Биыл Ұлы ақынымыздың 178 жылдық мерейтойы. Халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық қайсы десең, кімді еске түсіреміз, әрине, Абайды. Абай мұралары күннен күнге заманына қарамастан, адамын таңдамастан өміршеңдігін жалғастыруда. Әсіресе, қазіргі таңда Әділетті Қазақстанды құрудамыз деп жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жатқанда оның әділдік, адалдық, адамгершілік идеяларына негізделген, тағылымы мол шығармашылығы қазақ әдебиетінің жауһары әр отаншыл, елшіл азаматтың санасына ой салады.
Кеше ғана мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбайдың әлеуметтік желіде жариялаған Абай туралы жазбасына пікірімді білдірген едім. Менің ойымша, біз Абайдың қадіріне әлі жете қойған жоқпыз. Абайдың ойшылдығын ұғыну үшін қара сөздерін терең үңіліп оқу керек. Бір рет астын- үстін апырақтап, сырғытып оқып, жаттап алу нәтиже бермейді. Қайта-қайта оқығанда ғана ойға ой түйіседі. Сонда ғана «мен Абай мұрасынан не алдым? Енді еліме, халқыма не беремін?» деген сұраққа жауап табылады. Абай ойлары тереңде жатыр. Абайды қалай дәріптеп жатырмыз?
2009 жылы сол кездегі партиямыздың Хатшысы Ерлан Кариннің қатысуымен Семей қаласында Патриоттар форумы өтті. Облыстан 15 азамат қатыстық. Біздің делегация пойызбен Алматы арқылы жетті. Күтіп алушылар «Абайдың басына барасыздар ма, әлде тамақтанып аламыз ба?» деп сұрады. Форумға қатысу іс-сапардың басты мақсаты болғанмен, түпкі ойым Ұлы Абайдың басына бару. Қасымда Марина Лимаренко бар. Журналист болған соң, оған Абай туралы барлық мәліметті білу, мұрағаттарды өз көзімен көру маңызды болды. Ал менің басты арманым Абайдың басына барып, қабір топырағын бір сипалау, тұтынған заттарын өз қолыммен ұстап көру болды. Күн ыстық. Автобуста кондиционер жоқ. Сол автобуста өзге облыстың азаматтары да бар. Жол ойлы-қырлы, қара топырағы шығып жатыр. Кей жерлерде қиыршық тас. Автобустың дөңгелегімен аямастан жаншып келеміз. «Осы елдің оқыған азаматтары қайда қарайды екен? Абай ауылының жолдары осындай болса, онда басқаны қайдам?» деп іштей қынжылдым. Жеттік-ау. Керемет мемориал. Абай мен Шәкәрімнің аяғы басқан даланың ерке шөптерінің басын сипалап отырып, Семей топырағынан шыққан Алаш арыстары, ұлт зиялылары есіме түсті. Жидебайдың ауасымен тынысымды керіп дем алдым. Абай, Шәкәрім рухына бас иіп сәлем беріп, іштей құран оқыдым. Ұлт тұлғасына тағзым еттім. Мұражайдағы Абайдың қара мылтықтығының ағаш сабын, шүріппесін ұстап көрдім. Сол кезде Абай сөз мергені ғана болмағанына көзім жеткендей. Абайды ұрпақтан-ұрпаққа бүкіл әлемге таныту үшін не істеу керек деген ой мазалады. Немерелі болсам Абай әндерін орындатамын деп іштей армандадым.
Патриоттар форумы өткен жылы алғашқы немерем Айша дүниеге келді. Айшаны флейтаға бердік. Биыл флейта мектебін өте жақсы бітірді. Флейтаны үйретететін қазақ қызын таба алмай, орыс апайдың сыныбында оқуға тура келді. Абайдың әндерін алғашқы концерттерінде-ақ орындай бастады. Сүйсініп тыңдаймын. Ұрпағыма Абайды дәріптеудің бір шетін болса көрсетуге тырысып бақтым. Қиналсам, мұңайсам Абайдың қара сөздерінен жауап іздеймін. Тереңдік, тұңғиық таза философия Абайдың көкірегін кернеп, қазақ санасына қозғау салыпты, әлі күнге дейін өміршеңдігі мәңгілік екенін дәлелдеп келеді.
Абайы бар қазақ бақыттымыз. Абай мұрасы ұрпаққа азық, бүкіл қазақтың мәртебесі. Абай еңбектері ұлттық жазба әдебиетінің ғылыми жауһары. Нағыз идеологияның көкесі Абайдың қаламында жатыр. Неге біз алыстан іздей береміз? Әлем таныған Абайдың қадірін әлі толық біле алған жоқпыз. Дегенмен де серпіліс бар. Қазақтың бойындағы кемшілігін айта отырып, санасына қозғау салуы, озық мәдениетке де телеуі ұрпаққа қалдырған ұлттық тәрбиенің ғылыми негізі – ескірмейтін өшпес мұра. Сонау он төрт жыл бұрын ішімде бұғып, қысылып, тұншығып қалған дүниенің сыртқа шығуына Дархан Мыңбайдың жазбасы себеп болды. Киелі жерге киелі ат беріліп, иесін тауып Абай облысы рухтанды, Ұлы Абай рухы шаттанды. Ары қарай дамыту көптің ісі. Тектілік пен естілік бауырлас ұғым бір Абайдың бойында.
Абай іліміне үңілсеңіз ұлттық намысты жетілдіру – бас мәселе. Абай намысты қоғамды аңсайды. Ұлы ойшыл Абайдың мұрасын дәріптеу, қастерлеу, ұрпақтан ұрпаққа таратуға үлес қосу баршамызға аманат.
«AMANAT» партиясы Түркістан облысы атқарушы хатшысының орынбасары,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты