Мәжіліс Спикері, партия төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен Парламент мәжілісінде «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы басталды, деп хабарлады turkystan.kz.
Партиялықтар Мемлекет басшысы Жолдауының жүзеге асырылу барысы туралы Үкімет ұсынған мәліметті тыңдады.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде әділдік пен демократия принциптерін орнықтыру және нығайту жолында жүйелі түрде, кезең-кезеңімен жағдай жасауда. Соның дәлелі – көп партиялы Мәжіліс жасақталды. Әр түрлі көзқарастағы азаматтар депутат мандатын алды. Тағы бір көрінісі – Мемлекет басшысының бастамасымен биыл алғаш рет жеңіске жеткен партия Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынды», – деді Ерлан Қошанов.
Өз сөзінде Мәжіліс төрағасы жаңа саяси маусымның қарсаңында «AMANAT» партиясы тағы бір дәстүрді бастағалы отырғанын мәлімдеді.
«Алғаш рет Фракция отырысында Президенттің жолдауларының орындалуы жөнінде Премьер-Министрдің ақпаратын тыңдайтын боламыз. Сондықтан басым дауысқа ие болған партия ретінде Фракция отырысына Үкімет басшысын арнайы шақырып отырмыз», – деді Қошанов.
Сондай-ақ жиынға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қатысуда.
Ол өз сөзінде депутаттарды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019-2022 жылдарға арналған жолдауларының орындалу барысы туралы хабардар етеді.
«Барлық бағдарламалық құжаттар халқымыздың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бұл тапсырмалар қиын кезеңде, үнемі туындап отыратын сыртқы және ішкі сын-қатерлер жағдайында іске асырылды. Дегенмен жалпы қойылған міндеттер жүзеге асырылды, ал ұзақ мерзімді және жүйелі тапсырмалар орындалу барысында», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.