Париж қаласының орталығында болған жарылыс салдарынан 37 адам зардап шекті. Тағы төрт адамның жағдайы нашар, деп хабарлайды Euronews сайты .
Агенттіктің мәліметіне сүйенсек, үйінді астында екі адам қалуы мүмкін. Бұл жағдай Франция астанасының бесінші ауданында, Люксембург саябағы мен Пантеонға жақын жерде орналасқан Париждегі Америка академиясының ғимаратында болды.
Алдын ала болжам бойынша, ғимарат ішінде газ жарылып, қасбеті жолға құлады. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары эвакуацияланды.
Оқиға орнына екі жүзден астам өрт сөндіруші, құтқару қызметтері, сондай-ақ Париж мэрі Анн Идальго келді.
Прокуратура жарылыс себебінің екі нұсқасын тергеу үстінде – «қауіпсіздік ережелерін бұзу» және «адамдардың салақтығы». Бұл туралы брифингте Париж прокуроры Лор Бекюо хабарлады.