Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру барысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап
Хромтау ауданындағы Дөң ауылының тұрғыны Айнұр Жолдыбаева «Ауыл аманаты» аясында 2,5%-дық мөлшерлемемен 6,5 млн теңге қарыз алды. Бұл қаражатқа наубайхана ашқан ол қазір ауыл тұрғындарын күнделікті жаңа піскен нанмен және басқа да өнімдермен қамтамасыз етеді. Кәсіпкердің айтуынша, жобаның арқасында отбасының орташа табысы айтарлықтай өскен.
Дөң ауылының тағы бір тұрғыны Асылхан Темірханов «Ауыл аманаты» бойынша жеңілдікпен 3,5 млн теңге қарыз алған. Бұл қаражатқа 500 тауық сатып алынды. Мекиен тауықтар күніне орта есеппен 350 жұмыртқа береді. Олар ауыл тұрғындары арасында жоғары сұранысқа ие.
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Үкімет басшысына өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасының қалай іске асырылып жатқаны туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
«Жоба 2022 жылғы қараша айында басталды. Оған кіріспес бұрын біз әр ауылға скрининг жүргізіп, алғаш рет барлық 134 ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын әзірледік. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 6,5 млрд теңге бөлінді. Биыл қыркүйек айында қосымша 12,5 млрд теңге бөлінеді деп күтілуде», деді өңір басшысы.
Премьер-министр азаматтардың әл-ауқатын арттыру Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру тәжірибесі барлық өңірге кеңінен таралуы тиіс. Биыл оған 100 млрд теңге бөлінді, соның есебінен ауылда көптеген кәсіпкерлік бастаманы қолдау жоспарланып отыр. Келесі жылы тағы 100 млрд теңге бөлеміз. Жобаның арқасында ауылдық елді мекендерде өмір сүру деңгейі айтарлықтай жақсармақ. Ақтөбе облысы – жобаны іске асыру бойынша жетекші өңірлердің бірі. Осы қарқынмен бұл жұмысты жалғастыру қажет», деді Әлихан Смайылов.
Қазіргі уақытта өңір тұрғындары «Ауыл аманаты» аясында 6,5 млрд теңге сомаға 1 486 жобаны қаржыландыруға өтінім берді. 1 389 жоба мақұлданып, оның 930-ы 4 млрд теңгеге қаржыландырылды. Нәтижесінде 1 122 жаңа жұмыс орны құрылып, 103 мыңнан астам құс сатып алынды, 48 жылыжай салынды, 146 га алқапқа картоп және басқа да көкөністер егілді, сондай-ақ ауылда 389 жаңа шағын бизнес нысаны ашылды (наубайхана, ет, сүт өңдеу бойынша шағын цехтар және т.б.).
Сонымен қатар Ақтөбе облысында кепілге қоятын мүлкі жоқ аз қамтылған отбасыларды қолдау үшін тауарлық несие беру тетігі енгізілді. Ірі шаруа қожалықтары оларға аталған шарттармен мал басын несиеге беруде. Мұндай несие 3-5 жыл ішінде көбейген малдың бір бөлігімен қайтарылады. Бүгінгі таңда шаруа қожалықтарының қолдауымен 329 отбасына 4 580 бас мал берілді.