Елімізде мектептер мен жұмыс берушілер азаматтардан анықтаманы жиі заңсыз талап етеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Біз Big Data мүмкіндіктерін де қолданып жатырмыз. Бүгінгі күні 6,3 млн отбасының деректері цифрланды. Сол арқылы адамдар қай қызметті ең көп сұрайтынын білдік. Ол — әлеуметтік маңызды 18 қызмет, көпбалалы отбасына, мүгедектігі бар адамға, асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы мен төлемақылар. Бұл қызметтер проактивті түрде көрсетіледі. Шамамен 800 мыңдай. Бірақ, бір үлкен проблема бар, ол — базадағы қателер», — деді министр.
Осы ретте ол әр органға өзіне жүктелген базадағы деректерді тексеріп, қатені дұрыстауды ұсынды.
«Big Data-ның тағы бір мүмкіндігін айтайын. Жыл сайын бір жерден екінші жерге 50 млн анықтама тапсыру қажет болады. Соны цифрлық форматқа көшірдік. Яғни, оның талап етілуін жойдық. Бірақ, анықтаманы негізсіз талап ету әлі де орын алып отыр. Көбіне оны сұрайтындар — мектеп пен жұмыс берушілер. Келесі жылы өкілетті екі министрлікпен бұл проблеманы толық шешеміз. Анықтаманы заңсыз талап еткені үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізуді сұраймыз», — деді Бағдат Мусин.