Орал қаласының тұрғыны шетелге бүйрегін сатқысы келген. Ол отаны Кенияда жасауға келіскен.
Ішкі істер министрлігінің ресми порталының хабарлауынша, 30 шілдеде Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Көліктегі ПД ҰҚҚКБ қызметкерлерімен бірлесіп, ІІМ-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің үйлестіруімен адам органдарын сатуды алдын алып, бүйрегін шетелге сатқысы келген азаматты анықтаған.
Ол азамат Орал қаласының 33 жастағы А. есімді тұрғыны болып шықты. Ер адам вахталық әдіспен жұмыс істейді. Полиция анықтағандай, ер адам отбасының жағдайына байланысты бүйрегін сатқысы келген.
Мамыр айында халықаралық интернет-сайтта жарияланған ақшалай сыйақы үшін трансплантацияға арналған бүйректі сату туралы хабарландыруды көрген. Оған Telegram-арнасы арқылы сайттың қызметкерлері байланысқа шығып, операцияны Кения Республикасында жасауға болатынын айтқан. Отаның құны 20 мың АҚШ доллары болған. Содан кейін А. есімді азамат екі ай бойы медициналық орталықтарда тапсырған талдау нәтижелерін Telegram-арнасы арқылы жіберіп отырған. Сайт қызметкерлері оған жол жүру, электронды виза үшін 250 АҚШ доллары көлемінде ақша жіберген.
30 шілдеде полиция қызметкерлері бүйрегін сатқысы келген азаматты Алматы қаласындағы халықаралық әуежайдың ұшу аймағынан ұстады. Одан кейін ол тергеліп, Орал қаласына жеткізілді. Оған ешқайда кетпеу туралы қолхат берілді.