«Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен республика бойынша 9 млн гектардан астам жер қайтарылды.
Парламент мәжілісінің отырысында депутат Мақсат Толықбай Қазақстан Республикасы Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин және ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, жер қатынастарына туралы заңсыздықтарды атады.
Оның айтуынша, Үшқоңыр үстіртіндегі жерлер жеке меншіктің иелігіне заңсыз өтіп кеткен.
“Алматы облысындағы Үшқоңыр үстіртіне барар жолды басынан-аяғына дейін мұздай қаруаланған топ күзетеді. Жол жоқ емес, бар. Бірақ жабық. Көзіммен көріп, сол таудың етегіндегі елмен тілдескен соң, депутаттық сауалға арқау болы отыр.
Бірінші. Үшқоңыр Іле Алатау паркіне қарайтындықтан, ол аумақты Ұлттық парктің күзетшілері күзету керек емес пе? Әлде, бұл тау «ДүниеАгро» компаниясына атасынан мұра болып қалған ба? Қыратқа кіреберістен 8 шақырым қашықта орналасқан Резиденцияның аумағы ғана қоршалып, шлагбаум қойылса тағы бір сәрі… Ал, жан баласын жуытпай, тауды айналдыра қоршап тастау – барып тұрған бассыздық.
Қарасай ауданының тұрғындары өз жеріне өз малдарын жая алмай, пұшайман күйде отыр.
Біз AMANAT партиясы жайылым тапшылығын шешу үшін арнайы «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен республика бойынша 9 миллион гектардан астам жер қайтарсақ, ал оның осы аймақтан 1400 гектары ел игіліне берілді. Сөйтсек, онымыз бекер екен, «аманаттық» ағайын! Жұртқа қажет жайылым жердің бәрі жаңағы қоршауда қалып қойған. Осылайша жұрттың өз жеріне кірмек түгілі жаңағы қарулы бекеттен өтуге дәті жетпей жүр.
Халық қалаулысының сөзінше, «ДүниеАгро» ЖШС-не 2004 жылы «Үшқоңыр» үстіртінде орналасқан жүздеген гектар жерге меншік құқығы заңсыз берілген.
“Өйткені, заң талаптары бойынша, (23-бап, 50-бап, 8 және 43-бап) арнайы мақсаттағы жерлерді заңды тұлғалардың жекешелеп алуына құқығы жоқ. Тіпті оны бөлуге де келмейді. Бұл нормаларды жергілікті прокуратура жақсы біледі. Бірақ, жердің заңсыз берілу фактісі бойынша прокуратураның талаптарын сот қанағаттандырмай тастаған. Сорақысы да сол болып тұр. «Сонда Қазақстан Республикасының заңына шекесінен қарайтын бұл не қылған шектен шығу?», – деген халықтың базынасына қалай жауап береміз?!
Бұдан басқа, “Үшқоңыр” үстіртінде «Steppe AgroMeat», «Breeding Company» сияқты екі-үш компания 13 597 га жерді әлі күнге дейін мақсатсыз пайдаланып отырғаны анықталды. Шұғыл қайтару керек! Алайда, алпауыттармен алысуға әкімдік пен аудан прокурорларының пәрмені жетпей, тағы да дәрмені құри ма деген күдік те жоқ емес. Сондықтан, Алматы облысының Қарасай ауданында болып жатқан заңсыздықтарға Бас прокуратура мен Үкімет шұғыл назар аударып, Арнайы комиссия құрып, жоғарыда мен келтірген мәселелерге тиісті құқықтық баға беруі тиіс деп есептеймін. Президенттің ел игіліне қайтарылуы қажет жайылымдық жерлер бойынша тапсырмасын нақты орындауымыз керек!, – де”ді ол.