Көлік прокуратурасы жоспарлы талдау нәтижелері бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі «Теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына наразылық білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Аталған қағидаларға сәйкес, 15 және одан асқан балалар «ҚТЖ «ҰК» АҚ-ның қызметтерін заңды өкілден нотариалды куәландырылған жазбаша келісім мен сенімхат болған жағдайда ғана дербес пайдалана алатыны анықталды. Бұл норманың Азаматтық кодекске және «Нотариат туралы» Заңға сәйкес «келісімді» куәландыру мен «сенімхат» беру екі өз алдына бөлек нотариаттық іс-әрекет екені ескерілмеген.
Осы ережелерді қолдануға қатысты мониторинг көрсеткендей, жолсеріктер қағидаларға сілтеме жасап, бұндай жолаушыларды сапарға жібермей немесе оларды қозғалыс барысында түсіріп тастаған жағдайлар болған.
Бүгінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі прокуратураның наразылығын толық көлемде қанағаттандырды және «ҚТЖ «ҰК» АҚ бір ғана құжаттың (нотариалды куәландырылған келісім) болуы бойынша осындай қызметтер көрсету туралы нұсқау берді.
Сонымен бірге уәкілетті орган Жолаушыларды темір жол көлігімен тасымалдау жөніндегі қағидаларға тиісті түзетулер енгізу және жалпы оны жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.