Жаңа нысан 5 ауданның халқын сапалы әрі үздіксіз электр қуатымен қамтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Kazinform.
Келес ауданында қуаты 220/110/10 кВ болатын өңірдегі ең үлкен «Қызыләскер» электр станциясы ашылды. Бұл стратегиялық нысанның іске қосылуы ұзақ жылдарға созылып, биыл жүзеге асып отыр. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, көпшілікті тарихи сәтпен құттықтады.
«Облыста энергияны тұтыну қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Осы бағытта Түркістан облысында жұмыс жүріп жатыр. Соның бірі – бүгін іске қосылғалы тұрған 220 киловольттық «Қызыләскер» қосалқы станциясы. Бұған дейін облыстың оңтүстік бөлігінде осындай қуаттағы қосалқы станцияның болмауына байланысты электр қуаты нормативтік талаптарға сәйкес келмейтін әрі бағасы қымбат еді. Сондықтан берілетін электр қуатының сапасына кері әсерін тигізіп, электр желілеріндегі шығынын көбейтетін. Енді бұл мәселе шешіліп, 5 ауданның 800 мыңға жуық тұрғыны сапалы қуат көзімен қамтылатын болды. Бүгін «Қызыләскер» қосалқы станциясын іске қосып, алдағы жылдың қаңтар айында осы қосалқы станциядан қуат алатын 110 киловольттық 91 шақырым электр желісін іске қосамыз» – деді облыс әкімі.
Аталған электр станция арқылы 5 оңтүстік ауданда жарық мәселесі шешіледі. Атап айтқанда, жаңа нысан Келес, Мақтаарал, Сарыағаш, Жетісай және Шардара аудандарының 800 мыңға жуық халқын, әлеуметтік, шағын және орта бизнес нысандарын сапалы әрі үздіксіз электр қуатымен қамтуға мүмкіндік береді.