Бүгін эвакуацияның бірінші кезеңі жүзеге асырылып, нәтижесінде «Рафах» бақылау-өткізу пункті арқылы Газа секторынан Мысыр аумағына 92 Қазақстан азаматы мен олардың отбасы мүшелері өтті.
Бұл туралы Kazinform ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазақстандық дипломаттар отандастарымызға барлық қажетті консулдық-құқықтық және психологиялық көмек көрсетті. Шекарадағы рәсімдерден кейін біздің азаматтарымыз колонна құрамында жолға шықты және жақын арада Каир қаласына жетеді», – делінген хабарламада.
Айта кететін жәйт, ҚР азаматтарын Газа секторынан эвакуациялау кезең-кезеңмен жүргізілуде. Осы орайда қазақстандық дипломаттар Израиль, Мысыр, Палестина ұлттық әкімшілігінің құзыретті органдарымен және басқа да халықаралық ұйымдармен қалған отандастарымызды анклавтан эвакуациялау бойынша жұмысты жалғастырады.
Қазақстандықтар Газа секторынан Каирге аман-есен жеткізілгеннен кейін ҚР Үкіметі оларды елге жеткізу үшін эвакуациялық борт жолдайды.