Алматыда мемлекеттік бағдарламалар бойынша 2023 жылдың соңына дейін 6 мыңға жуық отбасы баспаналы болады. Бұл туралы баспасөз мәслихатында қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
«Жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарламалар бойынша кемінде 5 787 отбасын тұрғын үймен қамту жоспарда. Оның ішінде коммуналдық тұрғын үй қорынан 185 көпбалалы отбасы, 216 халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері және 1050 жұмыс істейтін жастар арендалық баспана алады.
Оның айтуынша, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 2 мың жалдамалы пәтер қарастырылған. Қазіргі уақытта оларды сатып алу бойынша іс-шаралар жүргізілуде. «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша кезекте тұрғандар үшін 1236 отбасы несиелік баспана алса, кем дегенде 1100 отбасы үймен қамтамасыз етіледі.
«Коммуналдық тұрғын үй қорынан жалға берілетін баспана тұрғандарға кезек тәртібімен ғана беріледі. Оның ашықтығын айқындау үшін бірыңғай республикалық электрондық деректер базасы, яғни электрондық кезек қолданылады. Сондай-ақ тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтар кезекке қойылған күніне қарамастан ерікті сипаттағы «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» сияқты жеңілдетілген несиелік бағдарламаларға қатысуға құқылы. Бағдарлама операторы – Отбасы Банкі», – деді басқарма басшысы.
Спикердің сөзінше, бүгінде мегаполисте тұрғын үй кезегінде 41 885 азамат тұр. Оның 2 417-сі – жетім балалар, 6 378 көпбалалы отбасы, 18 690 адам – халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққандар, 14 399-сы – бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері және 1 тұрғын үйі апатты деп танылған азамат.
Алматы қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев коммуналдық қызметке де тоқталып өтті.
«Қаланың көше-жол желісін тазарту жұмыстарын 10 мердігер ұйым жүзеге асырады. Оның жалпы көлемі – 25 млн шаршы метр. Аталған аумақтың 70 пайызын немесе 16,5 млн шаршы метрін «Алматы Тазалық» кәсіпорны жинайды. Қалаға коммуналдық қызмет көрсету үшін 1 007 бірлік арнайы техника және 1 240 жол жұмысшысы тартылады. Күндізгі уақытта көшелерді тазалауға шамамен 600 техника мен 1 008 жол жұмысшысы шығады», – деді ол.
Айтуынша, қала аумағын жинау бойынша еңбек өнімділігін арттыру мақсатында қол еңбегін механикаландырылған тазалауға кезең-кезеңімен ауыстыру жоспарланып отыр.
«Жұмыстарды жүргізудің сапасы мен жеделдігін жақсарту үшін, әсіресе қысқы кезеңде, Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша «Алматы тазалық» кәсіпорны үшін 101 бірлік арнайы техника сатып алынды. Оның ішінде қаланы дамытуың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру және 2030 жылға дейінгі «ауа сапасын жақсарту», «қолайлы қоршаған орта» бойынша жол картасын орындау үшін, 18 көпфункционалды электр тартқышы бар тротуар-жинау машиналары сатып алынды», – деді Данияр Қырықбаев.
Бұдан бөлек, «Алматы тазалық» қаражаты есебінен жол жұмысшыларын тасымалдауға арналған 3 автобус және канал жуу жабдығы бар аралас техника сатып алынды.
«2023-2024 жылдардағы қысқы кезеңде жұмыс істеу үшін 818 техника дайындалды. Әуезов аудандық учаскесінің құм базасының аумағында қуаты тәулігіне 1 200 текше метр қар еріту пунктін салу жоспарланып отыр. Қала аумағын дератизациялау бойынша екінші күзгі кезеңнің жұмыстары аяқталды. Жыл сайын аумақты қоқыстан тазарту және ағаш отырғызу бойынша қалалық сенбіліктер жүйелі түрде өткізіліп отырады», – деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар ол қаладағы лифттердің техникалық жағдайы туралы айтты.
«Қалада 12 836 лифт жұмыс істейді, оның 6 885 бірлігі қаланың тұрғын үй қорында. Айта кетерлігі, Қазақстан Президентінің 2021 жылғы 17 наурыздағы Алматы қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі кеңесте берген тапсырмасына сәйкес жаңарту мәселесі, ескірген лифт паркінің үлесі төмендеді. Биыл 86 көпқабатты тұрғын үйде 155 лифт жабдығын ауыстыру жоспарланған. Сондай-ақ лифттерді реконструкциялау, жаңғырту және консервациялау бойынша 5 жоба келісілді», – деп атап өтті ол.
Мегаполисте 900-ге жуық басқару органдарына қызмет көрсететін 8 879 көпқабатты тұрғын үй бар.
«Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын реформасын іске асыру үшін біз жол қалалық картасын бекіттік, 300-ге жуық кездесу өткіздік. Сондай-ақ 4500-ге жуық тұрғынға Call-центр арқылы кеңес берілді. Бүгінгі таңда 1 441 пәтер иелерінің бірлестігі тіркелді және 4 672 қарапайым серіктестік таңдалды. Барлығы 6 113 жаңа басқару нысаны 6 600 көпқабатты тұрғын үй қамтылды», – деп толықтырды басқарма басшысы.
Сонымен қатар ол Алматыда 2023 – 2029 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғындар кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне 8 жылдан 15 жылға дейінгі қайтарымды негізде күрделі жөндеуді жүзеге асыра алатынын тілге тиек етті.
«Алматы Тұрғын үй» ЖШС 2023 жылы 100 көпқабатты тұрғын үйде жөндеуді аяқтауды жоспарлаған болатын. Бүгінгі күні 86 көпқабатты тұрғын үйде жұмыстар аяқталды. Қалған 14 көпқабатты тұрғын үйде жөндеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр», – деді ол.