Эль-Ниньо – Тынық мұхитының экваториалды бөліміндегі беттік қабатындағы су температурасының тербелісі. Бұл құбылыстың климатқа елеулі әсері бар. Таяуда ғалымдар табиғи апатқа байланысты дабыл қақты. Төрткүл дүниеге тағы бір Эль-Ниньо ағысы қауіп төндіріп тұр.
Бұл жайлы «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Абай Асанкелдіұлы «Жаһанды алаңдатқан Эль-Ниньо» атты мақаласында жазды.
Мақала авторының жазуынша, Тынық мұхитында болатын ерекше құбылыс әлемнің кей бөлігінде су тасқынын, басқа жағында құрғақшылықты тудыруы мүмкін.
Ұлттық мұхиттық және атмосфералық қауымдастық ұсынған деректерге қарағанда, қазіргі таңда Эль-Ниньо ағысы басталды. Сондай-ақ Тынық мұхитының шығысындағы экваторға жақын аймақтағы температура шамамен 0,5 градусқа жылынған.
Айта кетейік, бұған дейін де әлемнің бірқатар елдері Эль-Ниньо салдарынан талай мәрте су тасқынынан, циклондардан, құрғақшылықтан, орман өртінен зардап шеккен.
Еуропалық одақтағы Коперник атындағы климаттың өзгеруі қызметі басшысы Карло Буонтемпо кейінгі жылдары Ла-Ниньаның салқындатушы әсеріне қарамастан, Эль-Ниньоның қызуы артып кеткенін айтады. Осының салдарынан Тынық мұхитын жағалай қоныс тепкен бірқатар мемлекетке қиын тимек.
Бұл ретте мақала авторы Америка құрлығындағы бірнеше ел, Жапония, Аустралия мен Жаңа Зеландия Эль-Ниньо салдарынан зардап шегуі мүмкін екенін жазды.