Оқу-ағарту министрлігі мен Ақтөбе облысының әкімдігі «Цифрлық технологияларды қолдана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасын іске қосты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, еліміздің 6 өңірінде шағын жинақталған мектептердің басшылары мен педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру курстары басталды. Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының 2 мыңнан астам педагогі шағын жинақталған мектептерде оқу процесін цифрландыруда білім алып жатыр. Курстар «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы әзірлеген екі білім беру бағдарламасы («Шағын жинақталған мектептерді басқарудағы цифрлық шешімдер» шағын жинақты мектептердің басшылары үшін және «Пәндерді оқытуда цифрлық ресурстарды пайдалану» шағын жинақты мектептердің педагогтері үшін) бойынша жүргізіледі.
Оқытудан кейін шағын жинақталған мектептердің директорлары білім беру жүйесін диджитализациялаудың нормативтік-құқықтық және теориялық негіздерін меңгеріп, цифрлық өзгерістер жағдайында пәндерді оқытудағы тәсілдерді жаңарту үшін мектептің білім беру ортасын бейімдей алады. Шағын жинақталған мектеп мұғалімдері цифрлық немесе аралас оқыту форматының, синхронды және асинхронды коммуникацияның, саралау мен дараландырудың, кері байланыс беру үшін онлайн-сервистердің стратегиялары мен әдістерін пайдалана отырып, сабақтарды жоспарлауды үйренеді.
Жобаны барлық өңірге масштабтау 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Алты аймаққа жоспарланған курстар қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Барлығы 5 мыңнан астам педагог оқытылады.