз. Резерват аумағында орман өртіне қарсы 11 станса бар, оның екеуі екінші типті. «Урал», «Зил», «Газ» маркалы 29 өрт сөндіргіш машина, соқасы, басқа да асай-мүсейлері бар 34 тракторымыз, 14 шағын өрт сөндіргіш кешен, 21 патрульдеу көлігі бар. «Қазавиаорманқорғау» республикалық мекемесіне қарасты МИ-2 тікұшағы өрт қауіпті кезең басталғалы тұрақты ұшып, аумақтарды бақылауда ұстап отыр. Ұшқыштар ағашты заңсыз кесу оқиғаларын және орманға келтіріліп жатқан кез келген зиянды уақытында байқап, хабар береді. Бұған қоса әр тұста 18 өрт бақылау мұнаралары орналасқан. Бұларда тәулік бойы кезекшілік жүргізіліп, қызметкерлеріміз әр жағдайды бақылап, хабарлап отырады. Бұйыртса, жақын уақытта бұл мұнаралар тепловизормен, камералармен және GPS бағыттағыштармен жабдықталады. Жаңа аспаптарға конкурс жариялап қойдық. Мемлекеттік инспекторларымыз бен өрт сөндіру стансаларының қызметкерлері өзара «Кенвуд» және «Хит» радиостансалары арқылы тұрақты байланыста. Әр орманшылықта жазғы уақытта өрт жағдайына деп кемі 500 литрден бензин және дизель отыны сақталады», дейді ол.
Жалқарағай ормандарының аумағында негізі су көздері тапшы. Өрт жағдайына қажеттілік үшін көбіне жасанды шағын су қоймалары салынған. Әр орман шаруашылығында гидранттар, 50 және 100 текше метр су сыятын үлкен ыдыстар орналасқан. Өрт сөндіру машиналарын сумен жедел қамту үшін орман жамылғыларының әр жерінде мұндай 32 ыдыс бар екен. Алдағы айларда резерватқа жаңадан 5 өрт сөндіргіш машина сатып алынбақ. Бұл мекеменің материалдық-техникалық әлеуетін күшейте түсетіні сөзсіз. Дейтұрғанмен, мұндағы қолданыста жүрген барлық техникалардың қолданыстағы мерзіміне 10 жылдан асып кетіпті. Яғни соңғы 10 жылда жаңа машиналар мүлде алынбады десе болады.
«Абай облысындағы жағдай біз үшін үлкен сабақ болатыны сөзсіз. Өрт – айтып келмейтін қауіп. Ормандар арасындағы бос кеңістіктерге соқа түсіріп, жыртып жатырмыз. Алда-жалда жалын тұтана қалса, өзге аумақтарға таралып кетпесін деген сақтық. Жалпы ұзындығы 570 шақырым жердің топырағы аударылады. Резерват аумағындағы ауылшаруашылық құрылымдарына өрт қауіпсіздігін сақтау жайында ауызша да, жазбаша да хабарлап, естеріне салып отырамыз. Өртті ерте бастан анықтап, жайылып кетпей тұрғанда өшірген абзал. Мұны әр орманшы қаперінде ұстайды», дейді мекеме басшысы.
Жыл басынан «Ертіс орманы» аумағында 6 орман өрті тіркеліп, жалпы аумағы 215,3 гектарға жуық жердің өсімдіктерін (оның ішінде 40 гектары – орман жамылғысы) тілсіз жау тып-типыл еткен. Бұдан мемлекетке келген шығын көлемі 28,5 млн теңге. Мысал үшін Аққулы ауданының тұрғыны А.Копаев шабындық жерді өртемек болып, өрт аумағын кеңейтіп алған. Аталған азамат абайсыздығы үшін жауапқа тартылып, қылмыстық іс қозғалған.
Жалқарағай ормандарында заңсыз ағаш кесу оқиғаларының тыйылмай тұрғаны да белгілі. Соңғы бес айда резерватта заңсыз ағаш кесу және ұрлау бойынша 20 факті тіркеліп, 6,9 млн теңгенің шығыны келтірілген. Заңсыз ағаш кесу оқиғаларының тек 5-еуінде ғана кінәлі тұлғалар анықталып, жаза арқалаған.
Түсініктірек болуы үшін айтып өтейік, баға жетпес байлығымыз саналатын реликті қылқан жапырақты ағаштар еліміздің солтүстік-шығыс өңірінде ғана кездеседі. Ежелгі мұхиттың табанында, құм жалдарында өсіп шыққан Ертіс «орман жолағы» Шалдай және Бесқарағай орман шаруашылықтарынан, оның ішінде 16 орманшылықтан тұрады. Жалпы аумағы 162 мың орман жамылғысы қорғалуы жағынан аса құнды орман алқаптары санатына енеді. Бүгінде резерват аумағында өсімдіктердің 84 түрі тіркелсе, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде флораның алуандығы кеңейіп, былтырға дейін 226 түрі анықталыпты. «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар мен құстардың 7 түрі, түрлі тұяқты аң, соның ішінде шамамен 190 бұлан орманды мекен етеді.
Негізі Павлодар облысының аумағында «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі», сондай-ақ жалпы аумағы 127,5 мың гектар жерге ие орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемелер («Павлодар», «Үрлітүп», «Максим Горький») бар екенін айтып өтейік. Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Сағын Төлеутаевтың дерегінше, жергілікті орман мекемелерінің өртке қарсы техникалармен қамтылуы 62 пайыздан аспайды. Ормандардың 80 пайызында өртке қарсы мұнаралар жоқ, тағы 36 пайызына өрт сөндіру стансалары жеткіліксіз. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін биыл өңір бюджетінен 355,2 млн теңге қаражат бөлініп, 3 цистерналы өрт сөндіргіш машина, 11 ағаш отырғызатын техника және 6 соқа сатып алу жоспарланған. Техникалардың алды бүгінде келе бастаған. Негізі «Павлодар», «Үрлітүп», «Максим Горький» мекемелерінде норма бойынша 15 өрт сөндіргіш машина болуы керек. Алайда қолда барының саны – 7 бірлік. Бұл көрсеткіш техникалық жарақтану бағытындағы жұмыстардың мардымсыз жүріп жатқанын айғақтап тұр.
Мұрат ҚАПАНҰЛЫ