Өзбекстан Республикасында кезектен тыс президент сайлауы болды. Дауыс беру кеше таңертеңгі сағат 08:00-де басталып, кешкі 20:00-де аяқталды.
Ташкент қаласы «Яккасарай» ауданына қарасты 576 сайлау учаскесіне 2 мың 14 азамат тіркеліп, олардың 80 пайыздан астамы сайлауға қатысып, өздері таңдаған кандидатқа дауыс берді.
Бұл сайлау учаскесіне 23 халықаралық бақылаушы келіп, дауыс беруді бақылады.
Учаскеде сағат 20:00-де дауыс беру аяқталып, учаскелік комиссия мүшелері жиналған дауыстарды санауға кірісті. Дауыс беруді бақылаушылар да қадағалап отырды.
Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, уақыт белдеуін ескере отырып, АҚШ пен Еуропа елдеріндегі шетелдік сайлау учаскелерінде дауыс беру жалғасып жатыр. ОСК-ның соңғы жариялаған мәліметінше, Өзбекстан уақыты бойынша сағат 17:00-де президент сайлауына сайлаушылардың 69,85 пайызы қатысқан. Сайлаудың алдын ала қорытындысы бүгін, 10 шілдеде белгілі болады.
Сайлауға төрт үміткер қатысты. Оның ішінде қазіргі президент Шавкат Мирзиеев те бар. Сайлауда жеңіске жету үшін кандидат 50 пайыздан аса дауыс жинауы керек.