Арқар атқан Түркістан облысының тұрғыны мемлекетке 15 млн теңге төледі, деп хабарлайды Kazinform.
Заңсыз аң ату фактісі биылғы жылдың маусым айында тіркелді. Созақ ауданы Қозмолдақ ауылының тұрғыны 8 маусым күні үйінде заңсыз сақталған атыс қаруын алып, ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан «Басқы айрық» таулы сайына арқар аулауға барған. Содан сағат 14:00 шамасында сирек кездесетін және құрып кетуі қаупі төнген арқар жануарын атып алған.
Инспекторлар заңсыз аң аулаушыны оқиға орын алған аймақтан ұстады. Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы қызметкерлері акт түзіп, күдіктіден атыс қаруы мен 18 дана оқ және аңшы пышағын, арқардың басы мен сирағын және етін тәркіледі. Аталған жағдай бойынша ҚК-тің 287 бабының 3-бөлігі және 337 – бабы 4 – бөлігінің 2,4) тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілді. Нәтижесі бойынша іс сотқа өтті.
«Бәйдібек аудандық сотының үкімімен сотталушы ҚК-тің 287 бабының 3-бөлігінде және 337 – бабы 4 – бөлігінің 2,4) тармақтарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сондай-ақ, ҚК-нің 58 бабының 3 бөлігі негізінде онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру бойынша түпкілікті 7 жылға аңшылық кәсіпшілікпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Сотталушы мемлекетке залал келтірген 15 525 000 теңгені толығымен төледі», – деді Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының заңгері Қарлығаш Жарменова.