Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Әділ Жұбанов ҚТЖ компаниясы жұмысындағы кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұзындығы 277 шақырым «Атырау-Астрахан» тасжолының құрылысы 2019 жылы басталып, жоспар бойынша 2021 жылы бітуі тиіс еді. Алайда бес жыл бұрын басталып, екі жыл бұрын бітуі тиіс жолдың құрылысы өте баяу жүріп жатыр. Жұмыстың жүрмеуінің басты себебі – құрылыс материалдарының уақытылы жеткізілмеуі және тасымалдаушылардың вагондарды жеткілікті деңгейде қамтамасыз етпеуі. Бұл жалпы еліміз бойынша экономикамыздың өсуіне, соның ішінде құырылыс саласының дамуына үлкен кедергі болып отыр», – деді Ә. Жұбанов Бас прокурор Берік Асыловтың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, қазіргі кезде ҚТЖ ұлттық компаниясының жалпы қарызы 2,2 трлн теңгеге жеткен.
«Егер бүгінде ұлттық компания кәсіпкерлерге жасанды түрде әкімшілік кедергілер жасап жатса, ҚТЖ қарызын қалай өтемек? Сонымен бірге, кірістің ең табысты бөлігі саналатын жүк тасымалы қызметін ұлттық компания неліктен бәсекелестік ортаға береді? Бұл әрекеттердің барлығы ұлттық компанияның кірісіне әсер етіп, жобаларды, оның ішінде ұлттық жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырғанын айтқым келеді. Вагондар төңірегінде қалыптасқан жағдай тауар бағасына әсер етіп, инфляция мен елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына зиянын тигізіп жатыр. Негізінде, экономикамыздың күре тамыры саналуы тиіс «Қазақстан темір жолы» компаниясына қарата айтылатын сын өте көп. Себебі, қоғам ішінде компания қызметі көлеңкелі схемаларға толы және ашықтық, есептілік жоқ деген пікір бар», – деді депутат.
Бұл тұрғыда ол Бас прокурордан ұлттық компанияға қатысты толық қаржылық талдау жасауды және алынған қарыздардың мақсатты жұмсалуы бойынша жүйелі тексеру жүргізуді сұрады.
«Сонымен қатар, ҚТЖ-ның қазіргі және бұрынғы басшылығының вагондарды жалға беретін жеке логистикалық компанияларға қатыстылығына тексеру жүргізу керек. Мұнымен қоса, жүк тасымалы қызметін бәсекелес ортадан ұлттық компанияға қайтару маңызды», – деді Әділ Жұбанов.