АСТАНА. KAZINFORM – Әкімдіктер өңірлік электр желілерін дамыту жұмыстарынан шеттеп қалды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты.
«Батыс энергетика аймағын Бірыңғай ұлттық жүйеге қосу мәселесі шешімін таппай отыр. Сондықтан, «KEGOС» компаниясы осы жылы «Ақтөбе-Атырау» электр беру желісін салу жұмыстарын бастауы керек. Бүгінде Энергетика министрлігі жаңа газ генерациялау объектілерін салу орындарын айқындады. Олар – Қызылорда, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау және Ақтөбе қалалары», – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр осы жобаларды іске асыру үшін ақпан айының соңына дейін қажетті рәсімдерді бастау қажеттігін баса айтты.
«Әкімдіктер өңірлік электр желілерін дамыту жұмыстарынан шеттеп қалды. Өңірлік электр желілік компаниялары өздерінің инвестициялық бағдарламаларының жасалуы мен орындалуын бақылап отырған жоқ. Бұған желтоқсан айында еліміздің солтүстік өңірдерінде электр қуатының жаппай өшіп қалуы дәлел. Жергілікті атқарушы органдар өңірлік электр желілік компаниялардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етуі тиіс», – деді Үкімет басшысы.