Осы жылдың 28 қыркүйегінде бейсенбі күні Астанада қазақ тіліне аударылған ABLLS-R сөйлеу және үйренудің негізгі дағдыларын бағалау құралының тұсаукесері өтті. Құралды «Болашақ» корпоративтік қоры ағылшын тілінен қазақ тіліне аударған. Қазақ тілі ABLLS-R аударылған 12-тіл болды. Бұрын ол араб, қытай, француз, грузин, иврит, жапон, норвег, португал, орыс, испан және украин тілдеріне аударылған. ABLLS-R аудармасымен мамандар тобы жұмыс істеді, оның құрамына кәсіби аудармашылар, қордың мінез-құлық талдаушылары, инклюзивті білім беру саласындағы сарапшылар кірді. Аудармашы: Мира Сембайқызы, редакторлары: Жазира Ескендірова, Назгүл Нұрмағанбетова, Салида Абрахманова. Аударманы жасауға 2 жыл уақыт кетті.
Тұсаукесер аясында қордың мінез-құлық талдаушылары ABLLS-R-мен жұмыс істеу бойынша қазақ және орыс тілдерінде тренингтер өткізді. Оқыту тренингтерінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен 120-дан астам маман, оның ішінде мұғалімдер, ассистент-педагогтер, психологтер, логопедтер, дефектологтер, сондай-ақ ерекше балалардың ата-аналары оқудан өтті.
«Болашақ» корпоративтік қоры 2015 жылдан бастап Қазақстанда инклюзивті білім беру моделін құру және енгізу мақсатында «Әр бала мектепке баруға лайықты» қайырымдылық жобасын іске асыруда. Кәсіби әдебиетті қазақ тіліне аудару – жоба бағыттарының бірі. 2021 жылы Ю.Ерц пен О.Мелешкевичтің «Ерекше балалар. Қолданбалы мінез-құлық талдауына кіріспе» кітабы қазақ тіліне аударылды. Бұл қолданбалы талдау бойынша қазақ тіліне аударылған тұңғыш кітап болды.
«Кәсіби әдебиетті аударудың арқасында біз қазақтілді мамандарға түзету педагогикасының озық әдістемелеріне қол жеткізуге мүмкіндік береміз, осылайша еліміздегі ерекше балалармен жұмыс тиімділігін арттыру үшін жағдай жасаймыз. Бүгін біз аударған кітапты таныстырып қана қоймай, сонымен қатар біздің мамандар Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мамандарды ABLLS-R бағалау құралымен қалай дұрыс жұмыс істеу керектігін үйрететін болады. Балаларымыздың тиімді білім алуы үшін инклюзивті білім берудің сапалы жүзеге асырылуы біз үшін өте маңызды. Сондықтан біз әдебиеттерді аударумен қатар, мамандарды оқытуға, инклюзивті білім беру саласында жұмыс істейтін қазақстандық педагогтердің білімі мен құзыреттілігін арттыруға көп көңіл бөлеміз. Біз ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеу және олармен жұмыс істеу бойынша педагог-ассистенттерге арналған мінез-құлықты қолданбалы талдау (АВА-терапия) негіздерін оқыту бойынша оқу курсын әзірледік және іске қостық. Бүгінде біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Орталық Азия елдерінен 3 000-нан астам маман оқыттық», – деді «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.
Іс-шараға «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан, мінез-құлық талдаушылары, инклюзивті білім беру саласындағы сарапшылар, сонымен бірге аймақтардан келген мамандар мен ерекше балалардың ата-аналары қатысты. Кітап авторы Джеймс Партингтон қатысушыларға бейнехабарламада сөз сөйлеп, кітаптың артықшылықтарын және оның оның қазақ тіліне аударылуының маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Болашақ» қайырымдылық қоры менің жұмысымды қазақ тіліне аударып, қазір ол Қазақстанда қолжетімді болғанына қуаныштымын. ABLLS-R әдеттегідей дамып келе жатқан бес жасар баланың деңгейінде баланың дағдыларына толық шолу жасайды. Бұл өте маңызды, өйткені бес жасар баланың көптеген дағдысы бар және ол басқа адамдарға қарап, оларды тыңдап және олармен өзара әрекеттесуі арқылы үйренуге қабілетті. Олар күнделікті тәжірибелер негізінде үйренеді, оларға кейбір нақты дағдыларды үйрену үшін біраз нұсқаулар қажет. Оларда дәрет сындыру, қолын жуу, тамақтану және т.б. қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін өзін-өзі күту дағдылары бар. Сондықтан әдеттегі бес жасар баланың дағдыларына қарасақ, бұл – жақсы көрсеткіш, өйткені аутизм диагнозы бар көптеген бала үшін әдеттегідей дамып келе жатқан балалар оңай үйренетін дағдыларды меңгеру қиынға соғады. Біздің мақсатымыз – осындай балаларға мүмкіндігінше осы құзыреттілік деңгейіне жетуге көмектесу үшін мамандар мен ата-аналарды біріктіру, осылайша біз оларға күнделікті өзара қарым-қатынас жасау арқылы оқып-үйренуге көмектесе аламыз», – деді ABLLS-R авторы Джеймс Партингтон.